Thursday, November 21

САУРАН: АУДАНДА МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІ МЕН СПОРТ АЛАҢШАЛАРЫ САЛЫНУДА

0
81

Өткен жылы Республикамызда Парламент Мәжілісі мен облыстық, аудандық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайланды. Сегізінші шақырылымдағы мәслихат депутаттары қызметтерін жүргізіп жатыр. Олар Сауран ауданының бас жоспарын қарады. Биыл барлық деңгейдегі мәслихаттардың 30 жылдығы мерекесіне орай, Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Сержан Ермекбайұлы, қазіргі таңдағы Сауран ауданы мәслихаты депутаттарының жасы, ұлттық құрамы, білімі, кәсібі, әлеуметтік жағдайы туралы баяндасаңыз?
– Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысының 2023 жылғы 19 қаңтардағы №105 «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлығына сәйкес, жетінші шақырылымдағы Сауран аудандық мәслихаты депутаттарының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Жарлыққа сәйкес 2023 жылдың 19 наурызында сегізінші шақырылымдағы мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. 2023 жылдың 30 наурызында сегізінші шақырылымдағы Сауран аудандық мәслихатының бірінші сессиясында мәслихат төрағасы, тұрақты комиссиялардың төрағалары мен мүшелері сайланып, жұмыстарын атқаруда.
Мәслихат депутаттарының жалпы саны – 15, оның ішінде: ер азаматтар саны – 15. Жас құрамы бойынша: 30-бен 40 жас аралығында – 9 депутат, 41-мен 50 жас аралығында – 6 депутат бар. Ұлттық құрамы бойынша: қазақтар – 9, өзбек ұлтынан – 6 депутат бар. Білімі бойынша: 13 депутаттың білімі – жоғары, 2 депутат – орта арнаулы білімі бар. Кәсібі бойынша: 9 депутат жеке кәсіпкерлік саласында басшылық қызмет атқарады, 6 депутат бюджеттік салада қызмет жасайды. Әлеуметтік жағдайына келсек, барлық депутаттарымыз отбасылы. Ұл-қыздар тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы иелері.
– Мәслихат депутаттары халықтың алдына еркін шығып, сайлауалды бағдарламаларының орындалу барысы туралы айтып жүр ме?
– Ағымдағы жылдың басынан Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округінің тұрғындарымен аудандық және облыстық мәслихат депутаттарының кездесулері, қоғамдық қабылдаулары өткізіліп келеді. Кездесулер барысында ауыл тұрғындарына 2024 жылы бюджет есебінен қаралған қаржылар және іске асырылатын жобалар баяндалып, түсіндіріліп келеді. Тұрғындар тарапынан кездесу барысында ауылдағы өзекті меселелерді шешу бойынша тиісті ұсыныстар айтылып, кездесу қорытындысымен ауылдық округ әкімдеріне және салаға жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Өз кезегінде, аудандық мәслихат депутаттары өздерінің сайлау округтерінде сайлаушылармен тұрақты түрде кездесулерін өткізуде.
– Мәслихат депутаттары аудан әкімдігіне елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру бойынша қанша депутаттық сауал жолдады?
– Аудандық мәслихат депутаттары тарапынан 2024 жылдың 5 айында жалпы 44 (қырық төрт) депутаттық сауалдар жолданды. Оның ішінде:
Депутат С.Байсбаев:
– Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.Балабиевке бірлескен депутаттық сауал жолданып, нәтижесінде 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында Қ.Балабиев тарапынан сайлаушыларына берген уәдесін орындау мақсатында табандылық танытып, жалпы құны 6,0 млрд теңгені құрайтын 7 жобаны, оның ішінде спорт кешенінің құрылыс жұмыстарының 2024 жылдан бастап басталуына ұйытқы болды.
– «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-на аудан орталығынан «Сауран аудандық электр желілері» мекемесін ашуға, қосымша мамандар мен техникалар қарастыру және түнгі ауысым тобын жасақтау туралы депутаттық сауал жолданды;
– Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Н.М.Нұржігітовке Жаңа Иқан ауылдық округіне «Иқан-су» су қоймасын салуға ықпал жасау туралы депутаттық сауал жолданды;
– Түркістан облысы әкімінің орынбасары Б.Тәжібаевқа Бабайқорған ауылдық округіне қарасты «Игілік» елді мекеніне «ауыл» статусын беруге ықпал жасау туралы депутаттық сауал жолданды;
– Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Мирзабековке Шаға ауылдық округіндегі Майлықожа, Ахан сері және Ғ.Мүсірепов көшелеріне тас төсеу үшін тиісті сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы қарастыруды, сонымен қатар аталған жолдарға асфальт салу бойынша депутаттық сауал жолданды;
– Сауран аудандық емханасының бас дәрігері Б.Стамкуловқа Шаға ауылдық округінде жаңадан дәрігерлік амбулатория ғимаратын салуға ықпал жасау туралы депутаттық сауал жолданды;
– Сауран аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Патсаевқа Шаға ауылдық округінде «стадион» салу үшін қарастырылған 1,6 га жер телімін мемлекет меншігіне қайтару туралы депутаттық сауал жолданды;
– Сауран аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі А.Қ.Абидиновке Шаға ауылдық округіне бекітілген учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Н.Абдирахмановты және учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты М.Жарылқаповты ротация жасау арқылы ауыстыруды немесе басқа қызметкерлерді тағайындау туралы депутаттық сауал жолданды;
– Сауран аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Қ.Таукебаевқа Шаға ауылдық округінде «спорт кешенін» салу үшін жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаржы қарастыру туралы депутаттық сауал жолданды;
– Сауран ауданының әкімі М.Таңғатаровқа Сауран ауданы бойынша 2-3 азаматқа әлеуметтік көмек және әлеуметтік қолдау ретінде тиісті қаржыларды жергілікті бюджеттен қарастыруға ықпал жасау туралы депутаттық сауал жолданды;
– Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдыға Жаңа Иқан ауылдық округіне «Иқан-су» су қоймасын салуға ЖСҚ әзірлеуге ықпал жасау туралы депутаттық сауал жолданды;
– Шаға ауылдық округінің әкімі Ы.Жумановқа Шаға ауылдық округі, Қазақстанның ХХХ жылдығы елді мекені, Аманкелді көшесі №62 көп пәтерлі тұрғын үйлерді заңсыз пайдаланып отырған азаматтарға Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес тиісті шаралар қолданып, тұрғын үйлердің құжаттарын толық заңдастырып, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің меншігіне өткізу туралы депутаттық сауал жолданды;
– Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің төрағасы А.Жаканбаевқа Су тасқыны кезеңінде, судың қарқынын басу және ағын суды тиімді пайдалану үшін, Жаңақорған өзенінен «Сасықбұлақ» су қоймасына келетін арнаға қосымша 2 бірлік шлюз салуға ықпал жасау туралы депутаттық сауал жолданды;
– Сауран ауданының әкімі М.Таңғатаровқа үй жануарларының иелері өз иелігіндегі жануарлардың мойнына арнайы жарық қайтарғыш элементтерді тағуды ұйымдастыру туралы, Оранғай, Қарашық, Майдантал ауылдық округтері тұрғындарымен өткізілген көшпелі қоғамдық қабылдауда көтерілген өзекті мәселелерді шешуге ықпал жасау туралы депутаттық сауалдар жолданды.
Депутат С.Оразбеков:
– Сауран ауданының әкімі М.Таңғатаровқа «Шошқа көл» өзегі арқылы Үшқайық ауылдық округінің мал жайылымына баратын табиғи судың бойында орнатылған дамбаға 1000 мм-лік 2 құбырды (труба) орнату туралы, Үшқайық ауылдық округі, Теке елді мекеніндегі Ұлықбек көшесінің жолын жөндеу туралы депутаттық сауалдар жолданды;
– Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Б.Сүлейменовке бөгетке шлюз орнатып, жайылымға су босатылуын реттеу туралы депутаттық сауал жолданды.
Депутат Х.Шарапов:
– Сауран ауданының әкімі М.Таңғатаровқа Ескі Иқан ауылында спорт алаңшасын және балалар ойнайтын алаң салу туралы, Ескі Иқан ауылдық округіндегі Ұлықбек көшесінің арығын қайта салу, Қ.Смайлов және Ғ.Бабажанов көшелерінің қиылысындағы ойын алаңшасын ағымдағы жөндеуден өткізу туралы депутаттық сауалдар жолданды;
Депутат Н.Конкабаев:
– Сауран ауданының әкімі М.Таңғатаровқа Жаңа Иқан ауылдық округі, Ибата ауылында жаңадан өрт сөндіру бекетін ашуды және жаңа техникалармен қамтамасыз ету туралы депутаттық сауал жолданды;
Депутат А.Жусупов:
– Сауран ауданының әкімі М.Таңғатаровқа «Кентау-Түркістан» бағытындағы Бостандық елді мекенінің жаяу жүргінші жолағының тұсына жылдамдықты анықтайтын (сергек) бейне бақылау камерасын орнату туралы депутаттық сауал жолданды;
-Түркістан облысының Ветеринария басқармасының «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ МКК Сауран аудандық филиалының басшысы Г.Борибаеваға Оранғай ауылдық округіне қарасты Оранғай, Бостандық және Қосқорған елді мекендеріне арнайы мамандарды жіберіп, қаңғыбас иттердің адамға шабылуының алдын-алу мақсатында тиісті жұмыстарды ұйымдастыру туралы депутаттық сауал жолданды;
-Түркістан облысының Полиция департаментінің бастығы М.Т.Қабденовке Бостандық елді мекенінде жол апатының және адам қағу жағдайының жиі орын алуына байланысты, «Кентау-Түркістан» бағытындағы Бостандық елді мекенінің жаяу жүргінші жолағының тұсына жылдамдықты анықтайтын (сергек) бейне бақылау камерасын орнату туралы депутаттық сауал жолданды.
Депутат Б.Мусабеков:
-Түркістан облысының Ветеринария басқармасының «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ МКК Сауран аудандық филиалының басшысы Г.Борибаеваға Шорнақ ауылдық округіне қарасты Қосмезгіл елді мекеніне арнайы мамандарды жіберіп, қаңғыбас иттердің адамға және шиебөрілердің ұсақ малдарға шабылуының алдын-алу мақсатында тиісті жұмыстарды ұйымдастыру туралы депутаттық сауал жолданды;
– Сауран ауданының әкімі М.Таңғатаровқа Қосмезгіл елді мекені тұрғындарымен өткізілген кездесу барысында, ауыл тұрғындары тарапынан берілген ұсыныстарды орындау туралы депутаттық сауал жолданды;
– Сауран ауданының білім бөлімінің басшысы А.Батырбековаға Қосмезгіл және С.Қожанов елді мекендерінің тұрғындарымен өткізілген кездесулер барысында, ауыл тұрғындары тарапынан білім саласына қатысты берілген ұсыныстарды орындау туралы депутаттық сауал жолданды.
Депутат Д.Ирисбаев:
– Сауран ауданының әкімі М.Таңғатаровқа Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ойық елді мекенінде медициналық бекет құрылысы үшін жер учаскесін берілуіне ықпал жасау туралы, Шаға ауылдық округіне қарасты Шаға және Бершін төбе елді мекендеріндегі атауы жоқ көшелерге атау беру бойынша Шаға ауылдық округінің әкіміне және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөліміне тапсырма беру туралы, Ибата елді мекенінен шығатын ұзындығы 15,7 шақырымды құрайтын жолды жөндеу туралы депутаттық сауалдар жолданды.
Депутат А.Азимов:
– Сауран ауданының әкімі М.Таңғатаровқа Қарашық ауылдық округі, Қарашық елді мекеніндегі Тураханов көшесіне асфальт жол салу туралы депутаттық сауал жолданды;
– Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары З.Жолдасовқа Жүйнек ауылдық округіне кететін тас жолды жарықтандыру үшін қажетті жұмыстарды ұйымдастыру туралы депутаттық сауал жолданды.
Депутат А.Раматуллаев:
– Сауран ауданы білім бөлімінің басшысы А.Батырбековаға Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ аумағын қоршау туралы депутаттық сауал жолданды;
– «Сауран-су» КММ басшысы М.Примбетовке Аудандағы ауыз судың жағдайы, материалдық қамтамасыз ету туралы депутаттық сауал жолданды.
Депутат Е.Елеуов:
– Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбал-дыға «Молда Мұса» атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ-ның жылу қазандығын ауыстыруды және «Ә.Сығай атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ-ға акт зал салу туралы депутаттық сауал жолданды;
– Түркістан облысы білім басқармасы басшысының м.у.а. Ж.Маханбетовке «Молда Мұса» атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ-ның жылу қазандығын ауыстыруды және «Ә.Сығай атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ-ға акт зал салу туралы депутаттық сауал жолданды;
– ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевқа «Молда Мұса» атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ-ның жылу қазандығын ауыстыруды және «Ә.Сығай атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ-ға акт зал салу туралы депутаттық сауал жолданды;
– Сауран ауданының әкімі М.Таңғатаровқа Шаға ауылдық округінен ауыл шаруашылығы өнімдерін сатумен айналысатын азаматтарға «Самара-Шымкент» авто жолының жиегінен сауда-саттыққа ыңғайлы жер телімдерін беру туралы депутаттық сауал жолданды;
– «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түркістан қаласы бойынша филиалының директоры А.Тастановқа Ынтымақ елді мекеніндегі тозығы жеткен электр сымдарын және бағаналарын ауыстыру туралы депутаттық сауал жолданды;
– Түркістан облысының Полиция департаментінің бастығы М.Қабденовке Ынтымақ елді мекенінің бойындағы «Самара-Шымкент» тас жолының 2116-2119 шақырымындағы жаяу жүргінші тұсына бағдаршам орнату туралы депутаттық сауал жолданды;
– «Қазақтелеком» АҚ-ның Түркістан қаласы бойынша филиалының директоры Р.Алшынбаевқа Шаға ауылдық округіндегі байланыс желісі үшін қойылған ағаш бағаналарының тозығы жетіп, ауыстыруды қажет ету туралы депутаттық сауал жолданды.
– Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының ортақ жайылымына қанша пайдаланылмаған, заңсыз жерлер қайтарылды?
– Сауран ауданы әкімдігінің ауылдық округі аумағы шегінде орналасқан жайылымдарды ортақ жайылымға қосып ұлғайтуға және жергілікті халықтың ауыл шаруашылығы жануарларының мал басын ұстау бойынша мұқтажын қанағаттандыру мақсатында, аудан әкімдігінің қаулысы қабылданып, 568 жер иелерінің 66200,0 мың гектар жайылымдық жер телімдері Қазақстан Республикасы жер кодексінің 84-бабына сәйкес мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары толық аяқталған соң, ауылдық округ әкімі аппараттарының балансына мемлекеттік акт рәсімделетін болады.
– 2007 жылдан бастап қазақстандықтарға жеке үй салып алу үшін «жердің инфрақұрылымы жасалмаған» деген желеумен жер берілмей келеді. Осы аса күрделі мәселені аудандық мәслихат депутаттары оңтайлы шешуді қолға алды ма?
– Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 44-бабына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын салу үшiн жер учаскелерiн беруге су және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда жол беріледі. Сонымен қатар, орталықтандырылған сумен жабдықталмаған елді мекендерде мұндай жер телімдерін беруге тек электрмен жабдықтау желілері болған кезде ғана жол беріледі. Алдағы уақытта аудан бойынша жер кезегінде тұрған азаматтарға қаржы бөлініп, инфрақұрылым жүйелері жүргізілген жағдайда, заң талаптарын сақтай отырып, жер телімдері берілетін болады.
– Сауран ауданының ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге қолайлы жағдай жасау үшін қандай қадамдарға барып отырсыздар?
– Ауданға қарасты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында, жыл басында көктемгі дала жұмыстары үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген жанар-жағармай (250 теңге) агроқұрылымдарға 4 айға (наурыз, сәуір, мамыр, маусым) үйлестіріліп берілді. Атап айтқанда: көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 445 агроқұрылым 1581 тонна жанар-жағармайға өтінім тапсырды. Осындай жанар-жағармай күзгі дала жұмыстарына 364 шаруа қожалығына 2223 тоннаға (шілде, тамыз, қыркүйек, қазан) берілетін болады. Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап «Тұран су» ШЖҚ МКК тарапынан қара жерді егістікке дайындауға және ерте көктемде суғарылатын дақылдарды суғару үшін сәуір айының 10-на дейін ақысыз ағын су берілді.
– «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар санын көбейтудің қамын жасап көрдіңіздер ме?
– Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №1 «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығына сәйкес, «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды. Жобаның негізгі ережелері мен несие беру шарттары «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрінің 2022 жылғы 26 шілде №314 бұйрығымен бекітілген. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру. Ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде. Несиелендіру алты бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Оның ішінде өсімдік, мал, құс, балық шаруашылығын дамыту. Ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау, тұрғындардың өз кәсібін ашуына мүмкіндік жасалады. Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай, ең ұзақ мерзімі – 84 айды құрайды. Борышты өтеу бойынша 12 айға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған. «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына қатысушы ретінде Сауран ауданына қарасты Иассы, Жаңа Иқан, Үшқайық, Шаға ауылдық округтері таңдалып отыр. Бүгінгі күнге ауылдық округтер әкімдіктері тарапынан әлеуетті қарыз алушылардың тізімі жасақталып, құжаттарын рәсімдеуде.
– Ауданда азық-түлік өнімдерінің бағасын түсіру жолында қандай бастамашылықтарыңыз бар?
– Аудан әкімінің 2023 жылғы 31 наурыздағы №27 н/қ өкімімен «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын негізсіз өсірмеу мақсатында» арнайы жұмысшы тобы құрылды. Жұмысшы топ күнделікті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Сауран аудандық мәслихатының депутаты, «Amanat» партиясының фракция жетекшісі – А.Раматуллаев, «Amanat» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы – С.Асылбеков және жұмысшы топ өкілдерімен ауданға қарасты Жүйнек, Қарашық, Ескі Иқан және Шаға ауылдық округтеріндегі орналасқан азық-түлік дүкендері мен жанар-жағармай құю бекеттерінің қызметкерлеріне бекітілген шектік бағадан асырмау қажет екендіктері бойынша тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар басқа да ауылдық округтерде тұрақты жүргізілетін болады.
Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Ескі Иқан ауылдық округінен жеке кәсіпкер Адешов Рустамхан өз қаражаты есебінен әлеуметтік дүкен құрылысын аяқтады. Сонымен қатар, аудан орталығы Шорнақ ауылынан кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен әлеуметтік дүкен құрылысының жұмыстары басталды. Алдағы уақытта басқа да ауылдық округтерде әлеуметтік дүкендер ашу бойынша кәсіпкерлермен тиісті жұмыстар жүргізілуде.
– «Жайлы мектеп» бағдарламасы және кәсіпкерлермен келісім негізінде заманауи мектеп салу ісіне араласып жатырсыздар ма? Сонымен қатар билік пен кәсіпкерліктің келісімі негізінде балабақша салу ісі қалай өрістеуде?
-2023-2025 жылдарға жоспарланған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына Сауран ауданынан 5 мектеп құрылысы енгізілген. Мектеп ғимаратының құрылысына жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін қажетті құжаттары толығымен Түркістан облысының құрылыс басқармасына тапсырылды. Ал, Сауран ауданы Аша, С.Қожанов, Енбекші Дихан, Құмтүйін, Ынталы елді мекендерінде жоспарланған жайлы мектептердің сыртқы инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы бойынша жоба-сметалық құжаттамасын (ЖСҚ) дайындау үшін жергілікті бюджеттен қаржысы қаралды. Бірінші кезекте салынатын «Жайлы мектептердің» сыртқы инженерлік инфрақұрылымдарының (ауыз су, электр қуаты, байланыс желісі, жол және аяқжолдар) құрылысына ЖСҚ дайындауға, атап айтқанда Аша, Ынталы, Еңбекші Дихан, С.Қожанов елді мекеніндегі нысандардың жобасына құрылыс жұмыстары жүргізілуде. «Жайлы мектептердің» құрылыс монтаждау жұмыстары «Samuryk Kazyna contraction» АҚ-ы тарапынан жүргізілетін болады. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» қанатқақты ұлттық жобасы аясында облыс көлемінде құрылысы жоспарланған мектептерді жобалау және құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде жергілікті тауар өндірушілердің өнімдеріне басымдық берілмек. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта жергілікті тауар өндірушілердің өніміне сұраныс артатындығының дәлелі. Сауран ауданының әкімдігі (құм, қиыршық тас, асфальт, кірпіш, цемент, темірбетон, арматура, есік және терезе блоктары, жиһаз т.б) саласында өнім өндіретін кәсіпорындарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда облыстық құрылыс басқармасына біршама жобалар ұсынылды. Олар: («TAK MEBEL» ЖШС, ЖК «ХАБИБУЛЛА АТА», ЖК «Sem-brand», «DIVALUX» ЖШС)
– Сауран ауданын экономикалық-әлеуметтік дамыту бағдарында жасалған стратегиялық ұзақ жылдарға арналған жоспарларыңыз бар ма?
-Ауданның стратегиялық жоспарына сәйкес, Түркістан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін іске асыру шеңберінде өндіріске жаңбырлатып суару технологияларын енгізе отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасы мен тракторлар паркін жаңартып, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру көзделуде;
Көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін ұлғайту бойынша жұмыстар атқарылатын болады. Тұрғындарды орталықтандырылған ауыз сумен және табиғи газбен қамту жоспарлануда;
Сонымен қатар, 2023 жылы Сауран ауданына арнайы іс-сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Рахымұлы Балабиев ағамыз Сауран ауданының тұрғындарымен, депутаттарымен кездесті. Кездесу барысында ауданымыздың бірнеше өзекті мәселелері көтерілген болатын. Соның бірі – ауданға жаңадан спорт кешенін салу болатын. Қомақты қаржыны талап ететін нысанның құрылысын жүргізу үшін аудан депутаттары атынан Қ.Балабиевке депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Спорт кешенін салуға қажетті қаржыны 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында жалпы құны 6 млрд теңгені құрайтын 7 жобаны, оның ішінде спорт кешенінің құрылыс жұмыстарының 2024 жылдан бастап басталуына ұйытқы болды. Қазіргі таңда Шорнақ елді мекенінен жалпы сомасы 1 млрд 632,8 млн. теңгені құрайтын жаңа спорт кешенінің нысанына конкурс жарияланып, «Дос и К Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз атанып, құрылыс жұмыстарын бастап кетті.
-Сұхбатыңызға үлкен рахмет! Мерекелеріңіз құтты болсын!
Ләззат САРЫБАЕВА.

Leave a reply