Жигули Дайрабаевтың штабы ТМД ПА өкілдерімен жиын өткізді

— Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың республикалық қоғамдық штабы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының өкілдерімен онлайн форматта жиын өткізді, деп хабарлайды «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы. «Ауыл» РҚШ-ның қызметкерлерімен кездесу барысында ТМД ПАА Кеңесі Хатшылығы басшысының орынбасары Иван Мушкет ТМД ПАА-дан 60 байқаушы ҚР президенттігіне кандидаттардың үгіт-насихат науқанының барысын бақылап отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, ТМД ПАА Халықаралық демократияны дамыту мониторингі институтының сарапшылары үгіт-насихат науқанының өтуі, проблемалық мәселелердің болуы туралы сұрады.
«Ауыл» ХДПП-нан ұсынылған ҚР Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың республикалық қоғамдық штабының басшысы Төлеутай Рахымбеков өз сөзінде бүгінде еліміздің 166 ауылдық елді мекенінде және 88 қалада, оның ішінде республикалық маңызы бар 3 қала мен 17 облыс орталығында үгіт-насихат науқаны жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, сайлау алдындағы үгіт-насихат 2022 жылғы 21 қазанда басталды және сайлаудан бір күн бұрын, яғни 19 қарашада аяқталады. 19 қараша – республика бойынша тыныштық күні. Ал, 20 қарашада президент сайлауы өтеді.