Президенттің тапсырмасына сәйкес өңір әкімі тұрғындармен жүздесті

0
50
Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаев: «Барлық деңгейдегі әкiмдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсiн. Кездесулер барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, проблемалық мәселелерді шешудiң жолдары мен мерзімдерін түсіндірсiн,»-деп әкiмдерге тапсырма берген болатын. Осы орайда Президент Жарлығына сәйкес көп жылдан бері ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелердің бірі болып келген Созақ ауданындағы «Жылыбұлақ» каналының мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінен кейін шешімін тапты. Биыл жобалау сметалық құжаттамасы дайындалып, облыстық бюджеттен құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаражат бөлінді. Жоба құны – 470 млн.теңге. Бұл канал пайдалануға берілген соң 650 га суармалы жер мен Құмкент, Қызылқанат елді мекендері тұрғындарының 133 га егістік жерлері ағын сумен толық қамтамасыз етілетін болады.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен тұрақты кездесуі Созақ ауданында жалғасты. Ел алдында есеп берген облыс басшысы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, жеткен жетістіктер пен жасалған жұмыстың мән-жайымен тұрғындарды таныстырды. Сонымен қатар алға қойылған мақсат-міндеттермен бөлісіп, қолға алынатын жобаларға кеңінен тоқталып өтті. Халықпен кездесуге Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Нұралы Әбішев, облыстағы барлық басқарма басшылары қатысты.Биыл 6 айда Созақ ауданындағы өнеркәсіп көлемінің көрсеткіші 265 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 40 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 19 млрд. теңгеге артты.
2027 жылға дейін ауданда 1 трлн. теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, келер жылы жоба құны 100 млрд. теңге болатын «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысы басталады. «Маңғышлақ-Мұнай» компаниясы табиғи газ өндіру кәсіпорнының құрылысы басталады деп жоспарлануда. Жоба құны — 89 млрд. теңге. 130 млрд. теңгеге «Созақ Фосфат» компаниясының минералды тыңайтқыш өндіру зауыты салынып, 1 мың адам жұмыспен қамтылады. «Састөбе инновациялық комплексі» каустикалық содаға арналған тұз сақтау қоймасы құрылысын бастайды. Қоймада жылына 100 мың тонна тұз сақтауға мүмкіндік болады. «Созақ мұнай және газ» компаниясы қуаттылығы — 2 млрд. текше метр болатын газ өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 700 млрд. теңгені құрайды.
— Жаңа зауыттардың құрылысына аудан аумағынан жер телімдері айқындалып, құрылыс жұмыстарына қажетті барлау жұмыстары жүргізіліп, құжаттары рәсімделуде. Бұл жобалар іске асырылғанда 1 706 тұрақты жұмыс орны ашылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен септігін тигізетін болады. Біз өнеркәсіп саласын дамытуға күш саламыз. Халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін зауыт-фабрикалар салуға басымдық береміз. Кәсіп бастауға ниетті барлық азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіледі,-деді Дархан Сатыбалды.
Әкімнің осыған дейінгі кездесуінде ауданның бірқатар маңызды мәселелері көтерілген еді. Олар кезең-кезеңімен, заң талаптарына сай жүзеге асуда. Осы уақыт ішінде алдағы қыс-көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Аққолтық елді мекеніндегі бөгеттер тұрғызылып, арықтар қазылды. Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің тұрғындарына қосымша су өткізгіш құбырларын орнату жұмыстары жүргілуде. Шолаққорған ауылының ішкі газ құбырының желісін тарту жұмыстары биыл толық аяқталады. Ауылға газ беру үшін автоматты газ тарату станциясы мен магистральды газ құбырының құрылысы келер жылы аяқталады. Ақшам, Наурыз шағын аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Электр жарығының жиі өшуіне байланысты ескі подстанция жаңартылатын болды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша Созақ ауданының облыстағы үлесі 60 пайызды құрайды. Биыл 6 айда жалпы өңірлік өнімнің көлемі 283 млрд. теңгені құрады. Созақ ауданы өнеркәсібі дамыған аудан болғандықтан облыс көлемінде өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған бірден-бір дотациясыз аудан болып саналады. Жергілікті бюджет кірісі жыл басынан бері 7,5 млрд.теңгеге жеткен. 14 мың гектар жерге егін егіліп, өсімдік шаруашылығының өнімі 4,7 млрд. теңгені құрады. Созақ ауданы бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтерінде іске асырылуда. 4 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, 76 жоба мақұлданды.
Ауданның инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы инвестициялық бағдарламасының аясында биыл 26,5 шақырым электр желісі мен тозығы жеткен 3 трансформаторды ауыстырады. Ағаш бағаналары темір бетон бағаналарына ауыстырылады, жаңа трансформаторлар орнатылады. Биыл жергілікті бюджеттен қосымша 362 млн. теңге қаржы бөлініп, 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық маңызы бар Шолаққорған — Созақ, Созақ — Қарағұр, Шолаққорған — Құмкент жолдарының 152 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
— Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев абаттандыру, елді мекендерді таза ұстау мәселелеріне ерекше назар аударады. Аудан аумағын көркейтіп, қоршаған ортаны тұрмыстық қалдықтардан тазарту, жол бойындағы кәсіпкерлік нысандар мен үйлердің қасбеттерін ретке келтіру жұмыстары үнемі бақылауда болуы қажет. Бұл жергілікті әкімдердің жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Тұрғындарды да осы жұмыстарға атсалысуға шақырамын.Тазалықты алдымен өзімізден бастасақ, шеттен келетін қонақтарға да дұрыс көзқарас қалыптастыратын боламыз. Былтыр демеушілер есебінен Шолаққорған ауылынан Түркістан бағытына шыға беріс жолының бойында 3,2 гектар жер телімі қоршалып, 3,5 мың көшет отырғызылған болатын. Көгалдандыру аймағына тамшылатып суғару жүйесі жүргізілген. Биыл бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, қосымша 1,6 га жер теліміне 2 мың түп көшет отырғызылды. Жалпы, биыл аудан аумағын көгалдандыру мақсатында 18 670 көшет отырғызылды,-деді өзі сөзінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Ауданда орналасқан өндірістік кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер демеушілігі есебінен соңғы үш жылда 1,3 млрд. теңгеге бірқатар нысандар бой көтерді. Екі мешіт салып берді. 6 балалар алаңшасын, 5 спорт алаңын салып, 12 көшені жарықтандырды. 15 нысанды абаттандырып берді. Созақтықтар аз қамтылған көп балалы отбасыларға 11 үй сыйлады. Солардың бірі осыған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінде баспана сұраған мүгедек әйел бүгін арнайы алғыс айту үшін келді. Оған жергілікті кәсіпкер баспана сыйлаған.
Халықтың табысын арттыру мақсатында Созақ ауданында 6 айда 550 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауданда жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрайды. Бұл облыстағы ең төмен көрсеткіштердің бірі.
«Жайлы мектеп» пилоттық жобасы бойынша Шолаққорған ауылындағы 1961 жылы салынған Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің жанынан жаңа 900 орындық мектептің құрылысы биыл басталып, келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Биыл оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасау үшін, 23 оқу кабинеттерін жабдықтауға 182 млн. теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындармен дидарласқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды елдімекендерді дамыту мен халықтың тұрмыс-тіршілігін арттыруға бағытталған игі істер жалғасын таба беретінін жеткізіп, тұрғындардың қойған барлық сұрақтары мен ұсыныс-пікірлеріне жауап берді. Азаматтарының талап-тілегі мен өтініштерін тыңдады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әр 6 ай сайын халыққа атқарылған жұмыстың есебін беріп, тұрғындарды толғандырған мәселелермен жақын танысады. Мұндай жиындар өңірдегі барлық аудандар мен қалаларды қамтиды.
Созақ ауданының орталығы, Шолаққорған ауылынан заманауи үлгідегі 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы басталды. Жалпы ауданы 3 га болатын спорт кешенінің оқу-жаттығу базасы да барлық заманауи талаптарға сай. Кешенде түрлі облыстық, республикалық және халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Екі қабатты ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес және аралас жекпе-жек пен боксқа арналған зал, бассейн, футболмен айналысуға арналған ашық спорт алаңы бар. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тұрғындармен кездесуінде көтерілген мәселеден соң құрылысы қолға алынған заманауи спорт кешенін келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Жобаның құны 2 млрд. 65 млн. теңгені құрайды. Облыс әкімі
Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Нұралы Әбішев пен Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековпен бірге заманауи спорт кешенінің құрылыс алаңында болды.
— Созақ ауданына былтырғы сапарымда, осы ауданның тумасы, Мұрат есімді жаттықтырушы азамат Шолаққорған ауылында спорт сауықтыру кешенін салу жөнінде ұсыныс көтерген болатын. Аталған ұсыныстың маңыздылығын ескере отырып, Шолаққорған ауылында спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша шешім қабылданды. Спорт кешенінде футзал, бокс, күрес залы, 25 метрлік бассейн, сондай-ақ, кешеннің сыртқы аумағында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, жеңіл атлетика жолы қарастырылған. Бұндай заманауи үлкен спорт кешені сіздердің ғана аудандарыңызда бой көтеріп жатыр,-деді Дархан Сатыбалды.
Созақтықтардың спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 200-дей спорттық нысан жұмыс істейді. Соңғы үш жылда 6 балалар ойын алаңшасы, 7 кіші футбол алаңшалары және 6 стрит воркаут алаңшасы салынған. Нәтижесінде, ауданда бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны бүгінгі таңға 26 мың адамнан асып, аудан халқының 41%-ына жетті.
Қазіргі таңда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында Созақ ауылында спорт алаңының құрылысы жүргізілуде. Кешен пайдалануға осы жылдың желтоқсан айында тапсырылады (жоба құны 483 млн. теңге). Бұдан бөлек, Қаратау ауылында жабық кіші футбол алаңының құрылысы жүргізілуде. Нысан биылғы жылдың қыркүйек айында тапсырылады (құны 93,4 млн. теңге). Созақ ауданына жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудандағы индустриалды аймақты аралап, кәсіпкерлермен кездесті. Ауданда отандық өндірісті дамытып, бірлескен инновациялық жобалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы экспорттық нарықтарды игеруге басым бағыт берілген. «UKO-S Star металл құрастыру зауыты» ЖШС-нің жұмысымен танысқан облыс басшысы кәсіпкерлерді ауданның көркеюі мен әл-ауқатының жақсаруы үшін біріге жұмыс істеуге шақырды.
— Кәсіпкерлік саласы – бүгінгі күннің басты талабы. Оны дамытуда мемлекет тарапынан қолдау көп. Еңбектенемін деген жанға мүмкіндік мол. Мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін тиімді тәсілдер қолданып жатыр. Атап айтқанда, гранттар, шағын және жеңілдетілген несиелер беріледі. Шағын бизнесін шарықтатып отырған кәсіпкерлер саны біздің өңірде күн санап көбеюде. Бізге орта бизнестің дамуына тың серпін беретін кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет. Әкімдік бизнес-идеяларды қолдауға әрқашан дайын. Жаңа жұмыс көздерінің ашылуы да қуантарлық жағдай. Осы бағытымыздан таймаймыз,-деді Дархан Сатыбалды.
Кәсіпорын уран өндірісіне арналған 210 литрлік металл бөшкелерін шығарып, ауданда өндіріліп жатқан уран өндірісіне қажетті құрал — жабдықтарды жергілікті өніммен қамтамасыз етуде. Зауыт жылына 170 000 дана металл бөшке шығарады. Сондай-ақ техникалық майларға арналған ыдыс жасауды қолға алды. 35 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.

Leave a reply