Мақсат – тұрақты жұмыс орындарын көбейту
«AMANAT» партиясы қоғамда әлеуметтік және әділеттілік қағидаттарын орнықтыруға баса мән береді. Мемлекетімізді нығайту және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша миссиясы екенін «аманаттықтар» ұдайы назарда ұстап келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» және 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында елдегі әлеуметтік және әділеттілік мәселелерге айрықша орын берілген. Бұл еліміздегі жетекші партияның жаңа бастамаларына жол ашып, партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға өз септігін тигізіп отыр. Бағдарламаны орындау мақсатында барлық аймақтарда «Жол картасы» әзірленіп, ондағы міндеттерді орындаудың нақты іс-шаралары белгіленді.
Партияның 2021-2025 жылдарға арналған «Жол картасында» бекітілген жоспарға сәйкес, өзім сайланған Арыс қаласы мен оған қарасты елді мекендерде атқарылуға тиіс іс-шаралар тізбегі бекітілген. Осыған орай тұрғындармен кездесулер, елімізді жаңғыртудың жаңа бағыт-бағдарын түсіндіру, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге назар аудару, аудан және қала тұрғындарымен қоғамдық қабылдаулар өткізуге айрықша көңіл бөлініп келеді. Қазір қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту және әкімдік тарапынан шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек өнімділігін арттыру мәселелері біртіндеп шешімін табуда. Мәселен, арыстық кәсіпкер Әлішер Мұратұлының құрылысқа қажетті пластикалық панельдер шығаратын «Мega-agat» ЖШС-нің өндірістік цехында бүгінгі таңда 30-дан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс істейді. Бұдан бөлек серіктестік көлік-логистикалық орталық ретінде өз қызметін көрсетеді. Бір мезетте 1000-1200 тонна жүк сақтай алатын логистикалық орталықта 15 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Теміржолдың кіреберісінде орналасқан орталықта жүк көліктерінің тасымалдау қызметі мен кедендік қызмет түрлері де өзара үйлестірілген.
Мемлекет басшысының 10 мың адам тұратын елді мекенде кемінде 100 тұрақты жұмыс орнын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Арыс қаласында жыл соңына дейін 400-ге жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 28 мекемеде 129 азамат жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін тағы бірнеше жұмыс беруші мекеме өз жұмыстарын бастайды деп күтіп отырмыз.
«AMANAT» партиясының алға қойған міндеттерінің бірі – халықтың әл-ауқатын арттыру. «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасы аясында аудан көлемінде бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Қала тұрғындарын сапалы таза ауыз сумен қамту, тұрғын үйлерге табиғи газ жеткізу, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарымен қамтамасыз ету – партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген негізгі міндеттерінің бірі. Бұл бағытта Арыс қаласына биыл ауыз су құбыры мен электр желісі тартылады. Сонымен қатар қаланың бірқатар шағынаудандарында ауызсу құбыры жүргізіледі. Атап айтқанда, «Көктем-2», «Саяжай-1», «Саяжай-2», «Саяжай-3» шағынаудандарында бактерицидтік қондырғылары бар су сорғы стансаларын салу жоспарланған. Қазір «Тараз» тұрғын үй алабына орталықтандырылған кәріз жүйесін жүргізу мен электрмен жабдықтау желілерін тарту (мұның ішінде «Саяжай» тұрғын алабы да бар) жұмыстары басталды. Бұған қаржы республикалық бюджет есебінен қарастырылып отыр.
Партия тарапынан арнайы кестеге сай өткізілетін қоғамдық қабылдаулар күрмеулі проблемаларды шешуге өз септігін тигізіп келеді. Бүгінге дейін партияның Арыс қалалық филиалында, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдерде 3 рет, «Монтайтас» және «Шағыр» ауыл әкімдіктерінде 1 рет көшпелі қоғамдық қабылдаулар өткізілді. Жалпы, 32 азаматты қабылдап, оның ішінде 9 мәселе бойынша түсініктеме берілсе, 17 мәселе толық шешімін тапты. 3 мәселе бойынша тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауал жолданса, қалғандары бақылауға алынды.
Бұдан бөлек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 3 наурызындағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығында: «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, 17 маусым күні облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласы тұрғындарымен кездескен болатын. Сол кездесуге Арыс қаласынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты әрі мәслихаттағы «AMANAT» партиясының фракция жетекшісінің орынбасары ретінде қатыстым. Кездесуге орай ұлттық және жекпе-жек спорт түрлері мектебінде арыстық қолөнер және көркемөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге негізінен мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант арқылы өз кәсібін ашқан кәсіпкерлердің жұмыстары қойылды.
Қайтарымсыз грант алғандардың бірі – Ақдала ауылдық округінен келген Есенқұловтар отбасы. Олар «Еңбек» бағдарламасы арқылы 555 мың теңге грант ұтып алып, оған заманауи үлгідегі тігін машинасын сатып алды. Ал, қолөнерді жастайынан серік еткен ұлы, ағаш шебері Ерболат Жанша «Жастар жылы» аясында өткізілген байқауға қатысып, 3 млн. теңгелік грантқа қол жеткізді. Олар осы қаржыға өздеріне қажетті құралдар сатып алып, шеберханасын жабдықтап алды. Бүгінде өнерлі отбасы мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіптерін кеңейтіп, өз білгендерін ауылдастарына да үйретуде.
Көрмеде өз өнімдерін паш еткен ұжымдардың бірі – «Арай» өндірістік кооперативі таза табиғи былғарыдан жылына 5000 мың жұп аяқ киім дайындайды. «Арай» ОК-і 2018 жылы «Агробизнес–2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4,8 млн.теңге, ал, 2019 жылы «Қамқор» бағдарламасымен жылдық мөлшері 1 пайызбен 5 млн. теңге несие алып, кәсібін деңгелетіп отыр. Кооператив басшысының айтуынша, алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, оларды еліміздің өзге де өңірлеріне жеткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта цехта 10 адам тұрақты жұмыс істейді.
Ал, «Свежо» серіктестігінде сабын шығару ісі жолға қойылған. Шаруашылық мақсаттағы сабын өндірумен айналысатын серіктестік айына 30-40 тонна өнім шығарады. Қазір мұнда 5 адам жұмыспен қамтылған. Серіктестік басшылығы алдағы уақытта өнім көлемін 1000 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Арыс қаласында орналасқан «Арыс минералды су» ЖШС жылына 18 млн. литр минералды су өндіреді. 30 адам тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорында су 1800 метр тереңдіктен алынады. Судың емдік қасиеті мол. Ол жөнінде арнайы зертханалық институттың қорытындылары алынған. Қазіргі таңда серіктестік 0.5, 1, 1.5, 5 және 19 литрлік құтыларға газдалған және газдалмаған су құйып шығаруда. Олардың өнімі бүгінгі таңда Арыс және Түркістан қалаларынан бөлек, облыстың барлық аудандарына жеткізіліп жатыр. Алдағы уақытта Арыс минералды суы республиканың өзге де облыстарына жіберіледі.
Облыстық мәслихаттың депутаты және партия филиалы жанындағы «Білім беру және денсаулықты сақтау мәселелері» жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары ретінде облыс тұрғындары жеке қоғамдық қабылдауыма келіп, түрлі проблемалар бойынша өз өтініштерін білдіріп жатады. Сонымен қатар, мәслихаттағы әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі ретінде де өңірдегі білім және денсаулық, мәдени-ағарту және әлеуметтік қамсыздандыру салаларына қатысты мәселелердің оң шешілуіне ықпал етіп келемін.
Мемлекет басшысының 2019 жылды «Жастар жылы», ал, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты тәрбиелік мәні зор шаралардың қалалық, облыстық және республикалық деңгейде өтуіне ықпал етіп, қаржылай қолдау көрсетіп келемін. Атап айтқанда, Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» КММ-не үнемі материалдық және қаржылай қолдау көрсетемін. Сондай-ақ, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларға қаржылай көмек беріп, балалар үйінде тәрбиеленген жастардың, үздік спортшылардың тегін білім алуларына өз үлесімді қосып жүрмін.
Жалпы, «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасында нақты істерді орындауда халықпен бірге болып, нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Ал, біз өз тарапымыздан ел алдындағы азаматтық борышымызды әрмен қарай да адал атқара береміз.
Рабиға ҚУАТБЕКОВА,облыстық мәслихат депутаты.