Thursday, November 21

КЕНТАУ: ЕҢБЕК АДАМДАРЫНА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ ЕЛДІКТІҢ СИМВОЛЫНА АЙНАЛЫП ОТЫР

0
19

Абай көшесіндегі кеншілер аллеясы абаттандырылып, қаладан шыққан кеншілер мен металлургтерге және геологтарға ескерткіш орнатылды. Бұл идеяны қала әкіміне қалалық ардагерлер кеңесі ұсынды. Бастама әкімдік тарапынан қолдау тауып, кеншілер аллеясы көріктене түсті.
Социалистік еңбек ерлері – Төкенов Нұрлығайын, Досжанова Тәттігүл, Камалов Нұрмахан, Тәжімбетов Мырзахан, Исабеков Өтебай, Жерносеков Илья, “Даңқ” орденінің толық кавалері – Пайзиев Дүйсенбай және Кеңес одағының батыры – Гумер Минебаевтың ескерткіші жасалып, қала орталығына орнатылды. Есімі еленіп жатқан азаматтар мен азаматшалар туралы бүгінде ақпараттар жоқтың қасы. Дегенмен бар мағлұматтарды архив беттерінен алып, кентаулық тұрғындардың назарына ұсынбақпыз. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары өндіріс саласында жұмыс істейтін қазақ өрендері кемде-кем еді. Техниканы ұршықтай иіріп, жаңа технологияны игерген жастар ілуде біреу-тін. Сондай сирек кәсіпті меңгергендердің бірі – Нұрмахан Камалов болатын.
Нұрмахан Камалов 1927 жылы Түркістан ауданына қарасты Атабай ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Оның әке-шешесі 1930 жылы «Қызыл Ту» колхозына мүше болып кіргенімен, өмірлері тым қысқа болды. Голощекиннің 1931 жылы қолдан жасаған нәубетінде жан тәсілім етті. Жастайынан жетімдік тақсыретін тартқан Нұрмахан әпкесі Орынкүл, бауыры Нұридин бәрі шаруаға ерте араласты. Анасы Үміт күнкөріс қамымен таңсәріден қара кешке дейін колхоздың қара жұмысына жегілген.
1936 жылдан бастап бір топ бала (арасында Нұрмахан да бар) ауылдан 12 шақырым жердегі орталау мектепке жаяу қатынап оқыды. Каникул күндері және бос кезінде ол анасына қолқабыс жасайтын. Нұрмаханның бастауыш мектепті бітіруге мүмкіндігі болмады. Буыны бекіп, қабырғасы қатаймай жатып, 12 жасында «Қызыл Ту» колхозына жұмысқа орналасты. Бастапқыда шапанның көмекшісі атанды. Зерек жас ауылшаруашылығы техникасына қатты құмартатын. Автожүргізушілер курсына баруға талаптанып жүргенде 1947 жылы Түркістан аудандық комсомол комитеті шақырып алып, оған Ащысай кенішіне кеншілер даярлайтын ФЗУ-ге (фабрика-зауыт училищесі) оқуға баратынын хабарлады. Училищеде жақсы үлгерімге жеткен жігіт жартыжылдық оқудан кейін емтихан тапсырып, үздік бағамен аяқтады. «Жер асты үңгушісі» куәлігін алып шықты. Міне, осылайша Нұрмаханның қиын да қызықты еңбек жолы басталып кетті. Мыргалымсай кенішінің кадр бөлімінде көптеген кеншілердің, оның ішінде Нұрмахан Камаловтың еңбек кітапшасы да жатыр. Көк кітапшада «1948 жылдың 18 мамырында Батыс учаскесіне үңгуші болып қабылданды» деген жалғыз жазу ғана бар. «Дарақ бір жерде көгереді» демекші, білікті маман басқа жаққа жұмысын ауыстырған емес. Отыз жылға жуық бір кәсіпорында тапжылмай еңбек етті. Кітапшасының келесі беті марапаттауға толы. Және еңбек адамының тәжірибе жинақтай келе қызметтің келесі сатысына бұйрық бойынша көтерілгенін байқауға болады.
Мәселен, 1954 жылдың 1 сәуірінде орталықтың №6 учаскесіне бұрғылаушы болып ауыстырылса, 1960 жылдың 1 қаңтарында оған кен қазушының V дәрежесі берілген. 1965 жылы 15 қаңтарда Сонкелсай учаскесіне VI дәрежелі жер асты кен қазушысы болып ауысқан. Жалпы 29 жыл жер астындағы қажырлы еңбегі орынды ескеріліп, көптеген нарградаларға ие болыпты. Атап айтқанда, 1963 жылы 17 шілдеде «Құрметті кенші» атағы берілсе, төрт жылдан кейін «КСРО Түсті металлургиясы социалистік жарысының үздігі» төсбелгісінің иегері атанды. Ал, 1969 жылы 28 қазанда оның есімі Ащысайполиметалл комбинатының «Құрмет тақтасына» жазылды. 1971 жылы Нұрмахан Камаловтың жұлдызды шағы туды десе де болады. Сегізінші бесжылдықтағы ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атанып, «Ленин» орденімен қоса марапатталды. 1973 және 1974 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы, 1976 жылы «IX бесжылдықтың екпіндісі» атанып, «Комбинаттың құрметті тәлімгері» атағын жеңіп алды.
Қарапайым кеншіні еліміздің сол кездегі жоғары марапаты саналатын Социалистік Еңбек Ері атануымен Одақтың Түсті металлургия министрі Ломаконың, Металлургия өндірісі Орталық Кәсіподақ комитетінің төрағасы Костиковтің, Қазақ КСР Түсті металлургия министрі Березаның қолы қойылған құттықтау жеделхаттар келген-ді. Ол кезде биліктегілер еңбек адамын осылай бағалайтын, осылай құрмет көрсететін.
Алғашқы еңбек жолын шахтада Нағымбек Қанаевтың бригадасында бастап, 12 жыл жұмыс істеді. Бірнеше жыл кеншілер бригадирі қызметін атқарып, тәжірибе жинақтады. Жастарға тәлімгерлік етіп, оларды уақыт пен еңбектің қадірін білуге баулыды.
«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген сөз бабалардын қалғын. Нұрмахан Камалов 1950 жылы Ақшагүл Егізбайқызымен отау құрды. Алғашқы 3 нәрестесі шақалақ кездерінде шетінеді. Алладан перзент тілеп, әулиелерге түнеп жүріп көрген Тұрсынайға деген ерлі-зайыптылардың махаббаттары ала бөтен. 1957 жылы туған сәбиге ырыммен азан шақырып қойған аты бұл. Шүкір, Тұрсынай қазір өсіп-өніп, үйлі-жайлы болып, тұрмыстық комбинатқа қарасты тігін цехының белді тігіншісі болды, төрт перзенттің анасы атанды. 1959 жылы дүние есігін ашқан Әбдімәлік есімді атбайлары әке жолын қуып, Мырғалымсай кеншісі болып еңбек етті. 1964 жылғы Құндызай да үйлі-баранды. Еңбек Ері атанған Нұрмаханның Әбдімәліктен кейінгі Садық, Әли, Айдар атты ұлдары бар. Осы кенжесінің аяғы құт болып келді. Әке-шешесінің отау құрғанына жиырма жыл толуы қарсаңында және сегізінші бесжылдықтың қорытындысы бойынша Нұрмахан Камалов Социалистік Еңбек Ері атанғанда дүние есігін ашқан Айдардың жөні бөлек, жосығы ерек. Осылайша қуаныш соңы ұлан-асыр тойға ұласқан. Мұндай күндер ұмытылар ма, сірә?!
Ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергендеріне 40 жыл толатын мерейтойы қарсаңында, 1991 жылдың 11 наурызында пайғамбар жасынан енді асқанда Нұрмаханның жүрегі сыр берді. Ажалына жабысқан ауру екен, дендеген дерт салдарынан бақилық сапарға аттанып кете барыпты. Содан бері де 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Міне Нұрмахан Камалов туралы біздің қолымызда бар деректер осы болды.
Айта кеткен жөн болар «Даңқ» ордені — 1993 жылы құрылған Қазақстан Республикасының ордені болып табылады.
«Даңқ» орденімен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жоғарғы офицер құрамының тұлғалары, сондай-ақ прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының басшы қызметкерлері және басқалары:
әскерлерді басқару және бақылаудағы табысы, әскерлердің жоғары жауынгерлік әзірлігі мен елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз еткені үшін;
әскери, шекаралық және ішкі қызметтерді мінсіз ұйымдастырғаны, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылықты нығайту және қоғамдық тәртіпті қорғағаны үшін марапатталады.
«Даңқ» ордені «Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттары туралы» 1993 жылғы 1 сәуірдегі № 2069-ХІІ заңымен бір дәрежеде белгіленген. Бұл ретте «Даңқ» ордені тек құқық қорғау органдарының өкілдеріне арналған болатын. 1999 жылғы 26 шілдедегі № 462-1 Заңымен ол екі дәрежеге бөлініп, жаңаша кейіпке енді. Осы реформадан кейін орден Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аға басқарушы құрама мен генералитетке, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне арнала бастады.
«Даңқ» орденінде екі дәреже бар:
1-дәрежелі «Даңқ» ордені – жұлдыз бен иық таспасындағы орден белгісінен тұрады.
2-дәрежелі «Даңқ» ордені – кеуде қалыбындағы белгіден тұрады.
Орденнің ең жоғары дәрежесі — I дәреже. Марапаттау ретпен жүргізіледі: II дәрежелі және I дәрежелі.
1-үлгісі (1993—1999)
Орденнің белгісі – екі қырлы сәулелерден жасалған күміс бес бұрышты жұлдыз, оның үстіне алтындатылған үш найза (біреуі тігінен, екеуі қиғаш крестте) және екі айқастырылған алтын жалатылған қылыш, оның үстіне дөңгелек алтын қалқан қойылған. Қалқанға ақ және көк шеңберлер сызылған. Көк дөңгелектің төменгі жағында «ДАҢҚ» деген жазуы бар қызыл таспа орналасқан, оның шеңбері бойымен алтын лавр бұтақтары тарайды. Ақ шеңберде үш жебе салынған алтын садақ бейнеленген.
2-үлгісі (1999 бастап)
Бірінші дәрежелі орденнің белгісі – күміс түсті сегіз бұрышты көп сәулелі кедір-бұдырлы жұлдыз, оның үстіне өлшемі кішірек, бірақ қырлы сәулелері бар дәл сондай жұлдыз салынған. Жұлдыздың үстіне айқасқан екі қылыш пен найзадан бөлек дөңгелек алтын қалқан қойылған. Қалқанға ақ және көк шеңберлер сызылған. Көк дөңгелектің төменгі жағында «ДАҢҚ» деген жазуы бар қызыл лента орналасқан, оның шеңбері бойымен алтын лавр бұтақтары тарайды. Ақ шеңберде үш жебе салынған алтын садақ бейнеленген.
Бірінші дәрежелі орденнің жұлдызы – сегіз бұрышты күміс, ұштарында лағыл бар. Жұлдызда көк эмальдан жасалған кішірек жұлдызша суреттелген, оған орденнің айырым белгілерінің орталық медальоны орналастырылған.
Орден белгісі ені 100 мм иық белдігінде тағылады.
Екінші дәрежелі орден бірінші дәреженің белгісін қайталайды, бірақ өлшемі кішірек келеді. Сәндік сақинаның көмегімен, орден таспасымен қапталып, металдық қалыпқа ілулі тұрады.
Орден таспасының түсі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына сәйкес, сондай-ақ оң жақ шетінде жалпақ қызыл жолағы бар.
Ордендік шақа
2008 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мыс-никель қорытпасынан жасалған, Даңқ орденінің жұлдызы бейнесі бар белгіленген бағасы 50 теңгелік ескерткіш шақаны айналымға шығарды.
Бұл қаланың қала болуына, өркендеуіне, мәдениетіне үлкен үлес қосқан, Ұлы Отан соғысы кезінде де кен өндіру ісін тоқтатпай, әйелдер мен жас балалардың, әскерге кеткен аға әкелерінің орнын басып, жеңісті жақындатқан жандар. Ардагерлерді құрметтеу – әрбір жастың парызы. Бүгінгі жастар мен келешек ұрпақ еңбек адамдарының ескерткіштерін көріп, еңбек етуді, туған жерді түлетуді үйренері анық.

Leave a reply