Олар келешекте әлеуметтік қолдауға мұқтаж болмайды

0
51
ҚР Президентінің 1993 жылғы 15 маусымдағы №1224 Жарлығымен қазан айының екінші жексенбісі Қазақстан Республикасының «Мүгедектігі бар адамдар күні» болып бекітілген. Айтулы мереке жылда аталып өтеді. Осыған орай газет тілшісі Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаевамен әнгімелескен еді. 
– Әсия Құралқызы, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет қамқорлығына алынған. Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Өңірімізде осындай санатта қанша адам тіркелген? Қайбір жылдары 102 мыңнан астам мүгедек бар еді. Олардың тыныс-тіршілігіне қысқаша тоқталып өтсеңіз…
– Түркістан облысында 97,1 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде бірінші топтағысы – 7 709, екінші топта – 35 787, үшінші топта – 38 689. Сонымен қатар 14 916 мүгедектігі бар бала өмір сүреді. Дұрыс айтасыз, олар мемлекет қамқорлығында. Елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау ҚР Конституциясымен, «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңымен және өзге де нормативтік-құқықтық актілерімен реттеледі. Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Еліміздің 65 Заңына және 11 Кодекске өзгерістер енгізілді.
– Ол қандай өзгерістер?. Атап бере аласыз ба?
– Заңмен көзделген өзгерістер арасындағы:
– «мүгедек» деген сөзін «мүгедектігі бар адам» деген сөздермен және «мүгедек балаға» «мүгедектігі бар бала» деген сөздермен өзгерту;
– «рабилитация» ұғымын енгізу (мүгедектігі бар адамдардың тұрмыстық, қоғамдық және кәсіптік қызметке қабілеттерін қалыптастыруға және дамытуға бағытталған шаралар кешені);
– психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларды ашу жөніндегі нормативтерді 60 мың баладан 50 мың балаға дейін төмендету;
– денсаулық сақтау ұйымдарында мүгедектігі бар адамдарға бірінші кезекте қызмет көрсету құқығын айқындау;
– мүгедектігі бар баланы санаторий-курорттық емдеуге алып жүретін заңды өкілдердің біріне санаторий-курорттық ұйымда болу құнын халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын санаторий-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманы 70% мөлшерінде өтеу;
– такси тасымалдаушыларында
10 автомобильге мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау бойынша бір мамандандырылған автокөліктің міндетті түрде болуын белгілеу. Норма 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі;
– құқықтық және техникалық сипаттағы нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде жеке нотариустардың қызметтеріне ақы төлеуден босатылған адамдар санатына үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды қосу;
– Қазақстан Республикасының аумағында адам саудасының құрбандары ретінде анықталған және сәйкестендірілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсыну;
– мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін сақтай отырып, «электрондық үкімет» веб-порталының компоненттерінде интернет-ресурстар құру және ақпаратты орналастыру;
– мүгедектігі бар адамдарға заңгерлік-консультациялық қызметтер көрсету мақсатында мүгедектігі бар адамдар мәселелері бойынша аудандар, қалалар әкімінің штаттан тыс кеңесшісін тағайындау.
– Мұндай санаттағы адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл толады деп айтуға әлі ерте сияқты. Сіз қалай ойлайсыз? 
– Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту олардың тыныс-тіршілігінің шектеулерін еңсеруі үшін жағдайлар жасауға, әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге, олардың әлеуметтік-тұрмыстық және қоршаған ортаға бейімделуіне бағытталған. Олар ҚР заңнамасына сәйкес оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша протездік-ортопедиялық, сурдо-тифлотехникалық, міндетті гигиеналық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емдеумен, жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтерімен және басқа да әлеуметтік оңалту құралдарымен қамтамасыз етіледі.
Түркістан облысында биыл мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдауға барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 6,4 млрд. теңге қарастырылды. 1 қыркүйекке дейінгі мәлімет бойынша жеке оңалту бағдарламасының орындалу деңгейі 76,6%-ды құрады. Өздеріңізге мәлім, 2021 жылғы қаңтардан бастап мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қызметтер порталына толық көшу жүзеге асырылды.
Порталға оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдау құқығы (олардың рейтингін, басқа пайдаланушылардың пікірлерін, құны мен сапасын ескере отырып), оларды алу мерзімдерін қысқарту, бизнес-процестердің ашықтығы, кең ассортимент және неғұрлым қымбат тауар үшін қосымша ақы төлеу мүмкіндігі берілген. Бүгінде порталда 100-ден астам өнім беруші тіркелген. Осы талап тұрғысынан бұл бұрынғы тәсілге қарағанда анағұрлым тиімді деп санаймын.
Жүріп-тұруы қиын, кресло-арбамен және жеке көмекшінің қызметтерімен қамтамасыз етуге көрсеткіштері бар
І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға қолдаудың қосымша шарасы ретінде «инватакси» қызметтері қамтылған. Облыс бойынша 35 инватакси және 42 әлеуметтік такси жергілікті бюджет қаражаты есебінен тасымалдау қызметін көрсетеді.
– Мүгедек жандар үшін барлығын қолжетімді етуде және кедергісіз орта қалыптастыруда әлі де кемшіліктерден арыла алмай келеміз. Неге?
– Осы бағытта жүйелі жұмыс жасалуда. Әрине, бәрін бір мезгілде жүзеге асыру қиын шаруа екені анық. Оған біршама уақыт керек. Рас, мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кедергісіз кіруге конституциялық құқықтарын сақтау мақсатында облыста мүмкіндігі шектеулі адамдар жиі баратын объектілерде кедергісіз орта құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Айта кетейін, 2012-2020 жылдары 3 472 нысан паспортталды. Ал, биыл «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 516 нысанды бейімдеу жоспарланған. Бұл мақсатта жергілікті бюджет және демеушілер есебінен 177,7 млн. теңге қаралған. Мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта қалыптастыру шараларына зерделеу жүргізу мақсатында әр аудан, қала деңгейінде «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мониторингтік жұмыс тобы құрылды.
Мысалы, Кентау қалалық мониторингтік топ мемлекеттік және жекеменшік мекемелерге қолжетімді орта қалыптастыру және әдістемелік көмектер көрсетіп, қолданыстағы ережелер жиынтығының талаптарына сәйкестендіру туралы түсіндірме жұмыстарын қолға алды. Нәтижесінде, 27 мекемеге айыппұл салынып, түзету жұмыстары жүргізілуде. Қолжетімділік көрсеткіштерін жоспарлы арттыруды қамтамасыз ету үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бейімделген объектілер бойынша мәліметтер көрсетілетін «қолжетімділіктің интерактивті картасын» әзірлеп, іске қосты.
– Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру оңайға түспейді…
– Ойыңызды түсіндім. Облысымыздағы 97,1 мың мүгедектігі бар адамның 58,3 мыңы немесе 60%-ы жұмыс істеуге қабілетті. Осы ретте Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 сәуірдегі  «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» заңының 31-бабына және 2016 жылғы
6 сәуірдегі «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңының 27-бабына сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарын, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квоталар бекіту қарастырылған. Осыған орай 2022 жылғы 13 маусымдағы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің № 498 бұйрығымен ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санын 2-ден 4 пайызға дейін көбейтуге  квота мөлшері бекітілген. 2022 жылы мүгедектігі бар адамдар үшін жалпы облыс бойынша 227 мекемеден 278 адамға жұмыс орындарының квотасы бекітіліп, биылғы 1 қазанға дейінгі мәлімет блйынша нақты 106 адам жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек,  «2021–2025 жылдары кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде 3 мың мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту шараларына жолдау жоспарланып, қазіргі кезеңге 3 810 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 1 012 адам тұрақты, 2 653 адам уақытша жұмыспен қамтылып, 126 адамға грант берілді.
19 адам кәсіптік оқуға жолданды. Мысалы, Жетісай ауданындағы үшінші топтағы мүгедектігі бар адам Б.Бейсенов биыл жаңа бизнес идеясы үшін грант алып, темірден есік, балалар алаңшасына ойын-сауық құралдарын жасайтын дәнекерлеу цехын ашты. Кентау қаласындағы осындай санаттағы Б.Байдүйсенов те грант алып, тез жиналмалы лего қабырға жасайтын цехты жетілдіру үстінде.
– «Бұл ән басқалардан өзгерек» демекші, биылғы мейрам қалай аталып өтеді?
– Мүгедектігі бар адамдардың күні бір айға созылады. Атап айтқанда, қазан айының ішінде бірқатар іс-шараларды өткізу жоспарлануда. Мұны мүгедектігі бар адамдарға арналған айлық деп атасақ та болады. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды бекітті. Сонымен айлықтың алғашқы аптасы «Барлығына қолжетімді туризм» деп аталады. Екінші апта «Қолжетімді спорт» бағыты бойынша өтеді. Үшінші апта Үйлестіру кеңесінің отырысында әлеуметтік кодекс жобасын талқылауға арналады. Төртінші апта «Мүгедектігі бар адамдар күні» мен «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлер күні» мерекесіне арналған қорытынды салтанатты шара ұйымдастырумен түйінделеді.
– Мереке құтты болсын! Әңгімеңізге рахмет!
 
Сұхбатқастан Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
«Ońtústik Qazaqstan».

Leave a reply