РУХАНИЯТ БАСТАУЫНДА ТҰРҒАН Р.СЕЙТМЕТОВ ТЕАТРЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ
Тұмар қала Түркістанды дамытуға, оны әсіресе руханияттың ордасы етуге бетбұрыс осыдан ширек ғасыр бұрын басталған еді. Сахна саңлағы Р.Сейтметовтің 90-жылдардың ортасында осында келіп университетте өнер мамандығын ашып, Түркістан театрын құруы сол алғашқы бетбұрыстың жемісі десек қателеспейміз..
ТАРИХҚА КӨЗ ЖҮГІРТСЕК
Бүгінгі Р.Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды-драма театры 2000 жылдың 9 наурызында сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұсынысымен, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан сазды-драма театры болып құрылған болатын. Театрдың алғашқы көркемдік жетекшісі Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов болды. Театр әзірбайжан драматургі Б.Вахапзаденнің «Көк Түріктер» қойылымымен ашылды. Алғашқы премьераға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп қатысып, театр труппасы мен оның жетекшісі Р.Сейтметовке шынайы алғысын білдірді.
«Елбасы осы спектакльдің 20 минутын ғана көреді деп ескерткен болатын. Себебі, қайтадан ұшып кету керек болған. Барынша дайындалдық. Жиырма минут қана тамашалайды деген Елбасы қойылым аяқталғанша отырып, сахнаға шығып әртістердің қолын жеке-жеке алып, жылы лебізін білдірді. Мұның өзі бізге шалқар шабыт сыйлады. Қойылым біздің театрдың төлқұжаты боп қалды десек те жарасады. Кейін Түркия мемлекетінен арнайы шақырту келіп, Анкара, Анталия, Қайсери сияқты бірнеше қала мен Әзірбайжан елінде гастрольдік сапарда болып қайттық. Алматы қаласында өткен «Еуропа бірлігі» фестиваліне қатыстық. Осы фестивальде «Көк Түріктер» қойылымын екі тілде ойнадық. Бірінші күні Қазақстанның, екінші күні Түркия мемлекетінің атынан. Бұл қойылым түрік қағанатының соңғы құлдырау кезеңінен сыр шертеді. Сондықтан оны түркі әлемінде ойып алар орны бар тарихи дүние десек қателеспейміз», деп еске алады осынау тарихи сәтті театрдың директоры Е.Исатаев.
ТЕАТР ЖЕТКЕН
ТАБЫСТАР
Бүгінде жиырма екінші белеске шыққан Түркістан сазды-драма театры репертуары жаңа қойылымдармен толығып, шығармашылық тұрғыдан нығайып келеді. Театр қоржынында әртүрлі жастағы көрермендерге арналған 70-ке жуық қойылым бар. Балдырғандар мен мектеп оқушыларына арналған 30 шақты ертегі бар.
2017 жылы театрға ҚР халық әртісі, режиссер, еліміздің бірнеше театрларына жетекшілік жасаған сахна саңлағы Р.Сейтметов есімі берілді. Театр ұжымында жүзден аса адам жұмыс істейді екен. Ал, оның 60 пайызы шығармашылық топ мүшелері.
Театр ұжымы екі жыл қатарынан Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық «Сахнадан сәлем», жылда өтетін кәсіби театрлардың облыстық «Театр көктемі» фестиваліне қатысып, түрлі номинациялармен марапатталып жүр. 2015 жылы Шымкент қаласында өткен «Театр көктемі – 2015» облыстық театр фестивалінде өнер ұжымы «Көрермен көзайымы» номинациясында және театр актрисасы Әсел Қожабекова «Ең үздік әйел бейнесі» аталымында жеңіске жетті.
2016 жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Атырау қаласына арнайы гастрольдік іс-сапармен барып, Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасын сахналады.
2017 жылы наурызда ТҮРКСОЙ-дың ұйымдастыруымен өткен Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі-2017» халықаралық фестивалінде Г.Хугаевтың «Қарашекпен» драмасын қойып, 1-орынды қанжығаға байлады. Атырау қаласында өткен Рақымжан Отарбаев атындағы республикалық фестивальда 3-орынды иеленді. Театрда 1 ҚР Мәдениет қайраткері және 2 «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты қызмет етеді.
ХХІІ МАУСЫМ:
ІЗДЕНІСТЕР, ІРГЕЛІ ІСТЕР
Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының бағыты – түбі бір түркі әлемінің ортақ мәдениеті. Ол сонау театрдың төлқұжаты іспеттес «Көк түріктер» қойылымынан басталады десек артық айтқандық емес.
Жуырда көрші қырғыз елінің белгілі жазушы-драматургі Сұлтан Раевтың «Ханшаның көз жасы» атты атақты туындысының сахналануы сөзімізге дәлел. Бұл спектакль тұңғыш рет жазда маусымжабар ретінде қойылған болатын. Үшінші рет қойылған премьераға драма авторы Сұлтан Раев пен қоюшы режиссер Қуандық Қасымов қатысты.
Жүздеген қойылымдар сахналаған, ұзақ уақыт Жамбыл облыстық драма театрының бас режиссері болған танымал режиссер Қуандық Қасымовтың бұл қойылымының желісі тарихта есімі қалған парасатты тұлға Құрманжан датқа туралы. Философиялық мәні зор шығарма. Туған перзенті мен туған елі таразы басына түскенде баласын ел іргесінің бүтіндігі, ел мүддесі үшін құрбан еткен Ананың ерлігі, іштей қан жылап тұрса да басын тік көтеріп шешім қабылдаған Ханшаның мұң-зары сөз болады.
Режиссердің ассистенті театрдың көркемдік жетекшісі – Айдар Наурызбаев. Ол ассистенттікпен қатар, бұл қойылымда басты рөлді сомдады. Сонымен қатар, рөлдерді – Гүлзада Айтбаева, А.Үндемесова, Шәкен Амантұров, Кәмшат Аштекова, Жадыра Сейдахметова, Әсел Қожабекова сынды театрдың белді әртістері сомдады. Қойылымның үшінші премьерасына туынды авторы, Қырғызстанның белгілі драматургі, Түркі кеңесінің бас хатшысының орынбасары Сұлтан Раевтың өзі Стамбұлдан арнайы келіп қатысуы театр ұжымы үшін зор мәртебе. Қырғыз драматургінің сапарымен алдағы уақытта Түркия театрларымен байланыс, ондағы театр фестивальдарына қатысу секілді шығармашылық байланыс орнату жоспары да талқыланды. Бауырлас елмен бұрыннан бар байланыс, мәдени көпір жаңғырып жатса, бұл әлбетте қуанарлық та құптарлық жайт.
Театрда сонымен қатар, осы маусымда актер Нұржан Ізтаевтің сахналауында Тұңғышбай Жаманқұловтың аудармасындағы Александр Вампиловтың «Метранпаж деген не?» Р.Ибраеваның аудармасындағы А.Коровкиннің «Тәтелер» комедиялары сахналанды. Театр ұжымы әлбетте, көрермен талабын ескеріп отырады, олармен әлеуметтік желі арқылы тығыз байланыс жасап жылы қарым-қатынас орнатқан.
ӘКІМ БОЛ,
ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ
«Өмірде қанша іс бітіргеніңіз маңызды емес, бастысы қаншалықты пайдалы болғанында» деген тәмсіл бар.
Түркі дүниесінің рухани орталығы жәдігер шаһар Түркістанды дамытуға үлесімді қоссам деп тыным таппай жүрген қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің қызметіне бүгінде қалалықтар сүйсіне бастады.
Қала басшысы Райымбек Сейтметов театры ұжымының жылдарға жалғасып келе жатқан түйткілді мәселесінің түйінін тарқатып, оң шешуге ықпал етті. Тұрғын үй мәселесі шешімін тауып, тозығы жеткен Актерлер үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл әлбетте, жабыққан көңілдерді жадыратып, мәдениет майданында күндіз-түні қызмет жасап жүрген жандарға зор медеу болды. Сахна сардарларын тұрмыстық мәселелер тұйыққа тіреп, шаршатпағаны абзал. Тұрмысы жайлы болса олар халыққа қалтқысыз қызмет етуге қашанда дайын.
Әтіргүл ТӘШІМ,
журналист.