Президент бастаған реформалар жүзеге асып жатыр

0
45
Биыл еліміздің Ата Заңы саналатын 2022 жылғы 5 маусымда барша қазақстандықтар Президент бастаған реформаларды қолдады. Дәл осы күні бір жыл бұрын мен де кез келген мемлекеттің тірегі болып есептелетін отбасыммен бірге барып, жарқын болашаққа дауыс беріп, Мемлекет басшысына қолдау көрсеттім. Меніңше, өз елінің саяси өміріне белсене араласатын, күрделі де маңызды шешімдер қабылдайтын және оған жауапкершілікпен қарайтын адамдар – Тәуелсіз Қазақстанның дамуының кепілі болып есептеледі. Осындай өз елім, жерім деген азаматтардан құралған қоғам, өзін алдауға, ешқандай қиянатқа жол бермейді деп білемін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне қатысты бейне-үндеуі де көптің көкейіндегісін дөп басқан маңызды мәлімдеме болды.
«Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата заңымызға өзгерістер енгізу қажет” деген Президент Конституцияның үштен бірі халық қалаған өзгерістер негізінде реформаланатынын жеткізді. Бұл — ауқымды өзгеріс, ел тарихындағы аса маңызды қадам болмақ. Барлық өзгерістер мен толықтырулардың елдің талап-тілегі арқылы жүзеге асатынын жеткізген Мемлекет басшысы 5 маусымда республикалық референдум өткізуді дұрыс деп тапты.
Бұл — барлық реформаның елдің пікір арқылы ғана қолданысқа енетінін білдіреді. Сондай-ақ, бұл бастамалардың Президенттің өкілеттіліктерін күшейтуге емес, ықпалды Парламент құру арқылы қоғам үнін ескеретін Үкіметті қалыптастырудың алғышарты екені айдан анық. Қалай десекте алдағы өзгерістер ел тарихындағы аса жауапты, маңызды кезең болары анық. Сөз жүзіндегі емес, халық игілігін көретін, ширек ғасырдан астам уақытта қол жеткізген құндылықтарымызды қастерлеу арқылы жаңа белеске қадам басатын “Жаңа Қазақстанның” болашағы үшін әрбіріміз референдумға қатысып, өз таңдауымызды білдірейік. Бұл — біздің азаматтық, осы елдің ертеңіне алаңдайтын перзенті ретіндегі борышымыз.
Былтырғы жолдауында халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру –  Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндеті екендігін атап өтті. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе екендігін және біз екі жарым жылдың ішінде осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткізгендігімізді мәләмдеді.
«Мен осыған дейін саяси реформалардың төрт топтамасын ұсындым. Соның аясында  қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге асты. Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанына қарап, қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің ауқымы қандай екенін бағамдауға болады. Мысалы, бейбіт жиналыстар туралы жаңа, демократиялық заңды алайық. Бұл құжат белсенді азаматтарға, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділеріне еш кедергісіз шеру өткізуіне, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін айтуына мүмкіндік берді. Бұл жаңашылдық елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашты.    Дегенмен, жұртты арандатқысы келетін кейбір белсенділер демократиялық сипаттағы осы заңның өзіне бағынбау, тіпті оны бұзу керек деп санайды.  Мен бұдан былай ешқандай жұмсақтық көрсетпейтінімізді мәлімдеймін. Басқа да заңдар сияқты бұл заңның талаптары да мүлтіксіз орындалуға тиіс.Бәзбіреулердің жауапсыздығы мен бейбастақ әрекеттері заңды сыйлайтын азаматтарымыз үшін тым қымбатқа түсті. Заң бәріне ортақ, оған биліктегі азаматтар да, қоғам белсенділері де бірдей бағынуға тиіс.Саяси өзгерістер азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін, яғни барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екенін көрсетті. Саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздейді. Бірақ, осы ниет пен жұмыс қарқыны жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейтіні анық. Бәрін де бармақ басты, көз қыстымен шешіп үйренген адамдар бұған дейінгі артықшылықтары мен табыс көздерін жоғалтып алудан зәре-құты қалмай қорқуда. Олар біздің мемлекеттілігіміздің тұғырын шайқалту үшін дереу іске кірісті.  Тіпті, өз халқына қарсы шықты деуге болады. Қасіретті қаңтар күндерінен кейін көптеген адамдар «бәрі кері кетеді, билік жаңғыру қарқынын бәсеңдетеді деп ойлады. Бірақ, біз алған бетімізден қайтпаймыз. Керісінше, қоғамның барлық саласында жасалып жатқан жүйелі өзгерістердің қарқынын үдете түсеміз», деді президент.
Сонымен қатар,Президенттің өкілеттігі туралы біршама өзгерістерді мәлімдеді.»Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ, біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс. Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ.  Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім. Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн.  Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет. Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да  заңнамаға енгізген жөн», деді.

Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек екендігін және мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

«Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім.  Біз қасіретті қаңтардан мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды.  Қай елде болса да, тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді. Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын. Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады. Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма «қолдан басқарудың» орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді. Оның үстіне қазір Президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы бар. Мұндай заң нормаларын жою керек. Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады», деді.

Одан бөлек, президент өкілді билік тармағын қайта құру керек екендігін және Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек екендәгән айтты. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтып, шын мәнінде, елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет деді.

«Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне  белсене атсалысуға тиіс. Ең алдымен, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн. Қазіргі таңда жоғарғы палата 49 депутаттан тұрады. Яғни, әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды Президент тағайындайды.  Мұндай құрылым аймақтардың ерекшелігін ескеруге және заң шығару үдерісіне Мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп келді. Өз уақытында бұл барынша озық әрі тиімді тәжірибе болды. Бірақ біз алға қарай қадам басуымыз керек.Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады.Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. «Аз болса да, саз болғаны» жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын.Әлемде құрылымы унитарлы және Қазақстанға қарағанда халқы аз мемлекеттер жеткілікті. Соған қарамастан, бұл елдер қос палаталы парламент жасақтаған. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, Еуропада да осындай тәжірибе бар.Ал, біздің Сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Соған сәйкес оның өкілеттігін реформалау қажет. Конституцияға сәйкес, Сенаттың Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар. Яғни, Мәжіліс іс жүзінде жоғарғы палатаның қарсылығын еңсере алмайды. Неғұрлым тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін бұл тәжірибені қайта қараған жөн. Осы орайда, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын.  Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады. Ал, Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет.Елімізде көптеген ауқымды жобалар, бағдарламалар бар. Бірақ, түрлі себептерге байланысты оларды жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Парламент  республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет. Осы орайда Есеп комитетінің орнына  Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс. Осылайша, Мәжілістің мәртебесі арта түседі.Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн». деді.

Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санайтындығын айтты. Қазір мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім береді немесе келісім бермейді. Осы ретте, заңнамаға Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу қажет. Осылайша, Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бұл – өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Бірақ, Мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады. Өкілді билік тармағын өзгерту жөніндегі бұл жаңашылдықтардың бәрі парламенттік мәдениеті жоғары және ықпалды халық қалаулылары бар Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.

 

Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ, Түркістан облысы әкімінің жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия мүшесі, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы

Leave a reply