САНАҒА СІЛКІНІС, ЖҮРЕККЕ ҚҰЛШЫНЫС ҚАЖЕТ

0
47

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының осыдан бір жыл жариялаған «Жаңа Қазақстан: жаңғыру мен жаңару жолы» атты Жолдауы, шын мәнінде, еліміз үшін тарихи маңыз зор құжат болды. Мемлекет басшысы бұл Жолдауында елімізге түбегейлі өзгерістер, ауқымды жаңғыртулар керектігін атап өткен болатын.

Расында, Президентіміз айтқандай, бүгінге дейін қыруар шару атқарылып, көптеген табыстарға қол жеткіздік. Әйтсе де қаралы қаңтар оқиғасы ел іргесін әлі де бекітіп, тұрақтылықты нығайта түсуді, сол жолда саяси жүйені қайта жаңғыртуды талап етеді. Қай мемлекет үшін де ішкі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің маңызы зор, өйткені, онсыз ешқандай әлеуметтік-экономикалық даму алға баспайды.

Перезидент: «Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Осыған байланысты, біз партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек.Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады»

Бүгінде мемлекеттік басқару жүйесін жаңа жағдайға бейімдеу, сайлау жүйесін жетілдіру, суперпрезиденттік басқару үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу, Конституциялық сот құру сынды бастамалар біздің қуатты мемлекет құру жолына батыл түрде бет алғанымызды көрсетеді.

«Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл жұмысты сайлау үдерісі арқылы да жүзеге асырамыз. Біз осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда, оның жағымсыз тұстары да байқалды.Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі.Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады.Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы.Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді.Сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.Императивті мандатқа көшу де депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады.Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталады. Олар еліміздегі азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Сонымен бірге бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді.Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түседі деп сенемін», деді мемлекет басшысы.

Дегенмен, алдымызға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін қоғамдық сана мен азаматтардың ой санасының өзгеруі, қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту сынды мәселелерді әлі де жетілдіре түсуіміз қажет.

Қамбар МҰСАБЕКОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор. 

Leave a reply