Балыққа да бап керек

0
123
Арыс ауданы, Дермене ауылдық округінің тұрғыны Мақсат Тоқболаев үш жылдан бері балық өсірумен айналысып келеді. Бұл шаруаны қолға алмас бұрын ол ұзақ ойланып, мақсатын нақты тиянақтап, тәуекелге бел буған. Содан бергі уақытта көргені мен түйгені, жинаған тәжірибесі күн өткен сайын арта түскен.
– Өзім бала күнімнен ауыл шаруашылығына қызығатын едім. Бірақ, ауылды жердің негізгі күнкөрісі мал мен егіс болғандықтан, бұл кәсіпке шындап ден қоймай жүрдім. Әйтсе де Қазақстанның барлық өңірінен жылдың кез келген мезгілінде балық аулап қайтатынмын. Бұл салаға қызығатын болғандықтан біраз мәліметтер жинақтадым. Мәселен, еліміз Ресей, Украина, Литва, Қытай, Әзірбайжан, Грузия, Израиль, Өзбекстан елдеріне балық өнімдерін экспорттайды. Ал, көксеркеміздің еті Германия мен Нидерландыда қазақстандық бренд болып саналады. Осындай ақпараттарға қанығып алған соң ақыры балық шаруашылығын қолға алуды ұйғардым, – дейді Мақсат.
Оның бұл бастамасын Дермене ауылдық округінің әкімі Жұманәлі Кәдиев те қолдап, ауылдан арнайы жер беріпті.
– Тірлікті бастап кету оңай болған жоқ. Бейтаныс саланың қыр-сырын меңгеру үшін тәжірибелі ағаларымызбен ақылдасып отырдым. Шардара қаласындағы «Хамит» өндірістік кооперативінің (ӘКК) басқарма төрағасы Бақытжан Серманизов ағамыз да ақыл-кеңесін аямады. «Мақсат, егер сен он мың қой өсіретін болсаң, оған он қора, тонналаған жем-шөп, жайылымдық жер керек болады. Оған қарағанда 100 мың балық асырағаның тиімді» деді Бақытжан ағамыз. Бәкеңнің осы сөзі тәуекеліме қамшы болып, 2019 жылы тірлігімді бастадым, – дейді кейіпкеріміз.
Мақсат Тоқболаев ауыл сыртынан жасанды бассейн қазып, оған Арыс өзенінен мотормен су тартып толтырған. Қызылорда облысының Арал ауданына арнайы барып әкелген балықтың ұрығын әкеліп шашады. Тірлігі енді жүре бастағанда Арыстағы атышулы жарылыс оқиғасы орын алып жас кәсіпкерді біраз шығынға батырып кетіпті. Бірақ, алғашқы сәтсіздікке мойымаған ол тағы да жаңа жер алып, ені 8, ұзындығы 30, тереңдігі 1,5 метрге жуық алты бассейн қазып, тірлігін қайтадан бастайды.
– Атакәсіп болмаған соң бұл саланың да құпиясы көп екен. Мәселен, балық жүзетін су 28/30 температурадан асып қызып кетсе жеген тамағын құсып тастайды. Балықтың ауруы болады, оны да дер кезінде байқап біліп отырамыз. Су ысып кетсе, селитраны, ластанып кетсе әкті пайдаланамыз. Ол балықтың дәміне әсер етпейді. Жалпы, бассейндегі судың кіріс- шығысын өте қатты қадағалаймыз.Балыққа да ерекше күтім керек. Бір жолы балығымды бір басейннен екіншісіне шелекпен тасып жүріп, біразын өлтіріп алдым. Кейін білсем күннің ыстығында орнын ауыстыруға болмайды екен. Бір әттеген-айы елімізде балықтардың морфологиясы мен анатомиясын, сыртқы ортаға бейімделуін, бейорганикалық және органикалық қарым-қатынасын, эмбриологиясын, этологиясын, балық ауруларын меңгерген ихтиолог мамандар жоқтың қасы. Бұл жағдайда осы кәсіппен жылдар бойы айналысып келе жатқан ағаларымнан ақыл сұраймын. YouTube арнасынан іздеп табамын.
Олардың азығына жүгерінің жармасы, бидай беремін. Өздерінің арнайы тамағы болады, бірақ, менің қалтама тура келмейді, – дейді жас кәсіпкер. Мақсат шағын шаруашылығын жүргізу үшін субсидия алмаған. Ол Астана қаласында құрылыспен айналысады. Сол еңбегінен тапқан табысының белгілі бір пайызын балық шаруашылығына салып отырады. Ең бастысы, бұл ісінің алдағы уақытта нәтиже беретініне сенеді.
– Өзбекстанның Шыназ деген ауылында күніне 100 тонна балық өндіреді екен. Олардың бассейні менікінен әлдеқайда кіші. Бұйыртса, менің де шығыным жабылып, табысым артады, ең бастысы, сенім жоғалмай, еңбектен қашпай жұмыс істеу керек, – дейді ол.
Ол бүгінде тек сазан ғана өсіреді. Алдағы уақытта басқа да балық түрлерін өсіріп, сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Қарамағында үш адам жұмыс істейді. Шаруашылығына бейнебақылау орнатып, қауіпсіздігін де қадағалайды.
– Балықтың бірінші «жауы» – адам. Одан кейін  түрлі құстар «қонаққа» келіп тұрады. Бір қызығы, соңғы кездері шағала пайда болды. Олардан да қорғанып отыру керек, – дейді ол.
Мақсат Тоқмолдаев өз ауданынан бөлек, қаладағы дәмханалардан да телефон соғып тапсырыс берушілер бар екенін айтады.
  – Балық шаруашылығы еліміздің экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Бұл кәсіптің болашағы зор. Бірақ, маман тапшылығы етектен тартып тұратыны бар. Сондықтан жастарымыз ихтиология мамандығын көптеп меңгерсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді кейіпкеріміз.

Leave a reply