КЕНТАУ: СЛЕСАРЬ СЕРІККЕ ДЕГЕН СЕНІМ ЖОҒАРЫ

0
20

Қай кәсіптің болсын көзін тауып, сол арқылы отбасының табысын еселеу адам баласы үшін бұлжымас қағида. Қарапайым еңбек адамы сапында жүріп, мамандығына адалдық таныту арқылы көптің ықыласына бөленіп жүрген еңбекқор азаматтарды кейінгі жастар үлгі тұтуы керек. Бұл турасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында баса атап өткен еді.
Ел Президенті «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» деген сөз тек ұран жүзінде қалып қоймай, адал еңбегімен, табысымен көзге түсіп жүрген адал адамдарды ұлықтау қай кезеңде де басты орында тұруы қажет екенін атап өтті. Газетіміздің бүгінгі санындағы еңбек адамы жайындағы мақаламызға арқау еткелі отырған кейіпкеріміздің есімі Серік Сапаров. Ғұмырының 40 жылға жуық уақытын қара жұмысқа арнаған ол қазіргі таңда №5 Жылу энергия орталығында слесарь болып еңбек етеді.
Серік Құдайбергенұлы Түркістан облысы, Сауран ауданы, Бабайқорған ауылында дүниеге келген. Ауылдық мектепте білім алды. Ал, мектепті тәмамдағанан кейін ата-анасына қолқабыс етті. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, қаладағы құрылыс нысандарына жұмысшы болып орналасты. Сол жерде жүріп слесарь-механик мандығын меңгереді.
– Өз кәсібіңде шыңдалу қате кемшілікті ретке келтіруден басталады. Біз де еңбекке жастайымыздан келдік. Білмегенімізді аға буыннан үйрендік. Еңбек ортасына араласып, осы жұмысты игеріп кетемін деген адам үшін ешқандай қиындық жоқ. Біздің толқын барлық кезеңнен өтті. Қалада жұмыс жабылып, жұмыссыз қалған кездерімізде болды. Бірақ, біз бұл қиындықтарға мойымадық. Алға қарай ұмтылдық. Отбасымызды асырау үшін қай жерден жұмыс табылса, сонда кеттік. Қандай мекемеге барсам да өзімнің кәсібімнің адал нанын тауып келемін. Ол үшін адамға ең әуелі өзінің мамандығына деген адалдық керек, – дейді Серік Құдайбергенұлы.
Серік Сапаров бұған дейін елордадағы «Bazis-A» корпорациясында бригадир болып қызмет атқарды. Кейіннен отбасылық жағдаймен өзінің қара шаңырағына қоныс аударды. Содан жылу энерго орталығына қазандық жабдықтарын жөндеу слесарі болып қабылданды.
– Көбінесе істен шыққан жабдықтардың ақауын жөндейміз. Бізге берілген қазандықтарды уақытында әрі сапалы етіп өткізуіміз қажет. Себебі, осы жылуға Кентау қаласының барлық тұрғыны үміт артып отыр. Өткен жылы жөндеу жұмыстары кезінде денсаулығыма байланысты демалыста болдым. Әрине, қыстың қақаған суығында бәріміз жылусыз қалдық. Техниканың тілі қиын ғой. Алдағы жылыту маусымында мұндай келеңсіздік болмайды деген үміттемін. Өзіммен қатар еңбек етіп жүрген әрбір маманның еңбек тәжірибесі жастарға үлкен мектеп деп білемін. Біздің басты мақсатымыз – №5 Жылу энергия орталығының қазандықтарын сапалы әрі уақытында жөндеп, қалыпқа келтіру. Цехта сексеннің үстінде адам еңбек етуде. Басшымыз Саяхат мырза жұмысты ұйымдастыра білетін, қабілетті азамат. Біртұтас жүйеде жұмыс істейтін цехта еңбек қауіпсіздігі, тазалық толығымен сақталған. Адам өміріне қауіпті дейтін факторларды жойып, содан соң жұмысқа кірісеміз, – дейді Серік Сапаров.
Сакең еңбек жолында өндірістің бар қиындығын қаймықпай көтеріп, абырой мен беделге кенелді, тәлімгер атанды. Цехқа жаңадан жұмысқа орналасқан жас мамандарды шыңдауда да тәулік бойы тынымсыз еңбек етті. Оның мектебінен өткен шәкірттерінің баршасы да білікті кадр атанды.
– Жылу энергия орталығының цехындағы аға буынның ішінде Секеңнің орны ерекше. Байсалды, қарапайым, өз ісіне келгенде барлығынан мүдірмейтін бесаспап. Жастарды тәрбиелеудегі әдісі де ерекше. Станокта жұмыс басталмас бұрын қандай ережелер сақталу керектігін бағамдап алады. Өндіріс үшін қауіп-қатердің ұсақ-түйек дегені болмайтынын жас мамандарға түсіндіріп, айтудан жалықпайды. Жастарға қамқорлық танытып, әрдайым өзінің ақылын айтып отырады, – деді әріптесі Өсербай Ормалтаев.
Иә, расында да байлық та, бақыт та адал еңбек, маңдай тердің арқасында келеді. Шалқалап жатып, шалқып өмір сүрсем деп, қиялдағаннан қарын тоймайды. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған Серік Құдайбергенұлы адал еңбектің наны тәтті екенін жастарға айтудан жалыққан емес.
– Біздің балаларымыз – бұл Қазақстанның болашағы, – дейді Серік Хұдайбергенұлы. Олар тәуелсіз Қазақстанда туылып, өз мемлекетті үшін еңбек етулері тиіс. «Тәуел-сіздік әрбір қазақстандыққа көп нәрсе берді. Жаңа мүмкіндіктер ашылды. Әл-ауқатымыз жақсарды. Әркім өзі үшін жұмыс істеуге, бизнесін дамытуға құқылы. Біз балаларымызды елімізде ғана емес, шетелде де оқыта аламыз. Өмір сүру деңгейі жоғарылады, бұны мойындауымыз керек. Бұның барлығы үкімет жүргізіп отырған экономикалық саясаттың, әрқайсымыздың еңбег-іміздің арқасында – дейді ол.
Өзінің жасындай жарқ етер сәулелі ғұмырында адал еңбекпен табысқа, жетістікке жетуі адам үшін зор бақыт деп білеміз. Серік Сапаров осы кезге дейін еңбек еткен мекемелерде адал еңбегі үшін алғыс хаттармен марапаталды. Бұл оның осы салаға қосқан үлесіне көрсетілген құрметтің белгісі деп білеміз. Мұндай марапаттар легі алда да жалғасады деген сенімдеміз.
– Қалалық №5 Жылу энергия орталығының болашағы да зор. Қараңызшы, ескірген, тозығы жеткен қазандықтарды жаңғырту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі заманғы керемет қондырғылар орнатылуда. Қарқынды әрі сапалы жұмыстың арқасында жылу орталығының жөндеу жұмысы да уақытында аяқталып, қазандықтар істен шықпайды деп ойлаймын, – деді слесарь маманы.
Еңбексіз өмірдің мәні де, сәні де жоқ, онсыз елді дамытып, өркендету мүмкін емес екені белгілі. Қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасының артуына көп үлес қосатыны анық. Осы тұрғыдан алғанда елімізде қарапайым еңбек адамының рөлі жоғарылай түсуі қажет.
– Осы кезге дейін әртүрлі салада еңбек етіп келдім. Ал слесарь жүмысы өзіме жақын. Мектеп бітірісімен жұмысқа араластым. Осы жұмысым өзіме ұнайды. Жүз мыңнан аса халыққа жылу тарату үлкен еңбек. Мен өз еңбегімен мақтанамын. Әр адам өз еңбегіне адал болып, соны соңына дейін жеткізу қажет. Жұмыс ауыр күшті талап етеді. Оған төзімділік пен сабырлық қажет. Жас мамандарға да соны айтамын, – дейді еңбек адамы.
Көп сөйлемейтін, бірақ өз ісін жетік меңгерген Серік Сапаров өз мамандығын мақтан етеді және таңдаған мамандығына ешқашан өкінген емес.
Осы тұста мамандық туралы айта кетсек те артық етпес. Себебі қазіргі уақытта қоғам ішінде мектептегі он бір жылдық білімін аяқтаған жасөспірімдерге ата–ана тарапынан әртүрлі насихаттар жүргізілетіні жалған емес. Әрине бұл дегеніміз кез–келген ата–ананың өз баласының келешегіне алаңдаушылықпен қарағаны болып көрінері сөзсіз. Дегенмен мектеп табалдырығынан енді ғана аттаған баланың келешекте кім болғысы келетіні тек өзіне ғана белгілі. Сондықтан кей жағдайда түлектің де ойын тыңдаған абызалырақ. Осы тұста қазіргі қоғамдағы мамандықтар туралы мақала дайындап, назарларыңызға ұсынбақпыз:
Мамандық таңдау – тек оқу мен диплом алу ғана емес, бұл – өз өмір жолыңды дұрыс таңдау. Сондықтан болашаққа қадам басар кезде талапкердің де, ата-ананың да «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал. Десек те, ол кейде біздің айтқанымыздай бола бермейді. Кейде ЖОО бітірген жастарымыздың өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға қызығушылық танытпауының өзі сондықтан. Шынайы көзқараспен қарайтын болсақ, дұрыс таңдалған мамандық иесі қашанда өз ісінің шебері, әрі білгірі болып, қашанда сұрансқа ие болып жатады. Ол өз таңдаған бағытын жақсы көріп, сол саланың мақтанышына айнала алады.
Кез келген мамандықтың өзіндік ерекшеліктері мен талаптары болады. Таңдау жасау барысында мамандыққа сұраныс пен оның беделі, мансап перспективалары, еңбек жағдайлары, орташа жалақы сияқты аспектілерді ескеру қажет. Өзін-өзі көрсетуге, әлеуетін ашуға жағдайдың жасалуы да маңызды. Әрине, мамандық таңдауда адам өзінің интеллектуалдық қабілетін, белгілі бір жоғары оқу орнына, бағдарламасына түсу мүмкіндігін де ескеруі керек. Бұл орайда осы салада жұмыс істеп жүрген достары мен туыстары көмекке келе алады. Мектептерде кәсіптік бағдар мен кәсіби бағдар әлі жетіле қоймағанына қарамастан, әрқайсымызда (алдымен өтініш берушінің ата-анасы) біз сенім артуға болатын айтарлықтай «әлеуметтік капитал» бар. Бірақ бұл үшін ата-аналар балаларына туыстарымен, қызметкерлерімен, достарымен «ақпараттық сұхбат» деп аталатын шараларды ұйымдастырып, белсендірек рөл атқаруы қажет.
Жалпы біздің жастарымыз жоғары сынып оқушылары болған уақытта көбіне болашақ мамандығын таңдауға тиісті көңіл бөле бермейтіні анық. Кей жастарымыздың студент атанған шақта осы мамандыққа амал жоқ, біреудің айтуымен түсіп едім деп қынжылып отыратындары да жасырын емес. Сол себепті мен олардың бұл туралы неғұрлым ертерек ойлана бастаса дұрыс болар еді деген ой түйемін. Осы тұста жаңа туған баланы данышпанға әкеліп, «баланы қай кезден бастап тәрбиелеу керектігін» сұрағанда: данышпан қарияның «тәрбиесі кем дегенде тоғыз айға кешігіп қалған», – деген даналық сөзі еріксіз еске түседі.
Мамандық таңдау уақыт пен түсінікті қажет етеді. Біз өзіміздің әлсіз және күшті қасиеттерімізді, мінезіміздің ерекшеліктері туралы мақсатты түрде ойлануымыз керек. Мысалы, Дон Клифтонның Strengths Quest тесті жеке тұлғаның күшті жақтарын іздестіру мен анықтауға көмектеседі. Тұлға қасиеттерін анықтауға арналған жалпы қабылданған тест – ұлы психолог Карл Юнг пен Изабель Бриггс Майерстің типологиясына негізделген классикалық тест. Жалпы алғанда, әрбір жеке психотиптің қандай әрекетке қолайлы екенін анықтауға көмектесетін көптеген психологиялық тесттер бар. Оларды тізбелеу қажет емес, Сіз тек осы үлкен таңдаудан пайдалы жағын қарастыруыңыз қажет.
Біздің әрқайсымызда қоғам мен өзіміз жақсы көретін және құрметтейтін жақын адамдарымыз таңатын мінез-құлық пен қабылдаудың әртүрлі стереотиптері бар. Бұл өзі жек көретін немесе немқұрайлы қарайтын мамандықта оқып, диплом алып, ең жақсысы өз профилінен тыс жұмыс істейтін кейбір жастарды үлкен трагедияға алып келеді. Ең сорақысы, жек көретін кәсіптің бауын тартып, өздерінің де, айналасындағылардың да өмірін улап жатыр. Сондықтан мен мектеп оқушыларымен кездескенде, олардан «өздеріне ұнайтын» мамандықты таңдауларын сұраймын. Оны тексеру өте оңай. Мысал келтірейін. Арман жазушы болғысы келеді делік. Ол әлемдік мойындауды, Пулитцер сыйлығын, жанкүйерлерді және романдарының желісі бойынша Голливудтың фильм түсіргенін армандайды. Жаман ұмтылыс емес, солай ма? Бірақ, бір күрделі мәселе бар. Арман шығармашылыққа отырғаннан кейін жарты, бір сағат өтсе, оның басқа нәрсемен айналысуға көптеген себептер пайда болып тұрады. Яғни, осы жерде Арман өз-өзіне шынын айтса, жазуды ұнатпайтынын түсінер еді. «Көп адам жазушы болғысы келеді, бірақ шын мәнінде жазғысы келетіндер аз» – дегендей, мамандықты емес, қызмет түрін таңдау керек, не істегіңіз келеді, кім болғыңыз келетінін емес.
Мамандықты дұрыс таңдау – бұл ұзақ кәсіби өмірде сенімділік, жан тыныштығы және материалдық әл-ауқат. Тек өзіне ғана емес, бүкіл қоғамға қажетті мамандықты таңдап алу керек. Сонда адам кейін өз мамандығы бойынша жұмыс таба алады. Мысалы, ең көне мамандықтардың бірі – ұстаздық. Ол қай уақытта да сұранысқа ие болған және бола бермек. Өйткені, білім адамзатты әрқашан алға жетелейді.
Әлбетте, белгілі бір мамандықтың әлеуметтік мәні мен одан моральдық қанағат алуы өте маңызды. Көптеген адамдар жұмыс істеп қана қоймай, қоғамға пайда әкелгісі келеді. Бұл алдымен педагогикаға, мұғалімдік мамандыққа қатысты.
Әрбір адамның кез келген саладағы табысқа әсер ететін белгілі бір жеке қасиеті болады. Бұл тамаша есте сақтау, күрделі ойлау, бай қиял және табиғаты бойынша генетикалық және көбінесе тәрбиеге, білімге және өмірлік тәжірибеге байланысты басқа да ақыл-ой қабілеттері болуы мүмкін.
Мамандықты дұрыс таңдап, қоғамда лайықты орнын табу оңай шаруа емес. Таңдау жасамас бұрын, «Болашақ мамандығыңыздан не күтесіз?» деген сұраққа шынайы жауап беріңіз. Көп нәрсе осыған тікелей байланысты.
Барлық мамандық маңызды. Кейбіреулері математикалық қабілеттерді қажет етеді, басқалары шығармашылықты қажет етеді, енді біреулері дене шынықтыруды қажет етеді. Жақсы немесе жаман мамандық болмайды, тек Сізге ұнайтын немесе ұнамайтын мамандық бар. Өмірде бәрі бір-бірімен байланысты болғандықтан, дұрыс мамандық өмірдің барлық саласына әсер етеді. Таңдау неғұрлым сәтті болса, өмір жолы соғұрлым қызықты және табысты болады.
Бүгінгі жаһандық өзгерістер өзекті және сұранысқа ие мамандықтардың әлемдік статистикасын есепке алуға мүмкіндік береді. Воллонгонг университеті мен Австралияның Жұмыспен қамту департаменті зерттеу жүргізіп, 2023 жылы ең сұранысқа ие және өзекті мамандықтарды анықтады. Демек, қазір білім беру саласында мамандардың тапшылығы өткір мәселе күйінде тұр. Әсіресе, педагогикалық кадрларға сұранысқа толық жауап беру оқу бағдарламаларының өзектілігіне тікелей байланысты. Ынталы, білімді, білікті ұстаздар қашанда сұранысқа ие.
Сұраныстағы мамандықтарды зерттеу бойынша үздік төрттікке келесі педагогикалық мамандықтар енді: 3 – бастауыш сынып мұғалімдері, 9 – орта мектеп мұғалімдері, 10 – мектеп мұғалімдері, 12 – мектепке дейінгі білім беру мұғалімдері.
Мұғалімдер – балаларды жақсы көретін, түсінетін және олардың болашақ өмірінің берік іргетасын қалау үшін олармен жұмыс істегісі келетін адамдар. Мұндай жандарға өмірдің ең маңызды саласы үшін жоғары білікті мамандарды даярлауға арналған педагогикалық жоғары оқу орындары көмектеседі. Қазір университетімізде педагогикалық сыныптар жобасы жүзеге асырылуда, онда біздің мұғалімдер жоғары сынып оқушыларына мұғалімдік мамандық туралы түсінік береді. Осылайша, мұғалім мамандығын таңдау керек пе, соны түсінуге құнды негіз жасайды.
Болашақ білімде. Толық цифрландыру және басқа да жаһандық процестер еңбек нарығына және елімізге өзіндік түзетулер енгізуде. Қазақстанда алдағы жеті жылда ең сұранысқа ие мамандықтар белгілі болды. Бос жұмыс орындарының басым бөлігі білім беру, ауыл шаруашылығы және сауда салаларында күтілуде. Оның үстіне бұл салаларда барлық пәндер бойынша базалық білім беретін мұғалім мамандығы маңызды рөл атқарады.
Кез келген кәсіптің материалдық жағы да маңызды, оны елемеу өзімізді алдау деген сөз. Осыны түсінген үкімет соңғы жылдары мұғалімдердің жалақысын, білім гранттарының санын, педагогикалық білім беру бағдарламалары бойынша студенттердің шәкіртақысын айтарлықтай арттырды. Бұл үдеріс жалғасуда және оның нәтижесін көріп отырмыз. Бүгінде педагогикалық жоғары оқу орындары жастар арасында қайтадан беделге және сұранысқа ие болды.
Қорытындылай келе, жастарымызға болашақ мамандығын таңдауға жауапкершілікпен қарауды сұраймын. Бұл әрбір адамның өміріндегі маңызды сәт, оны жіберіп алмау керек және таңдауға байыптылықпен қарау керек. Ал, жоғары оқу орнындағы табысты білім еңбек нарығында білімі мен біліктілігі бағаланатын білікті маман болуға мүмкіндік береді. Міне, қандай мамандық болса да ең бастысы жүрек қалауы болса болғаны. Себебі жүрек қалауымен жасаған жұмыс әр қашан да жемісті болады. Бұл сөзімізге дәлел көп. Мәселен осы шағын әңгіменің арқауы бола білген Серік Құдайбергенұлы. Ендіше өз еңбегімен көзге түскен бүгінгі кейіпкеріміздің отбасысымен таныс бола отырыңыз.
Еңбек – адамның мәртебесін өсіріп қана қоймай, жаңа күш, энергия береді, келешегіңді бағдарлайды. Отбасының құт-берекесін де келтіреді. Еңбек адамының өмірлік жары Мудира Полатбековамен отасқанына отыз жылдан асты. Жұбайы Мудира екеуі Ақбота, Балжан және Бақдәулет атты екі қызы, бір ұл тәрбиелеп, оларға жоғары білім алуына мүмкіндік жасады. Екі қызын құтты жеріне қондырып 4 немере сүйіп отырған бақытты ата мен әженің бірі.
Еңбек адамы – ел тірегі. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген Серік Сапаровтың еңбегі көпке үлгі. Қала тұрғындарын қыс бойына сапалы жылумен қамту бағытында, ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда мақтанышымызға айнала бермек.
Раушан НАРБЕК

Leave a reply