КЕРУЕН САРАЙ КЕШЕНІ —  ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ЖОБА

0
72

Түркістан қаласы облыс орталығы атанған соң алғашқы бой көтерген нысандардың қатарында Керуен сарай кешені болғаны анық. Алғашында мұндай жобаны орналастыру мәселесі де оңайға соққан жоқ. Дәл қазіргі аталмыш кешеннің орнында жеке тұрғын үйлер болатын. Байырғы тұрғындардың кесене маңын абаттандыру, жаңа құрылыс нысандарын салу бастамасына лезде келісе қоюы да қиын болды. Мемлекет мұқтаждығы үшін Түркістан қаласының рухани-мәдени аймағы болып танылған кесене маңы 2018 жылдан бастап, мемлекет меншігіне қайтарыла бастады. Басты себеп аймақтың атауы айтып тұрғандай бұл маңға түрлі мәдени-тарихи нысандар салынатын болып шешілді. Осылайша тұрғын үйлер босатылып, қала орталығының инженерлік инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары басталды. Жасыратын несі бар сол кезде қала тұрғындарының кейбірі, жергілікті билік шешіміне наразылық білдіріп, рухани-мәдени аймақтың болашағына күмәнмен қараған еді. Ал қазір бәрі басқаша.

Соның ішінде тарихи-мәдени орындармен қатар саяхатшылардың назарын өзіне еріксіз аударатын Керуен сарай кешені түркістандықтардың және барша туристердің сүйікті орнына айналып үлгерді.

Айта кету керек, Керуен сарай кешені Орталық Азияда теңдесі жоқ жоба және Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейін аймақтағы туристер мен инвестиция тартудың негізгі орталығына айналып отыр. Оның іске қосылуы бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған. Керуен сарайға күн сайын туристер мен қала тұрғындары кешін көңілді өткізу үшін ағылып келіп жатады. Мұнда кез-келген уақытта қажетті дүниелерге қол жеткізіп, әрі су жағасында демалу, фудкорт желілерінде тез тамақтанып алу қонақтар үшін ұтымды.

Шет елден келген туристер үшін де жағдайлар жасалған, қонақ үйдің самалдығынан бақылап сонау керемет Керуен сарайдың көрінісінің куәгерлері болып, демалыстарын естен кетпестей өткізетіні анық. «Керуен сарай» туристік кешенінің аумағына кіру тегін. Туристерге тікелей кіре берісте бүкіл Керуен сарайдың құрылымдық сызбасымен танысып, шағын мұражайға бару үшін визиттік орталыққа баруға кеңес беріледі. Сонымен қатар, әрбір келген қонақ үшін ыңғайлы Керуен сарай картасы кіре берісте орналасқан, карта арқылы туристер өздеріне керекті орындарын жаңылмай таба алады.

2021 жылы қолданысқа берілген Орталық Азиядағы ең ірі көпсалалы «Керуен сарай» туристік кешенінің құрамына Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуларына арналған амфитеатр, шығыс базары, сауда аркадалары мен бутиктері, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, фудкорттар, сонымен қатар отбасылық ойын-сауық орталықтары кіреді. Бұл ретте барлық құрылымдар су арнасымен біріктірілген, онда суда «Қайықтар шеруі» театрландырылған шоу өтеді.

Инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы жүзеге асырды, кешеннің құрылысы 2019 жылдың желтоқсанында бас-талды. Нысан 20,5 гектар аумақта орналасқан.

Керуен-сарайда іс-шараларға арналған кешен «Шоу арена» деп аталады. Мұнда жылы мезгілде қонақтар көп болады. Ат спортының акробатикалық трюктері көрсетіледі, спорттық және мәдени шаралар, концерттер өтеді.

«Алтын самұрық» ұшатын театрына барған қала қонақтары мифтік самұрық құспен бірге қазақ мәдениетінің бастауларына уақыт пен кеңістікке саяхат жасайды. Көрермендер назарына Қазақстан тарихы, былайша айтқанда, ескі заманнан жаңа технология дәуіріне дейінгі бейнероликті ұсынады. «8D» форматындағы сүңгу әсері сізді Қазақстанның көрікті жерлеріне фантастикалық ұшуға апарады! Бұл жобаның идеялық негізі – ғалам ағашының тәжіне жұмыртқа салатын киелі самұрық құсы туралы қазақтың ежелгі аңызы болды, сондықтан кешеннің пішіні алтын жұмыртқасы бар ұя түрінде жасалған.

Кешендегі ерекше нысандардың бірі – қауыз. Қауыздың қақ ортасында қираған кеменің кейпіндегі субұрқақ орналастырылған. Онда судағы «қайық шеруі» – театрландырылған шоу өткізіледі. Қойылым қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дастан – «Қыз Жібек» жырының негізінде әзірленген. Бұл махаббат оқиғасы суда өтеді. Қайықтардағы әртістер өз рөлдерін ойнайды. Сонымен қатар, мұның бәрі жарық және дыбыс әсерлерімен бірге жүреді, әні арнайы жазылған.

Әр қайықта әртүрлі кейіпкерді бейнелейтін актерлер келушілерді қиялға толы әлемге жетелейді. Қойылым барысында ортада тұрған субұрқақтан бірде отшашулар атқылап, бірде су шапшып, шоуды әсерлендіре түсетіні сөзсіз. Су арнасының жағасындағы тастардан әуезді ән естіледі. Бұл Керуен сарайға ерекше атмосфера сыйлайды. Сондықтан Керуен сарай «Қазақстандағы Венеция» аталып кетті.

Керуен сарайдың келбетін одан сайын ажарландырып тұрған «Сандық» мейрамханасы тағам әзірлеуде де, ас беруде де, жалпы қонақжайлылықта да ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді көрсетіп, өңіріміздің тарихи-мәдени маңызы бар бірегей нысандарын, тұрмыстық бұйым-дарын көрсететін нағыз қазақи нақыштағы Қазақстандағы ең таңдаулы мейрамхана.

Бұрын Түркістан атауын естігенде көз алдымызға Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бірден елестейтін. Ал қазір кесенемізбен қатар Керуен сарай арқылы елімізге танылдық. Өзге қала тұрғындары Түркістанға келгенде осы жерді міндетті түрде көріп, танысып, тамашалап қайтады. Сырт келбеті «Венеция» қалашығына ұқсайды деп таңданып, тамсана қарайтындар да бар. Қаламыздың орталығына сән беріп, келуші туристерге дейін Түркістанның ерекшелігін көрсете білген бірден бір жер — Керуен сарай.

Иә, облыс орталығын дамыту, түрлендіру ісінде ұтымды және пайдасы мол жобалардың болғаны жөн деп санаймыз. Осы ретте Керуен сарай кешенінің орны бөлек. Келген жанның жанына сая сыйлайтын кешен Түркістан қаласын дамытудағы маңызы зор жобалардың көшін бастады деуге негіз бар. Халықтың тұрмыс-тіршілігін әлдендіруге септігі мол жоба қазіргі таңда түркістандықтар үшін пайда алып келіп тұрған маңызды нысан екені анық.

Leave a reply