Қасиетті су сатылымға шықты

0
58
Түркістан қаласында «Turkistan» сауда маркасымен бөтелкедегі ауыз су шығарыла бастады.  Таяуда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Аслан Ибадуллаев «Түркістанның қасиетті суы» кәсіпорнының жұмыс барысымен танысты. 
«Түркістанның қасиетті суы»  60 метр тереңдіктен шығады. Бұл ешқандай  қоспасыз, минералдарға бай су. Кері осмосты қолданумен ультракүлгін сәулелерімен өңделеді. Және ол арнайы құрылғылардың көмегімен бөтелкеге құйылады. «Түркістанның қасиетті суында» кальций, магний, калий, йод, натрий және басқа микроэлементтер бар.
Өздеріңіз білетіндей, кальций жүрек бұлшық етінің жиырылу күшін арттырады, иммунитетті жақсартады. Қабынуға қарсы әсері де бар. Сүйектердің өсуіне оң әсер етеді, олардың беріктігін нығайтады. Магний қандағы холестеринді төмендетеді, жүйке жүйесіне пайдалы әсер етеді. Сондай-ақ, бас ауруын жеңуге көмектеседі, жүрек пен тыныс алу жүйесін қолдайды. Йод қалқанша безінің қызметін белсендіреді, резорбция және қалпына келтіру процестеріне қатысады. Марганец ақуыз алмасуын жақсартады. Бұл судың денсаулыққа пайдасы зор. Түркістан – екінші Мекке саналатын қасиетті жер, әрбір келген қонағымыз біздің қасиетті суымызды тұтынады. Болашақта атақты брендке айналдыру жоспарда бар», – дейді кәсіпорын басшысы Мұхтар Бекжанов.
Кәсіпорын толықтай автоматтандырылған. Су өңдейтін құрылғыны кәсіпкер 100 мың АҚШ долларына шетелден сатып әкелген екен. Қазіргі уақытта өндіріс орны күніне 1000 литр су шығаруға қауқарлы. Сондай-ақ, шыны ыдысқа су құюға арналған арнайы жабдықпен қамтамасыз етілген. Оған қоса алдағы уақытта  шай түрлерін шығару жоспарда бар.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған