МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде мәдениет және спорт салаларын дамыту жолдары, өзекті мәселелері талқыланды. Өңір басшысы аталған басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жүйелеуді және жандандыруды тапсырды.
– Мәдениет және спорт – елдің еңсесін көтеріп, сана-сезімін өгертіп, қоғамға әсер ететін салалар. Мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандырып, қазақтың өнерін, мәдениетін, салт-дәстүрін жас өскіннің бойына сіңіру керек. Облыс аумағындағы мәдениет және спорт нысандарының бірінші кезекте қажеттілігін анықтау бойынша бекітілген критерийге сәйкес 3 жылдық кешенді жоспарды қайта бекітуді тапсырамын. Облыстағы білім, мәдениет, денсаулық сақтау және тағы басқа әлеуметтік нысандарға типтік жобалау-сметалық құжаттамасы қажет. Аймақта өтетін концерттік бағдарламаларды облыстың имиджін көтеретін креативті идеялармен толықтырып, алдағы Наурыз мерекесін Түркістан қаласында және аудан, қалаларда жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Өңірдегі спорт мекемелерінің ғимараттарының мәселесін шешу үшін нақты ұсыныс енгізіп, жұмысты жүйелеңіздер, – деген Нұралхан Көшеров аталған сала басшыларына сын-ескертпе айтып, нақты міндеттер жүктеді.
Мәжілісте Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмасбек Нақыпбековтың есебі тыңдалды.
Жуырда аудан, қалалардағы мәдениет нысандары құрылысының 3 жылдық жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес 2025-2027 жылдар аралығында 30 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Мәдениет нысандарына мониторинг жүргізіліп, тиісті ұсыныстар енгізілген. Облыстағы кәсіби 3 театрда биылғы жылы 15 жаңа қойылым қойылмақ. Облыс аумағында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқаулар мен фестивальдердің өту форматтары жаңаша бағытта жоспарлануда. Республикалық «Түркістан дауысы» байқауы, халықаралық «Voice of Turan» фестивалі, «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы, термешілердің «Түркістан мақамдары» республикалық байқауы, «Turkistar» балалар шығармашылық фестивалі және өзге де маңызды мәдени-рухани іс-шаралар өтеді.
Облыс әкімінің тапсырмасымен аймақта спорт нысандарының қажеттілігіне мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 108 спорт кешенін салу және 48 ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Бүгінгі таңда облыс аумағында 3540 спорт нысаны тіркелген. Оның 2577-сі білім беру мекемелерінде болса, әкімдік теңгерімінде 543 нысан бар. 270 нысан жеке меншікте, ал 150 нысан спорт мекемелерінің меншігінде. Басқармаға бағынысты және қала, аудан әкімдіктеріне қарасты 100 спорттық ұйым қызмет атқаруда. Жөндеуді қажет ететін спорт нысандарына да жыл сайын кезең-кезеңімен қаржы бөлінуде. Дәлірек айтқанда, биыл 14 ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Спорт нысандарына қажеттілікті азайту мақсатында 2025 жылы 51 спорт нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.