КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАР ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ РЕТІНДЕ

0
51

Қазіргі демократиялық мемлекеттің құқықтық жүйесінде Конституция ерекше орын алады және құқықтық мемлекеттің аса қажетті белгілерінің бірі болып табылады. Конституцияның болуы – бұл заңдылықтың, құқықтық тәртіптің және билік институттарындағы тұрақтылықтың міндетті шарты. Демократиялық қоғам құруға бет бұрған кез-келген мемлекеттің Конституциясы халық пен мемлекет арасындағы өзара шарт болып табылып, қоғамдағы негізгі қатынастарды реттеуге бағытталады. 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы – жаңа саяси заңдық құжат . Негізгі Заңның мәндік жаңалығы ең алдымен оның барлық институттарының мазмұны мен нысанын нақты анықтайтын принциптерден көрініс табады. Еліміздің Конституциясына қазіргі уақытта қоғам өмірінен лайықты орнын тауып жатқан бұрынғыдан мүлдем өзге жаңа идеялар тән. Олар: мемлекеттік биліктің бөлінуін ұйғарушы халық билігі мен халық егемендігі; конституционализм, заңдылық және құқықтық мемлекет; адам және азаматтың табиғи, ешкім айыра алмайтын құқықтары мен бостандықтары; біртұтастық және ұлттардың даму еркіндігі; халықтар мен мемлекеттер арасындағы бейбітшіліктің нығаюы, халықаралық құқық принциптері мен нормаларын сақтау; қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдум немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу. Жеке адамның конституциялық мәртебесін бекітуші Конституция нормалары айқын жаңалықтармен ерекшеленеді. Бұл нормалар адамның табиғи құқықтарын, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез-келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болматындығын ұйғаратын барлық азаматтардың теңдігін бекітеді. Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерге аластауға болмайтындығын бекітуші ережелер де бұрын-соңды болмаған тың ережелер. Сонымен қатар әрекеттегі Конституцияда жеке меншікке деген көзқарас түбегейлі түрде өзгерген. Ол жеке меншіктің қорғалатындығын анықтайды. Конституция меншіктің барлық конституциялық нысандарының теңдігін айқындай отырып, меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік берілетіндігі туралы принципті бекітеді. Конституция Президент, Парламент, Үкімет және сот арасындағы конституциялық өкілеттіктерді бөлу туралы мәселені шешуде билік бөлу принципіне сәйкес жаңа қадам жасады, аталмыш принциптегі «тежемелік әрі тепе-теңдік» жүйесі жан-жақты ескерілді. Конституция өзін қорғау органын да жаңа тұрғыдан анықтады. 1993 жылғы Конституцияға сәйкес Конституциялық Сот конституциялық қадағалау органы ретінде танылып, мемлекеттік биліктің сот тармағына жатқызылса, әрекеттегі Конституция бойынша оның құзыреті Конституциялық Кеңеске көшіп, енді бұл орган ешқандай билік тармағына кірмейтін жеке орган болып табылды. Конституция мемлекеттің Негізгі Заңы болғандықтан елдегі фактілік жағдайды және жаңа жағдайдағы қоғам дамуының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-адамгершілік шынайы қажеттіліктерін білдіруі тиіс. Қазақстан мемлекеті жас мемлекет болғандықтан өз мемлекеттілігін жылдам нығайтуды, өркениетті мемлекеттер қатарына тезірек қосылуды мақсат етеді. Сол себепті қоғамдық қатынастар да тез дамып, заман ағымына сәйкес жиі өзгеріп отырады. Осындай қатынастар қатарында Негізгі Заңмен реттелуді қажет ететін қатынастар болатыны анық. Осыған байланысты бүгінгі күнге дейін еліміздің Конституциясына бес рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енгізілген өзгерістер өздерінің жалпыадамгершілік құндылықтар және жалпыдемократиялық принциптермен ұйғарылған мәні мен мазмұны бойынша халықаралық құқық принциптері мен нормаларына, конституциялық заң шығарудың еуропалық және әлемдік стандарттарына толығымен сәйкес деп айтуға болады. Конституцияға өзгерістер енгізілуі барысында алғы қатардағы демократиялық мемлекеттердің тәжірибесі пайдаланып, сонымен қатар Қазақстандағы қазіргі кезеңдегі қоғамдық қатынастарды ағымды заңнамалық реттеу тәжірибесі де ескерілген. Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі идеясы жақын және алдағы ұзақ мерзімде қазақстандық қоғамның әр алуан қоғамдық-саяси күштерінің татулығы мен келісімінің қамтамасыз етілуі қажеттігімен анықталады. Бұл Конституцияны саяси тұрақтылықтың, азаматтық бейбіт өмір кепілдігінің, әлеуметтік және ұлттық татулықтың аса маңызды факторы ретінде айқындайды. Конституциялық реформалардың алғышарттарын қоғамдық дамудың бүкіл объективтік барысы әзірлейді. Олардың уақытылы ескерілмей қалуы да мүмкін, мұндай жағдайда қажетті конституциялық реформалар кешеуілдеп жүргізілмей немесе мүлде жүргізілмей қалады. Мұның қоғамдық қозғалыстың жүрісін тежері даусыз. Егер конституциялық реформалар қажетті себептерсіз, алғышарттарсыз жүргізілсе, тіпті қоғамдық даму кезендерінен ілгерілеп кетсе, онда мұның өзі оның шын болмыстан алшақтауына, сондай-ақ қоғамға тepic ықпал жасауына әкеліп соғары сөзсіз, өйткені шешімі әлі пісіп-жетілмеген міндеттерді алға тартуы ықтимал. Конституциялық реформа жүргізудің алғышарттары мен сәттерін анықтаудағы қателіктердің екі жағдайда да ұзақ мерзімдік зардаптары болады, өйткені Конституция мен оның нормалары ұзақ уақыт бойы қолданылады, ал кей кездерде Конституцияның қате ережесін бірден түзетудің мүмкіндігі бола бермейді. Сол себепті конституциялық реформалар туралы, оны жүргізудің алғышарттары туралы мәселе барынша байыпты ғылыми тұрғыдан келуді қажет етеді. 1993 жылғы Конституцияны қабылдаудың алғышарттарына келсек, ол терең қоғамдық өзгерістердің тамыр тарта бастаған нышандары 1978 жылғы Қазақ ССР Конституциясының орнына жаңа конституциялық рәсімдеуді талап еткенін атап көрсетеді. Көнергенді кейінге ысырып, жаңа қағидаттардың негізінде жаңғыра бастаған қоғамның қадамдарын конституциялық деңгейде баянды ететін Ата заң қажет болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Конституцияны үш таған идеясы: адам – азаматтық қоғам – мемлекет идеясына сәйкес кұрудың маңызын негіздеп берді. Демократияны жетілдірудің таңдап алынған бағытына сәйкес адам құқығын қорғауды күшейту, азаматтық қоғамды дамыту, мемлекетті, оның тетіктерін жетілдіру, соның ішінде өкілді органдардың, әcipece Парламенттің және саяси партиялардың рөлін күшейту жөніндегі көкейкесті проблемалардың болу мүмкіндігіне байланысты Елбасының кезекті үшінші конституциялық реформаны жүзеге асыру жөніндегі аса маңызды бастамасы жасалды. Ол Конституцияға сайлау жүйесін жетілдіру жөнінде, Президенттің өкілеттігі уақытынан бұрын тоқтатылған жағдайда биліктің сабақтастығын қамтамасыз ету үшін Сенат пен Мәжілістің рөлін көтеру жөнінде, саяси партиялардың рөлін көтеріп, партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттар ретінде олардың өкілдерінің Парламентке қатысуын кеңейту жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы нақтылы ұсыныстар жасады. Осы ұсыныстарға сәйкес 1998 жылғы 7 қазанда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Қазақстанда болып өткен келесі конституциялық реформа 21 мамыр 2007 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен байланысты. Аталмыш Заңға сәйкес әрекеттегі Конституцияның көптеген баптарына елеулі өзгерістер енгізілді. Айталық, Конституцияның 5-бабы 2- тармағының «…қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға жол берілмейді» деген бөлігі алынып тасталды. Бұл қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландырумүмкіндігін көрсетеді. Конституцияның адам және азамат құқықтарын бекіткен бөліміне де елеулі өзгерістер енгізілді. Өзгерістер 15-бап пен 16-бапты қамтиды. 15-баптың өзгерістерге дейінгі редакциясында өлім жазасының қандай қылмыстар үшін белгіленетіні анықталған жоқ, ал енгізілген өзгерістерге сәйкес өлім жазасының адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасалғаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытындағы жасалған ерекше ауыр қылмыстар үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленетіні анықталды. 16-бапқа енгізілген өзгеріс тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауға ұстауға және соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болатындығын анықтады, яғни енгізілген өзгеріске сәйкес енді бұл мәселе прокурордың құзырына жатпайды. Конституциялық реформа әсіресе Республика Президенті және Парламентінің мәртебесі мен өкілеттіктерін кеңінен қамтыды. 2 ақпан 2011 жылы еліміздің Негізгі Заңына енгізілген өзгеріс Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздерін айқындады. Еліміздегі елеулі конституциялық реформа 10 наурыз 2017 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңмен байланысты [5]. Аталмыш Заңдағы барлық ережелер еліміздегі Ата Заңның мән-мағынасына, рухына, идеясына, нормалары мен қағидаттарына толыққанды түрде үйлеседі. Бұл заңның күллі ережелері Негізгі Заңды жетілдіруге және жаңғыртуға ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйелерін, адам мен азаматтың бостандығы мен құқықтарын қорғау тетіктерін оңтайландыруға бағытталған; мемлекетіміз, қоғамымыз және жекелеген тұлғалар үшін стратегиялық маңызды мән-мәнісі бар қоғамдық қарым-қатынастарды конституциялық-құқықтық негізде реттеу аясы кеңейтілді. Бұған қоса, мұндағы бірқатар ереже Қазақстанның конституциялық даму үдерісінде объективті түрде, уақыт тынысына сай, ішкі[1]сыртқы сипаттағы факторларға байланысты туындаған, тек Конституция деңгейінде ғана өзінің реттелуін талап ететін қоғамның тыныс-тіршілігіндегі жекелеген салаларды конституциялық-құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік берді. Әрине, мемлекетімізде болған аталмыш конституциялық реформа ел Парламенті мәртебесінің одан әрі дамуына зор ықпалын тигізгені сөзсіз. Мемлекетіміздіің Негізгі Заңына енгізілген соңғы өзгеріс мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің қос палатасы мен Үкімет мүшелерінің алдында елордамыз Астана қаласын Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен атау туралы ұсынысы бойынша үстіміздегі жылдың 23 наурызында қабылданды. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойды. Тұтас алғанда, Қазақстанда болып өткен конституциялық реформалар маңыздылығымен, ауқымдылығымен және қазақстандық қоғамның даму барысына сәйкестілігімен айқындалады. Конституцияның негізгі заңдық қасиеттерінің бірі – оның тұрақтылығы. Конституциялық тұрақтылық Конституцияға өзгерістердің қаншалықты жиі енгізілуімен тікелей байланысты. Өзгерістер жиі енгізілген сайын оның тұрақтылығына қауіп төнуі де ықтимал. Нақтылауды қажет ететін бірқатар нормалардың енгізілген өзгерістерден тыс қалуы Конституцияға тағы да өзгерістер енгізу қажеттігін тудыруы мүмкін. Дегенмен, Қазақстан демократиялық даму жолына бет бұрған мемлекеттілігін әлі де қалыптастыру үстінде, оның саяси, әлеуметтік, экономикалық үдерісі жылдам қарқынмен даму үстінде. Мемлекеттің мазмұны мен негізгі белгілері және қызмет етуінің қағидаттары, сайып келгенде, қоғамның сипатына, оның даму барысы мен жағдайына, демек, объективтік факторларға қарай анықталатынын, конституциялық реформалар еліміздегі қоғамдық қатынастардың жылдам қарқынмен даму барысына сай жасалып отырғанын айта кету қажет дей отыра, өз тарапымыздан келесідей ұсыныстар жасағымыз келеді: 1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабы мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылуы қажет: «4. Әркім адам құқықтарын қорғау бойынша құрылған халықаралық ұйымдарға жүгінуге хақылы». 2. 30-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылуы қажет: «1. Әркімнің мемлекеттiк оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуына кепiлдiк берiледi. Орта бiлiм алу мiндеттi». 3. 38-бап мынадай редакцияда жазылуы қажет: «Әркім табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға мiндеттi». 4. Республика Жоғарғы Сотының нормативтік актілері нормаларының Қазақстан Республикасындағы қолданылатын құқық қатарына жатқызылуына, сонымен бірге Республикада қолданылатын құқық нормаларының іс жүзінде орындалуын қамтамасыз етуіне сәйкес, Жоғарғы Сотқа заң шығару бастамасы құқығын беру қажет. Республика Жоғарғы Соты өз қызметіндегі тәжірибесіне сүйене отырып, қоғамға қажетті тың ұсыныстар енгізері даусыз және осы мәселе Конституцияда бекітілген билік бөлу принципінің тепе-теңдік жүйесін де қамтиды. 5. Парламенттегі саяси фракцияларға заң шығару бастамасы құқығын беру қажет. 6. 61-баптың 3-тармағын түйіндейтін норма өзге қатынастардың барлығының заңға тәуелді актілермен реттелетінін белгілейді. «Өзге қатынастар» ұғымы нақтылануды қажет етеді. Ол нақтылану үшін Конституцияның көрсетілген нормасы келесі редакцияда қабылдануы қажет: «Негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдардан өрбіген қатынастар заңға тәуелді актілермен реттеледі». 7. Парламенттің өзі шығарған заңдарға ресми түсінік беруін конституциялық норма деңгейінде бекіту, яғни Республика Конституциясында қарастыру қажет. 8. Республика бюджеттік шығыстарын бақылаудың жалпымемлекеттік, жалпықоғамдық, жалпыұлттық маңыздылығына байланысты, жалпымемлекеттік, жалпықоғамдық, жалпыұлттық орган – Парламент тарапынан бюджеттің атқарылуын қосымша бақылау жүзеге асырылуы қажет. Мұндай бақылауды жүзеге асыру үшін: «Қаржы және бюджет жөніндегі» Парламент Мәжілісі құрған тұрақты комитет мүшелері арқылы министрліктердің шығыстарын жүйелі түрде тексеріп отыру керек; Үкімет пен Есеп комитетінің бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау үшін, олардың ұсынған уақытымен бір мезгілде Парламент Сенаты мен Мәжілісінің мүшелерінен тұратын бірлескен комиссия құрылуы керек. Бұл комиссия Үкіметпен ұсынылған есептерді, осы есептер бойынша Есеп комитетімен берілген қорытындыларды тексеруді жүзеге асыру керек. Осындай шаралар нәтижесінде Парламент Палаталарының бірлескен отырысында комиссия Төрағасымен баяндама жасалып, осы баяндамадағы ұсыныстарды Парламент қолдаған жағдайда баяндама Парламентпен бекітілуі керек. Үкімет келесі сессияда бірлескен комиссия тарапынан жасалған ұсыныстарға сәйкес жүргізілген шаралар туралы Парламентке мәлімдеуге міндетті. Үкімет үшін мұндай ұсыныстардың маңызы зор. Оның келесі жылдың бюджетін әзірлеу барысында комиссия ұсыныстарын бағдарға алу мүмкіндігі болады. 9. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Республика Президенті тағайындаған Төрағасын Парламент бекіту қажет.

Сатбаева К.

Leave a reply