КІТАПХАНАЛАРДА ҚОСЫМША 11 ҚЫЗМЕТ ТҮРІ КӨРСЕТІЛУДЕ
Білім мен тәрбие берер мәдени орындардың бірі – кітапхана.
Шымкент қаласында ірі 5 кітапхана және 37 филиалы үздіксіз қызмет атқарып келеді.
Қалада биыл кезегімен 10 кітапханаға жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. I-кезеңде 3 кітапхана ашылған болса, Елорда күніне орай 3 кітапхана ел игілігіне берілді. II-кезеңге жоспарланған 4 кітапхананың модернизация жұмыстарын күз айларында атқару жоспарда.
Кітапханалар заманауи үлгіде жаңғырып, ішінен Book Cafe, Coworking Center, шахмат клубы, Relax room бөлімдері ашылған. Балалар кітапханасы мен Абай кітапханасының екі филиалының жаңғыруы қала тұрғындарына қуаныш сыйлап, білімді ұрпақты тәрбиелеуде бір қадам алға басты деуге болады.
Сондай-ақ, қазіргі таңда кітапханаларда оқырманға арналған қосымша 11 қызмет түрі көрсетіледі. Атап айтсақ:
– жеткізгіштердің, форматтардың, стандарттардың барлық түрінен көшірмелер дайындау және оларды өңдеу;
– мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін материалдар дайындау;
– құжаттарды талдамалы-синтетикалық өңдеу және қосымша библиография жасау;
– қолжазбаларды, құнды кітаптарды және құжаттарды реставрациялау;
– көшпелі ақпараттық-көрме іс-шараларын ұйымдастыру;
– білім беру және аудармашылық қызметтерін көрсету;
– қолжазбаларға және құнды кітаптарға сараптама жасау;
– байланыс операторымен шарт негізінде Интернет желісі қызметтерін ұсыну;
– құжаттарды электронды жеткізу, тақырыптық ақпарат іздестіріп, құрастыру;
– экскурсиялық қызмет ету, фото, бейне түсірілімдер жасау;
– кітапхана шығарған оқу-әдістемелік әдебиетті және басқа да оқу құралдарын өткізу.
Құрметті қала тұрғындары! Өскелең ұрпақ тәрбиесі мен білімі бағытында жаңғырған, заманауи құралдармен жабдықталған кітапханалар сіздерге есігі әрдайым айқара ашық. Жаңғырған, жаңа кейіпке енген кітапханалар сіздерге әрдайым қызмет көрсетуге дайын