ОРДАБАСЫДА БИЫЛ «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫМЕН ТҮЙЕ СҮТІН ӨҢДЕЙТІН КООПЕРАТИВ ҚҰРЫЛАДЫ

0
123


Биыл Ордабасы ауданы Бөген ауылдық округінде түйе сүтін өңдейтін ауылшаруашылық өндірістік кооператив құрылмақ. Кешенде 200 басқа дейін түйе бағылып, оның сүтін жинау, өңдеу және саудаға енгізу жоспарланып отыр. Жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылмақ.
Айта кетейік, ауданда биылғы жылы төрт ауылдық округте аталған бағдарлама арқылы ауыл шаруашылығындағы жаңа жобаларды қаржыландыру көзделген. Атап айтар болсақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасының ІІІ кезеңін – Қажымұқан, Шұбарсу, Төрткүл және Бөген ауылдық округтерінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Биылғы жылы жобаға 410 адам қатысып, 422 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жалпы жылқы, сиыр малындай емес, түйенің жейтін шөбі басқа. Сондықтан оның сүті де ерекше болып келеді. Түйе жиде, жыңғылдың гүлдерін, қараталдың басын, тікен, жантақ шөптерін азық етеді. Қымыранды ішкен адамның қарны да ашпайды. Ол – әрі сусын, әрі тамақ. Түйе сүтінің маңыздылығы, майлылығы жоғары. Іш құрылыстары ауыратын адамдарға бұл – мың да бір ем.
Әсіресе, асқазан жарасына шипалы. Шұбаттың арқасында осындай дертпен ауырған талай адам жазылып кетті. Сондай-ақ, қымыран-шұбат адамның иммунитетін көтереді.
Жақында ғана ғалым-профессор Мұсатілла Тоқанов диабеттен құтқарудың ғылыми негізін жасады. Сусамыр дертіне шипа таппай әлемдік медицина дағдарып жатқанда, шымкенттік ғалым Мұсатілла Тоқанов дауасын түйе сүтінен тапты.
Қазір дүниені рак ауруы теңселтіп тұр. Әлемдік медицина дәрменсіз. Бірақ емін жаппай іздеп жатыр. Мәскеудің Герцен атындағы онкологиялық институтының профессоры Р.И. Якубовская бастаған бір топ ғалымдар обыр ауруының алдын алатын лапрот деген препаратты өндіріске енгізбекші. Профессор ракқа қарсы лактоферрин деген ферментті ана сүтінің ақуызынан тапқан. Бірақ ғылыми жаңалықтың өзіндік қиындықтары аз емес. Мәселен, 1 грамм лактоферринді алу үшін 25 әйелдің сүті өңделуі керек. Оның өзіндік құны 2500–3000 АҚШ доллары. Ал 100 грамм алу үшін 2,5 тонна ана сүті керек.
Ғалымның дәлелдеуінше, түйе сүтінен де лактоферрин алуға болады. Сонымен қатар, түйе сүті сиыр сүтімен салыстырғанда «С» дәрумені 5 есе, «РР» 3 есе, «Е» 2 есе, «темір» 10 есе, «кальций» 1,5 есе, «лактоферрин» 30 есе көп. Басқа қасиеттерін санамағанда, құрт ауруына, ішек-құрылыстары, бауыр, дәрумен жетіспеушілік, қан аздық және қант ауруына бірден-бір еміңіз түйе сүтінде.
Түйе сүтінің адам ағзасына тигізер шипасы орасан.
Біріншіден, адамның асқазаны мен ішегіне көмегі көп.
Екіншіден, жүйке жүйесін қалпына келтіреді. Адам ағзасын орнына келтіруге пайдасы зор. Сондықтан күнделікті тағам рационына түйенің сүтінен жасалған шұбатты қосатын болсаңыз, ішіп-жегеніңіз жақсы қорытылып, қуатыңыз арта түседі.
Осыдан біраз бұрын қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов «Қымыз бен шұбат туралы арнайы заң керек» деп Үкіметке депутаттық сауал жолдаған да болатын. Қымыз-шұбат мәселесінің Парламент мінберінде көтерілуі бұл бірінші рет емес. Барды бағалай білу керек емес пе?
Шұбат – түйе сүтінен өндiрiлді, бұл сусын қазақ аспаздығында кеңiнен қолданылады. Түйенің сүтін ашыту арқылы дайындалынатын сусын. Шұбат биологиялық құрамы бойынша тек қана нәрлi және дәмдi азық қана емес, сондай-ақ А, В1, В2, С дәрумендерiнiң көзi. Мысалы, В1, В2 дәрумендерi бойынша түйе сүтi сиыр сүтiнен асып түседi. Шұбаттың бiр литрi адам ағсасының С дәруменiне және рибофлавинiне тәулiктiк қажеттiлiгiн қанағаттандыра алады. Шұбат айранға қарағанда май, ақуыз, кейбiр минералды заттарға, дәрумендерге өте бай. Ірімшіктер клеткаларды қалпына келтіру үшін керекті жоғары сапалы белок көзі болып табылады. Олардың құрамында көп мөлшерде кальций, A, D және В тобының дәрумендері болады. Сондай-ақ олардың құрамында жеңіл сіңетін майлар бар. Балаларды ақ сыр жеуге үйрету маңызды, олардың құрамында май мен натрийдің мөлшері аз. Бұл тамақтанудың дұрыс дағдыларын қалыптастырудың маңызды элементі.
Керек десеңіз, шұбат – қырық түрлі ауруға ем. Кезінде елімізде өкпе ауруларын тек шұбат-қымызбен емдейтін 15 шипажай болса, бүгінде олардың жұмысы тоқтап қалған.
Керісінше, Ресей 80-нен астам шұбат өндіретін агрофирма ашып, осы елде қымыз бен шұбат арқылы емдейтін 48 шипажайдың жұмысын жолға қойған.
Шұбаттың емдік қасиеттеріне Жапония мен Батыс Еуропа елдері де ерекше қызығушылық таныта бастаған. Мәселен, Германия біздің ұлттық сусынымызды дайындап, оның ұнтағынан түрлі тағамдар мен косметикалық заттар алуды игерген.
Иә, қазақ шұбат ішуден қалып бара жатқандай. Бүгінде дүкендердегі қымыз-шұбат сусындары мүлдем талапқа сай келмейді деген де пікір бар. Бәлкім, шұбатты ғылыми тұрғыда зерттеу орталығы ашылса, біраз мәселе шешімін табар…
Мұнан бөлек, қазақтың ұлттық тағамдары деген республикалық ұлттық орталық ашуымыз керек-ақ. Кезінде ұлттық сусындарды түбегейлі зерттеп, қымыз бен шұбатты баптап, әзірлеудің, он айға дейін алғашқы дәмі мен сапасын сақтайтындай технологиясын, оларды ұнтақ түрінде дайындаудың әдістерін де ойлап тапқан қазақ ғалымы профессор Зұлхайнар Сейітұлы еді. Қайткен күнде де шұбаттың қасиетін насихаттауды бір сәтке де тоқтатпаған жөн. Сонда жастарымыз арақ-шарапқа құмар болмай, ұлттық сусынымызға бет бұратын еді. Ел арасында маскүнемдер азайып, түрлі аурулар мен өлім-жітімнің алдын алар едік. Әйтпесе, қазақтың қымызы мен шұбатын да, ұлттық ойындарын да шетелдіктер иемденіп барады. Осының бәрін салыстырып қарағанда, ұлттық сусынымыз шұбатты әлі күнге дейін дамыта алмай отырғанымыз бойкүйездік пен немқұрайлылық емес пе?
Ата-бабамыздың аманатына адалдық танытып, ардақтаған асын, сүйсіне ішкен сусындарын ұлттық брендке айналдыру үшін қымыз бен шұбат жөнінде арнайы заң қабылдауымыз керек. Сонымен бірге, ұлттық сусындар өндіргісі келетін фермерлерді ынталандыратын жеңілдіктер қарастырылуы қажет. Ендеше, қымыз-қымыран ішіп денсаулықты жақсартып жүргенге не жетсін!

Leave a reply