МАНКЕНТТЕ «МЕДИКАЛ ЦЕНТР МАНКЕНТ» ЖЕКЕМЕНШІК МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

0
157
Бүгін аудан әкімі Уласбек Садибеков Манкент ауылдық округіндегі «Медикал центр Манкент» жекеменшік медициналық орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Тиісті басшылар тұсауы кесілген жаңа нысанның ішін аралап, онда науқастарды тіркеу, қабылдау және емдеу-сауықтыру бөлмелерімен танысты.
Манкент ауылындағы 40 соттық жер теліміне үш қабаттан тұратын ғимаратты кәсіпкер Ирисали Бекенов отбасымен бірге тұрғызып, халықтың игілігіне ашты. Бүгінгі таңда осы медициналық клиникада бір мезетте 250-ден 300 науқасқа дейін қабылдауға дайын. Кәсіпкер өз есебінен аталған нысанға 280 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсаған. Жиһаздар мен медициналық бұйымдармен жабдықталған. Нысан құрылысы өткен жылдың қыркүйек айынан басталып, ағымдағы айға дейін аяқталды.
Жеке кәсіпкер жекеменшік медициналық клиникасына тәжірибелі, жоғары кәсіби білікті мамандар қабылданып жатқанын тілге тиек етті. Келушілерге сапалы, ақылы қызмет көрсетілетін болады. Алдағы уақытта жергілікті ауруханалармен келісімшарт түзу арқылы тұрғындарды осы орталыққа қабылдап, тегін көмек алуына жолдама беруіне байланыс жасау мәселесі көзделіп отыр.
Аралау соңында аудан әкімі жеке кәсіпкердің халықтың денсаулығын жақсарту бағытында бастаған игі ісін қолдап, сәттілік тіледі.
Айта кетелік, ауылдық округіне қарасты Манкент және Аққала елді мекендерінде 34 мыңнан аса тұрғынға «Манкент» бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы қызмет көрсетуде.

Leave a reply