Вторник, 17 сентября

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН СУБСИДИЯЛАУДЫҢ ЖАҢА ЕРЕЖЕСІ

0
59

Түркістан өңірі ауыл шаруашылығы саласына, оңның ішінде мал шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы аймақ. Тиісінше, бүгінде бұл бағытта мыңдаған кәсіпкерлер жұмыс істеп, ет-сүт өнімдерінің біраз бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Өз кезегінде Үкімет те шаруаларға қолдау көрсетіп-ақ келеді. Сондай көмектердің бірі – мал шаруашылығы саласын субсидиялау болатын. Осы орайда Түркістан қаласындағы тұрғындарды мал шаруашылығын субсидиялаудың жаңа ережесімен таныстырмақпыз. Аталған ережені ауыл шаруашылығы министрлігі ресми түрде жариялады.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі іргелі фермерлер қауымдастығымен бірлесе отырып, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатындағы мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарауды тапсырған болатын. Атап айтсақ, оның ішінде шағын және орта шаруашылықтарға субсидиялардың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларды алу рәсімдерін жеңілдету және автоматтандыру, субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізу, сонымен бірге, субсидиялау жүйесін мемлекеттің өнеркәсіптік саясатымен өзара байланыстыруды қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер қойылған. Тиісінше, елімізде аталған жұмыстармен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына ірі, орта және шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, салалық одақтар мен қауымдастықтардың, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, ғылыми ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Парламент депутаттары кірген. Өз кезегінде, мал шаруашылығының ахуалымен танысқан жұмыс тобы отырыстардың қорытындысы бойынша қолданыстағы субсидиялау жүйесінің негізгі контурларын сақтай отырып, кейбір қағидаларға нақты өзгерістер енгізуді көздейтін жаңа нұсқаны әзірледі.

Атап өтсек, мал шаруашылығы саласында асыл тұқымды мал басын сатып алу кезінде шошқа шаруашылығын қоспағанда, барлық қолданыстағы субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалдырылған. Өз кезегінде, шошқаның аналық басы үшін өтемақы нормативі бұрынғы 140 мың теңгеден 1 басқа 100 мың теңгеге дейін төмендетілген. Тиісінше, бұл қазақ қоғамындағы шошқа шаруашылығына қатысты пікірталасты сәл де болса саябырсытып, дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға сенімділік сыйлайды деп ойлаймыз.

Leave a reply