Атакәсіп – ұрпаққа нәсіп

0
126

Мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тауып, ісін дөңгелетіп отырған жастардың қатары артып келеді. Түлкібас ауданы, Құлан ауылының тұрғыны Ерсұлтан Тұрсын – тірліктің көзін тапқан осындай жас кәсіпкерлердің бірі. 

Былтыр ол  585 000 теңге қайтарымсыз грантты   жеңіп алып, ол қаражатқа бір сиыр мен бұзау сатып алған. Өзі – ІІІ топ мүгедегі. Бастаған кәсібін отбасымен бірге атқарады.  Бүгінде оның отбасы қолдан құрт, май, ірімшік жасап, ауылдағы малсыз күн көріп отырғандарға сатып, табысын арттыруда.

– Мемлекет тарапынан беріліп жатқан қайтарымсыз несие кәсіп бастауға үлкен мүмкіндік береді. Мен де осы қолдау арқылы өз ісімді бастағандардың бірімін. Қорамда 3 сиыр, 3 бұқа бар. Бесеуі тауда. Бір сауынды сиырды үйде ұстаймын. Сүтін сауып, құрт-май істеп сатамыз. Тұрғындар сүт өнімдерін үйден алып кетеді. Негізінен құртқа алдын-ала тапсырыс беріп алатындар  көп. Алдағы уақытта мал шаруашылығын дамытқым келеді. Қорамдағы малдың санын арттырып, ферма ашу жоспарда бар, – дейді ол. «Мал шаруашылығымен айналысуға шыдам керек. Барлығы бірден бола салмайды. «Мал баққанға бітеді» демекші, малдың бейнеті көп. «Неше түрлі қиын кездер болды».

Қыстың күні малдың шөбі аздау болып, қыс қатты болса, көтерем болып қалуы мүмкін. Оның үстіне малшылар жақсы қарамаса, мал ұстау, оның бабын келтіру қиын. Кейіпкеріміз мал шаруашылығымен айналысқысы келген адамның білекті сыбанып, қолға таяқ ұстап, малдың соңынан қалмай, оны күтіп-бағатын болса рахатын көретінін айтады.

Бүгінгідей қымбатшылық жайлаған заманда жұмыссыз отыру кімге ұнайды дейсіз?! Тек істің көзін таппай жүргендер, мемлекеттік қолауды тиімді пайдаланбайтындар көп. Әйтпесе, ауылда жұмыс жоқ емес. көп қой, көп…

Ұлас Нұржанқызы.

Leave a reply