БИЫЛ ТАҒЫ ДА ҮШ ҚАЗАНДЫҚ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

0
55

Бүгінде елімізде тұрғындардың баспаналы болуына арналған мемлекет­тік бағдарламалар жетерлік. Бұл орайда, әр өңірде құрылыс қар­қын алып, тұрғын үйлер көптеп салынуда. Түркістан облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері қалада тұрғын үй көптеп салынып, көшіп келушілердің саны жылдан-жылға артып жатыр.

Мысалы, 2018 жылы Түркістан қаласы халқының саны 165400 болса, 2023 жылы 219550 болып отыр. Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын 100-ден аса көп қабатты тұрғын үй салынады. Атап айтқанда, 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұр­ғын үй бой көтереді. Сонымен қатар «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есе­бінен көпқабатты 14 тұрғын үй кеше­нінің құрылысы жобаланып, іске асты. Ал бүгінде қолданыстағы тұрғын үйлер кешенінде қандай өзгерістер бар, олар жылу маусымына дайын ба? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Бүгінде Түркістан қаласы бойынша жалпы 297 көпқабатты тұрғын үй кешені бар. Оның ішінде, 114 көпқабатты тұрғын үй табиғи газбен толық қамтамасыз етілген болса, қалған 183 үй орталық жылу жүйесіне қосылған екен. Ал қала ішіндегі «Сауран» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлердің 73-і жертөле құбырларын ауыстыруды қажет етеді. Бұл туралы тұрғындарға ескертіліп, хабар берілген. Себебі аталмыш тұрғын үй кешені жеке болғандықтан пәтер иелері өз есебінен құбырларды жөндеуі тиіс. Түркістан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» бөлімінің мәліметіне сүйенсек, орталық жылу жүйесіне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің барлығын жылу маусымына дайындау шаралары басталып кеткен. Түркістан қаласында 2023-2024 жылғы жылу маусымына дайындық жұмыстарын «Жылу» МКК және сервистік қызмет көрсетуші мекемелер жүргізуде.

Елімізде тұрғын үй саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған болатын. Осы тұжырымдамаға сәйкес, биыл 46 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мысалы Түркістан қаласы бойынша 2012-2022 жылдар аралығында 101 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2023 жылы 24 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен. Олар шатыр ауыстыру, қасбеттерді әрлеп-сырлау, кіреберістерді толық қырып, қайта әрлеп-сырлау, жертөледегі ауыз су, кәріз жүйелерінің құбырларын ауыстыру, көпқабатты тұрғын үй жылу жүйесін бақылау.

Сондай-ақ, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сайкес, көпқабатты тұрғын үйлерге сервистік қызмет көрсету келісім шарттары әр тұтынушымен емес, сол үйдің басқару формасымен түзілуі қажет. Жалпы 297 көпқабатты тұрғын үйдің ішінде 83 үй басқару формасын құруды қажет етпейді екен. 47 коммуналдық меншіктегі үйлер – көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп ұстау бойынша «басқарушы компанияның» теңгерімінде, ал қалған 167 көпқабатты тұрғын үйлер «мүлік меншік иелерінің бірлестігін» немесе «жай серіктестік» құруды қажет етеді.

Түркістан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» бөлімі басқару формасы айқындалып, бекітілмеген көпқабатты тұрғын үйлерге лифт жүйесі тоқтатылатынын және лифтіге сервистік қызмет көрсетілмейтіні жөнінде хабарлама көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне ілініп, сервистік қызмет көрсетуші мекемелер мен үй төрағаларына хат арқылы жолданып отыратынын айтады.

Тиісті мекеме мәліметтеріне сүйенсек, Тұрғын үй кешендерін жаңарту жұмыстары да қарқынды түрде жүзеге асуда. Түркістан қаласындағы тұрғын үйлердің жылу маусымына дайындығы да жүйелі. Осыған дейін облыс орталығындағы «Сауран» мөлтек ауданында 75, ал «Отырар» мөлтек ауданында 49 және әкімшілік-іскерлік орталығында 98, жалпы көпқабатты 222 тұрғын үй орталық жылу қуатымен қамтылған. Қала бойынша жылу мекемесі орталық қазандық, «Отырар» мөлтек ауданында, рухани-мәдени орталық және әкімшілік-іскерлік орталықтарында 14 модульді қазандық блоктарымен жұмыс істейді. Сондай-ақ, 2023–2024 жылғы жылу беру маусымына қосымша тағы 3 модульді қазандық блоктары іске қосылады деп жоспарлануда. Айта кетейік, жылу беру маусымында кәсіпорындар толықтай табиғи газ отын түрін пайдаланады.

Leave a reply