Мал шаруашылығын субсидиялау артып отыр
Мал шаруашылығының дамуы тікелей малдың басының санына байланысты екендігі белгілі. Мал шаруашылығы саласында Түркістан облысы бойынша мал мен құс басының және де мал шаруашылығының өнімі өсуі байқалады. Дәл осы саланың дамуы бойынша Түркістан облысы республикада алдыңғы орында. Елімізде экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 75 пайызы, қой етінің 40 пайызы облыстың үлесінде. 30700 тонна ірі қара мал еті, 3200 тонна қой еті экспортқа жіберілді. Өткен жылдың ішінде 4 млн. тонна мал азығы жиналып, жоспар артығымен орындалды. Бүгінде өңірде мал шаруашылығын дамытуға баса көңіл бөлінуде.
Түркістан облысының әкімдігі асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға субсидиялау нормативтерін бекітті. Жалпы, ағымдағы жылы мал шаруашылығын субсидиялауға 11 млрд 650 млн 825 мың теңге бағытталатын болады. Оның ішінде ет және ет-сүтті мал шаруашылығына 3 млрд 910 млн 725 мың теңге, сүт және сүт-етті мал шаруашылығына – 2 млрд 275 млн теңге бағытталады. Етті құс шаруашылығына 300 млн теңге бөлінеді. Түркістан облысында өткен жылы 906,5 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өсім 101,7 пайызды құрады. Егіс көлемі 845500 гектарға орналастырылып, жоспар 2100 гектарға артығымен орындалды.
Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде көкөніс, бақша, картоп өнімдерінің түсімділігі орташа 50 центнерге көбейіп, өнім 2020 жылмен салыстырғанда 429 000 тоннаға артып, рекордтық көрсеткіш 3,3 млн. тонна өнім жиналды. Жаңадан 122 гектарға жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 1,5 мың гектарға жуықтады (республикада үлесі 71%). Жылыжайлар көлемі қосымша 122 гектарға ұлғайтылып, жалпы 1590 гектарды құрайды. Биылғы өнім көлемі жылдағыдан артық болмаса кем болмайды дейді ауыл шаруашылығы саласының мамандары. Биыл ылғал үнемдеу технологиялары ендірілген алқап 4 000 гектарға жеткізіледі. 1 262 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынып, 5 пайызға жаңартылады. Алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 1,3 трлн. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл межені түркістандықтар ойдағыдай орындап тастайтыны белгілі. Өйткені еңбексүйіш түркістандықтар жыл сайын еліміз бойынша алдыңғы қатардан көрініп жүр.