Сайрам ауданында 5000 бас іріқараға арналған бордақылау алаң салынады

0
50
Түркістан өңірлік инвестициялық штабының кезекті отырысында бірнеше жаңа жоба талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында кәсіпкерлер тарапынан инвестициялық жобалар ұсынылып, оларды жүзеге асыру және мемлекеттік қолдау көрсету мәселесі талқыланды. 
«Бес Қара» ЖШС Сарыағаш ауданында 4 ірі жобаны жүзеге асыруға ниетті. Құс етін дайындау бекеті жобасының құны – 700 млн. теңге. Онда 25 адам жұмыспен қамтылады. Жоба басталып кетті. Қазіргі таңда мамандар жаңа құрылғыларды сынақтан өткізіп жатыр. Ал, ірі қара мал үшін бордақылау алаңын 2500 басқа кеңейту жобасы биыл күзде жүзеге аспақ. Жоба бойынша мал бордақылау алаңының жері анықталып, құрылысы басталған. Аталған инвестор бұдан бөлек 20 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңын да салмақ. Жоба құны – 500 млн. теңге. Бұл нысандар келесі жылы пайдалануға беріледі. Сонымен бірге «Бес Қара» ЖШС арнайы мал сою бекетін ашып, шетелге ет экспорттамақ.
Инвестштаб отырысында Өзбекстанның «GLOBAL TEXTILE» компаниясының басшылығының да ұсыныс-  пікірлері тыңдалды. Өңір басшысы жобаны жылдамырақ жүзеге асыру қажет екенін жеткізді.
– Бізге әрбір инвестициялық жоба маңызды. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқармалар бұл бағытта жұмысты тоқтатпауы керек. Бүгін ұсынылған жобаларға қолдау көрсетіледі. Бюрократиялық кедергілерге жол берілмейді. Кәсіпорын ашатын арнайы орындарды табу, келісімшарттар жасауда барынша қолдау көрсетілуі тиіс. Тоқыма кластері бойынша жұмысты жылдамдатқан жөн. Ешқандай кедергі жоқ, проблемалар болса, талқылауға дайынбыз, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Биыл Мақтаарал ауданында «Global Textile Turkistan» ЖШС кеңсесінің ресми ашылуы жоспарлануда. Бүгінгі таңда аудан фермерлерімен 15 гектарға «Наманган-77» шитін егу туралы уағдаластыққа қол жеткізілген. Ал, «Ет Агро Манкент» компаниясы Сайрам ауданынан 5000 басқа арналған бордақылау алаңын, етті терең өңдеу кешенін, сою бекетін салмақ. Жоба жүзеге асса, ауданда 100 жұмыс орны ашылады. Жер, несие және газбен қамту мәселелері бақылауға алынды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов инвестициялық штабта берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп берді. Облыс әкімі осы салада міндетін дұрыс атқара алмай отырған бірнеше әкімге сын- ескертпе айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.
Инвестициялық штаб отырысында өңірдегі 9 индустриалды аймақтың жай-күйі сарапталды. Облыстағы арнайы экономикалық аймақты кеңейту және инфрақұрылым желісін жақсарту жайы ортаға салынды. Сондай-ақ, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы сүйемелдеуіндегі жобалардың жағдайы хабарланды. Осы салаларға жауапты басшылардың есептері тыңдалып, кемшіліктер екшелді. Кентау қаласының әкімі Ж.Тасовтың инвестициялық жобалар бойынша мәліметтері де талқыланды.
– Облыстағы индустриалды аймақтардың бәріне ревизия жасалып, проблемалары түгел зерделенсін. Бұл түйткілді шешу керек. Индустриалды аймақтарға жанашырлықпен және жауапкершілікпен қараған жөн. Әрбіріңіз әртүрлі сылтау айтасыздар. Инвесторларға жағдай жасап, кәсіп-орындарды көбейту – ортақ міндет. Жаңа жобалар, ізденістер аз. Жұмысты ширатыңыздар. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша халыққа нақты көмек көрсетіп, сүйемелдеу керек, – деген Дархан Амангелдіұлы жауапты басшылар мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Инвестициялық штаб отырысында ұсынылған жобалар мен тапсырмалардың орындалуы бойынша әр аптада есеп беріліп тұрады. Хаттамалық тапсырмалардың орындалуы облыс әкімінің тікелей қадағалауына алынған.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған