МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ҚҰРАМЫ ЖАСАРА ТҮСТІ

0
55

Жуырда «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында жаңа жоба бастау алғанын жазған болатынбыз. Онда облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары баспасөз мәжілісін кезегімен өткізіп, атқарған жұмыстары жайында және ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап беруі көзделген. Игі бастама бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалында жалғасын тапты. Кезекті кездесуге шаһардың мәслихат депутаттары Сүлейменова Жамила Төреханқызы мен Аюпов Данияр Мәдіханұлы БАҚ өкілдеріне 4 ай ішінде атқарған жұмыстарын баяндады.

Жиында алғашқы болып сөз алған Жамила Төреханқызы өз баяндамасында жыл басынан бері бюджетке қатысты 2 шешім қабылданғанын айтты. Сонымен қатар, қалалық мәслихатта 4 сессия отырысы  өткізілген. Тұрақты комиссиялардың отырысы 8 рет өткізіліп, жиында 24 мәселе қаралған. Онда 24 шешім қабылданған. 2023 жылға арналған бюджет жалпы кірістер 143,8 %-ды, өзіндік кірістер 139,1 %-ды құрағанын жеткізді халық қалаулысы. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес, депутаттық өкілеттілігіне байланысты, тұрғындардың өтініштері негізінде және қоғамдық қабылдаудың нәтижесі бойынша атқарушы орган өкілдеріне депутаттық сауалдар жолданған. Елдің тұрмыс-тіршілігімен танысып, оларды алаңдатқан мәселелер бойынша 8 қоғамдық қабылдау арқылы 37 азаматтың мәселесі қаралыпты.

Ағымдағы жылдың 19-наурызында өткен кезектен тыс депутат сайлауында жеңіске жетіп, «Бірлік» секторы атынан қалалық мәслихат депутаты атанған Данияр Мәдіханұлы өзіне қарасты қала бөлігіндегі мәселердің оңтайлы шешімін тауып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, қиындықтардың да кездесіп жатқанын жасырмады.

Ел қалаулыларының баяндамасынан кейін, БАҚ өкілдері өздерін алаңдатқан сауалдарын қойды. Жуырда ғана қоғам талқысына ұсынылған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы»заң жобасына байланысты халық қалаулыларының көзқарасын білмек мақсатта және ол заң қолданысқа енгенде нендей жаңашылдыққа жол ашылатыны жөніндегі сауалға тиісті жауап берілді. Сонымен қатар, көшелердегі кәріз жүйесін жүргізу жұмыстарынан кейінгі қазылып қалған жерлердің мәселесі көтеріліп, алдағы уақытта түйіткілдің шешілу жолдарын бірлесе қарауға келісті кездесуге жиналғандар. Төрт ай бұрын ғана депутаттық мандатқа ие болған халық қалаулыларының құрамы жасара түскенін тілге тиек еткен тәжірибелі депутат Жамила Төреханқызы алғаш депутат атанған әріптестеріне жоғары баға беріп, олардың біліктілігін ерекше атап өткенін айта кеткен жөн.

Досхан ТӨЛЕГЕНОВ

Leave a reply