ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА БАСТАЙДЫ

0
58

Созақ ауданында Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы бойынша тұрғындармен кездесулер жалғасын табуда. Солардың бірі Созақ ауылының мәдениет үйінде өтті. Жиынға менімен қатар аудандық штаб төрағасының орынбасары, Созақ аудандық «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Ернар Сағындық және Қоғамдық штаб мүшесі Бақдәулет Қордашбеков қатысты.

 

Кездесуге келгендердің құрамында ұстаздар, ауыл жастары және шағын және орта кәсіп иелері мен аға буын өкілдері қамтылған. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын толықтай жеткізуге тырыстық. Сонымен бірге, ел аумағында соңғы уақытта болып жатқан жаңалықтармен бөлістік.
Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – білімді жастардың мекені. Табысты жастар – елдің ертеңі» — деген сөзін алға тартып, үміткердің жастарды қолдау мақсатындағы жоспарларын атап өттік. Соның ішінде шәкіртақының екі есе өсіріліп, студенттердің бәрі жатақханамен қамтамасыз етілетіндігі, 2 миллионнан аса жасты жұмысқа орналастыру жоспарланғаны және жас кәсіпкерлерге 2,5 пайыздық несие берілетіндігі жайлы сөз болды. Оған қоса, шағын және орта кәсіпті дамыту – жұмыссыздықты жоюда, нарықты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, өңірлердің экономикасын тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылатынын, сондықтан мемлекет бүгінде елдегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне айрықша назар аударып отырғанын жан-жақты саралап жеткіздік.


Ауыл тұрғындары өз кезегінде өтініш-тілектерін де жеткізді. Атап айтсақ, аудан көлеміндегі кездесулерде жиі көтеріліп жүрген кіші қызметкерлердің жалақы мәселесі мұнда да сөз болды. Сонымен бірге, ауылдағы жалғыз колледж өзінің жатақхана мәселесін шеше алмай келе жатқаны жөнінде мәселе көтерілді. Директордың айтуынша ғимарат құрылысына қажетті құжат әзірлеу жұмыстары жүргізіліп қойған. Дегенмен қаржы жайы аталған мәселені кейін шегеруге себеп болып отырған сыңайлы. Бұл мәселелерді орталық штабқа жеткізетінімізді, оның шешімін табуға атсалысатынымызды айтып біз де Созақ ауылының тұрғындарына үміт сыйладық.
Осылайша Созақ ауылының тұрғындарымен өткен кездесуде «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» атты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағдарламасын баяндап, көпшілікпен пікір алмасып, жиын соңында үміткерді қолдауға шақырдық.

М.ДӘУЛЕТОВ.

#Toqaev2022

Leave a reply