ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ҚАТЫСУҒА НИЕТТІ ТҰРҒЫНДАР САНЫ АРТУДА

0
55

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы ретте халықтың табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бүгінде Түркістан облысында аталған жоба бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие 7 жылға дейін берілуде. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға Түркістан облысы бойынша 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылған. Соның ішінде жобаға қатысудан бүгінде Сауран ауданының тұрғындары да қапы қалмады. Аталған пилоттық жобаны жүзеге асыру мақсатында ауданнан Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтері жобаға қатысушы ретінде таңдалып алынған.

Бүгінгі күнге аталған 4 ауылдық округтен 7 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жалпы құны 349,8 млн теңгені құрайтын 67 жоба мақұлданып, оның ішінде 111,0 млн.теңгені құрайтын 21 жоба қаржыландырылып отыр. Қаржыландырылған азаматтар бүгінгі таңда өзге облыстан сауынды сиыр және ірі қара мал сатып алу жұмыстарын жүргізуде.

Қазірде «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ — на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 10,3 млрд теңге құрайтын 1 679 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 1 544 жоба қаралып, жалпы сомасы 6,8 млрд теңгені құрайтын 1 272 жоба мақұлданды. 2 млрд теңге құрайтын 389 жоба қаржыландырылып, 272 жоба бағдарламада бектілген ережеге сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде, 3 200 жоба қаржыландырылып, 3 400 — ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде және тұрғындардың күн көріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда. Еске сала кетсек, «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.

Жобаның негізгі мақсатын ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру. Ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында ел Үкіметі «Amanat» партиясымен бірлесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске қосқан болатын. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасарыНұрбол Қарабайұлының баяндауынша, пилоттық жоба шеңберінде 16 ауданнан 32 ауылдық округ анықталып, скрининг жұмыстары мен түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат жоспарланды. Бүгінгі таңда 11 млрд теңге қаражат бөлінді. Осының есебінен берілетін микрокредиттер саны 2 200 бірлік және 2 332 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Қосымша 8,7 млрд теңге республикалық бюджеттен беріледі. Жалпы аталған қаржыға 4 мыңға жуық адам несиеге қол жеткізетін болады.

Бұл орайда, өткен айда Түркістан облысында аталған бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталып кетті. Түркістан ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаевтың айтуынша, бүгінде бағдарламаны іске асыру барысында 3 млрд теңге құрайтын 344 жобаға өтініш түскен.
«Бағдарламада бекітілген бағыттар аясында биылғы 17 сәуірден бастап құжаттар қабылданып жатыр. Оның ішінде уәкілетті органмен 1,4 млрд теңге құрайтын 270 жоба қаралып, жалпы соммасы 1,04 млрд теңгені құрайтын 225 жоба мақұлданды. Атап айтсам, Созақта — 22, Кентауда — 9, Отырарда — 5, Түлкібаста — 15, Сайрамда — 6, Келесте — 32, Сарыағашта — 7, Төлебиде — 20, Қазығұртта — 27, Шардарада — 2, Арыста — 18, Бәйдібекте — 10, Ордабасыда — 26, Сауранда — 3, Жетісайда — 12, Мақтаралда 11 жоба бар. Аталған қаражаттар есебінен алдағы уақытта қосымша тағы екі ауыл округін қамту жоспарланған», — деді ол.
Сондай-ақ спикер бұл бағдарлама негізінен ауыл шарушылығын өркендетуге басымдық беретінін және несие алу үшін тұрғындар ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажеттігін жеткізді.
«Ауыл әкімдіктері тұрғындар несие алғанша толық сүйемелдеу жүргізеді. Несие алушылар – ауылдық елдімекен тұрғындары және зейнет жасынан аспауы тиіс. Кәсіпті ашуға оқыту жұмыстары тегін жүргізіледі. Әрі несиесін толық жауып, кәсібін дамытатын болса, жеңілдетілген несиеге қайта қол жеткізуге болады», — деді Нұрлыбек Ақылбекұлы.
Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін. Брифингте сөз алған «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев аталған қаржы ұйымының мамандары әрбір ауыл округке бекітіліп, құжаттарды қабылдап жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Сарыағаш, Келес, Созақ, Қазығұрт, Ордабасы аудандарынан құжаттар көбірек тапсырылып жатқандығын тілге тиек етті. Еске сала кетсек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қараша айында ҚР Президенті лауазымына кіріскеннен кейін ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша  Жарлыққа қол қойды. Құжатта «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90%-ы өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді (АЕМ) кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Мұндай елді мекендер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Негізгі мақсаттардың бірі – ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады.

Тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін жаңа жер учаскелеріне инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстары жалғасады. Бұл ретте ауылдық елді мекендерде өз қызметкерлеріне үй салып берген жұмыс берушілердің шығындары жалпы алаңы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидияланатын болады. Ауылдық жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттерін салу, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын белгілеу, шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған орындар құру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Оған қоса шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңарту мен негізгі қызметтерді қамтамасыз етудің арқасында халықтың елді мекендерден көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және жалпы шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру жоспарланып отыр. Ал еңбек тапшылығы бар өңірлердің шекаралас ауылдық округтер тұрғындарының жалақысына үстемеақы қосу мүмкіндігі қаралатын болады.

Сонымен қатар тұжырымдама аясында топырақ құнарын жақсарту, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, жаңа суармалы учаскелерді айналымға енгізу, су қоймаларын реконструкциялау және салу, өнімділікті арттыру, дақылдарды әртараптандыру және т.б. бойынша жүйелі шаралар көзделген. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесін агроөнеркәсіп өндірісін жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы шешу жоспарланып отыр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай материалдары, жем-шөп, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ делдалдарсыз тұрақты түрде тауар өткізіп отыруға мүмкіндік береді. Жалпы мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарық, көлік және логистика инфрақұрылымын қалыптастыруға ықпал етпек. Сонымен қатар қызмет бағыттарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындары ашылып, жас кадрлардың тұрақтап қалуына жағдай жасалады.

«Ауыл аманаты» жобасы осындай құралдардың бірі болмақ, оның аясында жеке қосалқы шаруашылықтарға жылдық 2,5% мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен шағын несие беру, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыру, техника, жабдық лизингі және т.б. қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ ауылда азық-түліктің негізгі түрлері бойынша импортты алмастыратын инвестициялық жобаларды қолдау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша тәжірибесі қолданылмақ. Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы басқа да бірқатар іс-шараны көздейді, оның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және т.б. бар. Бұл туралы толығырақ Тұжырымдаманың өзінен оқуға болады. Оны іске асыру нәтижесінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі 5,8%-ға дейін, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер сумен 100, интернетпен 97% қамтылады, сондай-ақ нормативтік жағдайы жақсы жергілікті жолдардың үлесі 95%-ға жеткізілмек. Ауылдық жерлерде 655 денсаулық сақтау нысаны, 183 мектеп және 100 спорт ғимараты пайдалануға беріледі. 650 мәдениет нысаны салынып, жөндеуден өткізіледі. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылдың басында республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар, онда ел халқының 38,2%-ы немесе 7,5 млн адам тұрады.

Нұрмахан МОЛДАБАЕВ,
Сауран аудандық ауыл шаруашылығы бөлім басшысының міндетін атқарушы

Leave a reply