САУРАН: АУДАННЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ ГАЛА КОНЦЕРТПЕН ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Сауран ауданының мәдениет күндері екі күнге жалғасып, өз мәресіне жетті. Алғашқы күні «Этноауыл» аумағында аудан қолөнершілерінің көрмелері, ұлттық ойын-сауық және салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністері сахналанды.
Сондай-ақ, «Дала рухы» ансамблінің концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, «Этноауыл» аумағында ұлттық ойындардан (қазақша күрес, қол күрес, садақ ату, ләкәш, асық ойындары, гір тасын көтеру, аударыспақ, тоғызқұмалақ, қойшы ойыны, сақпан ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, арқаласпақ, т.б.) сайыстар өтті.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп отырған «Өнерлі өлке» өнер фестивалі ұлттық мәдениетімізді, мәдени демалыс қызметін және халық шығармашылығын дамыту, жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпымызды дәріптей отырып, келешек ұрпақты салауатты өмір салтына бейімдеу және облысымыздың туристік әлеуетін дамыту мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келеді.
Бұл дәстүрге айналған облыстық «Өнерлі өлке» өнер фестивалі Түркістан қаласының төрінде биыл екінші рет өткізіліп отыр. Сауран ауданының мәдени күндері «Керуен Сарай» кешенінде Гала концертпен қорытыланды. Кешкі шараға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев қатысып, игі лебізін білдірді.
Сауран ауданы өнерпаздарының және «Алдараспан» театрының әртісі Нұржан Төлендиев және эстрада жұлдыздары Нұржан Қалжан, Бақытжан Мұстафаев, Данияр Барыстың қатысуымен мерекелік Гала-концерт тамашаланып, түркістандық жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мақаламыздың соңында Сауран ауданы тұрғындарының назарына ұлттық спорт түрлері жайлы аз-кем мағлұмат ұсынып отырмыз.
Қай заманда болсын дайын¬дығы күшті, шеберлігі мықты сарбаздар шайқаста жеңіске жетеді. Сол себепті, байырғы көшпенді бабаларымыз бейбіт күннің өзін¬де сарбаздардың жауынгерлік даярлығын жетілдіріп отырған. Яғни, шайқас кезінде жауынгер қолданатын әдіс-тәсілді бейбіт күндері ұлттық ойын ретінде үздіксіз дамытқан. Әрі қомақты бәйге тігіп, жауынгерлерді ын-таландырған.
Мысалы, көкпарды ала¬йық. Бұл жауынгердің ат үстін¬дегі еп¬тілігі мен тақымын шынық¬тыратын жаттығу. Шайқас ке¬зінде жолдасың жараланып аттан ауып барады… Оның денесін жерге түсірмей іліп алып құтқару керек. Немесе жау сарбазының та¬қымға басқан жарағын тартып алу қажет. Осындай жағдайда көкпар тартып шыныққан жауынгер қиналмай-ақ жеңіске жетеді.
Аударыспақ ше?! Дала сарбазы үшін жауды ат үстінен аударып тастап, астындағы тұлпарын олжалау немесе қиын-қыстау сәтте қарсыласқан жауға найзасын тіреп, ердің үстінен аудару сияқты жауынгерлік жаттығуды жетілдіретін тәсіл.
Теңге ілудің де ілкідегі ма¬ңызы осы тектес. Мысалы, шай¬қас кезінде қорамсақтағы оғыңыз тау-сылды. Жау ентелеп келе жа¬тыр. Қайтесіз, атпен шауып өтіп, жерде шашылып жатқан жебе¬лерді теріп аласыз немесе жау¬дың қолынан сусып түсіп кет¬кен қанжар-қылышын лып еткізіп іліп алып өзіне жұмсайсыз. Мұндай жауынгерлік әдіс-тәсілді жетілдіріп отыру үшін қазақ «теңге ілуді» ойлап тапқан.
Садақ ату да жауынгерлік жаттығу. Бейбіт күні садақты көп атқан сарбаздың мергендігі жетіледі, жебе тартудың машығын үйренеді. Өзінің нысанаға дәл тигізетін қашықтығын анықтап алады. Көшпенділердің аса бір қадір¬лейтін адамы осы – мергендер. Қазақтың батырлық дас¬тандары мен эпостық жырларында асқан мергенге хан қызын бергені жайлы дерек жеткілікті. Мысалы, Қобыланды батыр жы¬рында Көктем аймақ деген хан ай астына алтын жамбы құрып, оны атып түсірген адамға қызымды беремін деп жар салады. Жамбыны Қобыланды батыр атып түсіріп, Құртқа сұлуды алып қайтады.
Ал ұлттық өнер дегеніміз – ол жоғарыда айтып өткен жауын¬герлік жаттығудың басқаша қыры. Қазіргі таңда қазақтың ат¬бегілік, құсбегілік, саятшылық өнерін спортқа жатқызып жүр¬міз. Бұл спорт ойындарына қа¬рағанда интелектуалдық сипаты басым көшпенділердің ақыл-ой еңбегінің тұрмыстағы жемісі. Бұл жерде халықтың байырғы генетикалық жадысы жатыр десе де болады.
Мысалы, сонау бағзы заманда атақты Толыбай сыншы жолаушылап келе жатып, ана¬дай жерде жатқан қуарған аттың бас сүйегін көзі шалады. Тізгінді тартып тұра қалып: «Ей, мынау ерен жүйріктің басы екен, имек тұмсық, бөкен танау, көзінің ойындысы терең, жар қабақ, екі жақтың ортасы алшақ, тістері әлі жалтырап тұр, сүйегі қандай асыл еді жануардың. Мына тұмсығына қарағанда, шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні қатты, сіңірлі екен. Құмдауыт, босаң, көбелең жерде бәйге бермейтін ат қой бұл. Жасы тоғыздан асып, онға қараған дер шағында өлген екен, жануар», депті. Тірі жылқыны көрмей-ақ қу басқа қарап осылай деген. Сол сияқты кәнігі құсбегілер де самғау көкте, көз көрім биікте ұшып бара жатқан қыранды да осылай тап басып танып айта беретін болған. Мұндай интелектуалдық қабілетті қазақ «сұңғылалық» деп атаған.
Қазір осы интелектуалдық жадыға қатысты ұлттық өнерді ұлт¬¬тық спортпен араластырып жі¬бер¬дік. Бұл болашақта бө¬лек тақырыпқа жүк болатын дүние. Қазақ осы жадысын қал¬пына келтірмей, байырғы тек-таны¬мымен қауыша алмайды.
Үшінші – ұлттық ойын. Бұл жоғарыдағы жауынгерлік жат¬¬тығудың алғашқы бастауыш сабақтары сияқты дүние. Қазіргі таңда қоғамдық өмір¬ге жалпыласқан ұлттық ойын тү𬬬леріне асық ату мен тоғыз¬құ¬малақты жатқызуға болады. Өйткені бұл екі түрден респуб¬ликалық деңгейде жарыс¬тар ұйымдастырылады және ше¬берлік атақтары беріледі.
Асық атуды алайық. Мұның өңірлік немесе өлкелік ойын түр¬лері көп. Мысалы, оған «Хан-талапай», «Хан ату», «Құлжа ату», «Құмар», «Қақпақыл», «Қа𬬬жу» немесе «Қаржымақ», «Төрт асық», «Бес тас», «Иір¬ме¬кіл», «Омпа», «Бәйге», «Бес табан» т.б. жата¬ды. Бұл ойындар¬ды негізінен жасөспірім балалар ойнайды. Яғни болашақ ел қор¬ғайтын жауынгер жас кезінде асық ату арқылы мергендігін шыңдайды, дәлдігін жетілдіреді, ептілігін арттырады. Осылай жастай шыныққан бала ержеткенде епті жауынгерге айналады. Қысқасы біздің «Ұлттық спорт» деп жүргеніміздің тарихи-этнографиялық маңызы осы.
Зерттеулерге сүйенсек, көшпелі қазақ халқының дәстүрлі ұлттық спорт түрлерінің қоржынында 150-ге жақын ойындар бар екен. Ата-бабамыз ғасырлар бойы қалыптастырған құндылығымыздың бүгінде дені ұмытылып кетті.
Қазақта қандай ойын болса да, бекерден бекер шыға салмады. Әрбірінің түбінде салмақты мағына бар. Ұлттық спорт түрлерінің қай-қайсысын алсақ та, бірі тәрбиеге, енді бірі дене шынықтыруға жол бастайды.
Назарларыңызға күні бүгінге дейін қолданыста жүрген топ-10 ұлттық спорт түрін ұсынамыз:
1. Күрес. Қазақша күресте бір қолмен белдіктен немесе күрте жағасынан, жеңінен ұстап шалу, үйіріп, сүріндіре жұлқу, тізеден қағу, іліп немесе кеудеден асыра лақтыру және т.б. тәсілдер қолданылады.
2. Қыз қуу. Мереке күндері ат үстінде ойналатын ойын. Жарыста жігіт айналып қайтқанға дейін қызды қуып жетсе, оны ат үстінде құшақтап сүйеді. Мұндайда жігіттің жеңгені болып есептелінеді. Қуып жете алмаса, қайыра қайтқанда қыз сөреге дейін жігітті және оның атын қамшының астына алады. Бұл – қыздың жеңгені.
3. Асық ату. Күндіз де, түнде де ойналатын ұлттық ойын түрі. Күндіз ойнау мергендікке, түнде ойнау ептілікке баулиды. Асық ойынының құмар, тәйке, омпы, алшы, хан, қақпақыл секілді түрлері бар.
4. Тоғызқұмалақ. 4 мың жылдық тарихы бар көне ойын. Арнайы тақтайшада, 2 адам арасында ойналады.Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі.
5. Көкпар. Ойын тәртібі бойынша, салт аттылар салмағы 30–40 кг немесе 50–60 кг болатын бассыз серкені (ешкі) жерден көтерулері немесе қарсылас команда ойыншысынан тартып алып «мәре салым» қарсыласының қазандығына салулары керек.
6. Арқан тарту. Ойынға ұзындығы 10 метр жуан арқан керек. Қақ ортасынан орамалмен бөліп, белгі жасалынады. Ойыншылар тепе-тең болып топқа бөлінеді. Қатысушылардың саны шамамен 10-12 болуы тиіс. Ойыншылар арқанды қос қолдап тартады.
7. Аламан бәйге. Атқа мініп ойналатын спорт түрі. Бәйгеге 20-60, тіпті одан көп сәйгүлік қосылуы мүмкін. Жылқы 25-100 км қашықтықта шабады. Бәйге атына салмағы жеңіл жас балалар мінгізіледі.
8. Аударыспақ. Бұл салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ойын аға төрешінің ысқырығымен басталады және тоқтатылады. Тартыс бес минутқа созылады.
9. Теңге алу (ілу). Ат үстінде ойналатын спорт түрлерінің бірі. Қатысушылар 2 топқа бөлінеді. Ойынға жасы 18-ден асқан жігіттер ғана қатыса алады. Ереже бойынша, теңге ілушілер аттың үстінен еңкейіп, жерде жатқан теңгелерді лақтырып тастауы қажет. Теңге ілу көбіне үйлену тойының алдында ойналады.
10. Жамбы ату. Ер жігіттің мергендік, ептілік қабілетін сыннан өткізетін, намысын жанитын ежелгі ойындардың бірі. Ереже бойынша жігіттер сөреде өз сәйгүліктерінің жанында болады. Төреші белгі берісімен олар аттарын тез ерттеп, шаба жөнеліп, жолындағы нысаналарды атып құлатуға тиісті. Терешілердің ұйғарымы бойынша, нысаналар бірнешеу болады.
Сонымен қатар жуырда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі ең танымал деген 5 ұлттық спорт түрлерін жариялады.
5 орын. БӘЙГЕ
Бәйге – халық арасында ең көп тараған ат спорты. Шабандоздардың ат жарысы қалың көрермені бар, естен кетпес ерекше әсер сыйлайтын ұлттық спорт түрі. Бүгінде елімізде шабандоздарды дайындайтын 753 үйірме жұмыс істейді. Онда 21 мыңға жуық бала ұлттық спорттың қыр-сырын меңгереді. Бәйгенің бір ерекшелігі қырлы дөңесі бар табиғи кедергілер арқылы өткізілетіндігінде. Бұл спортшыларға талапты күшейте түседі. Атқа шабушы тек күшті болып қана қоймай, атқа жақсы шаба және өз атының күшін дәл бағалай білуі керек. Бірақ соңғы кездерде жарысты тегіс жерлерде немесе ипподромдарда өткізетін болды. Мұндай жағдайда қашықтықты ұзартады. Бәйгеде спортшының тактикалық шеберлігінің орасан зор маңызы бар. Қөп жағдайларда аты жүйрік және мыкты спортшылар емес, жарыс жағдайын дұрыс түсініп, өзінің сәйгүлігінің күшін дұрыс біле білген адам ұтып шығады.
Жарысқа атты дұрыс әзірлеудің маңызы зор. Егер ат жақсы жаратылмаса бәйгеден озып шыға алмайды. Атты дұрыс жарата білу және оның ерекшеліктерін ажырату табыс кілті болып табылады.
Қазақтар ежелден өздерінің атты бәйгеге жақсы жарата алатындығымен көзге түсіп келеді. Бұлар тәжірибеде талай сыннан өткен түрлі әдістерді қолданады. Бұл әдістерді шамамен үш кезеңге бөлуге болады.
1) Атты аяңдатып, анда-санда шоқыта шаптыру. Жалпы алғанда бұл жаттықтырудың міндеті атты ширату болып табылады.
2) Атты біраз қатты шапқаннан кейін аздап демалдырып алу.
3) Алда болатын бәйгінің жағдайына қарай атты ұзаққа қатты шаптырып, жаттықтыру.
Атты дұрыс жаттықтырып қана қоймай сонымен бірге бәйгеге қосатын сәйгүлікті таңдап ала білу керек. Жақсы сәйгүліктердің мынадай ерекшеліктері болады: ат кеуделі болса оның жүрегі мен өкпесінің мықты екендігін көрсетеді. Шоқтығы биік, тірсек сіңірлері жетілген, аяғы сомдай берік болуы керек. Егер аттың жүрісі жайлы болса ол оның ұзаққа шабатындығын көрсетеді. Қысқаға шабатын аттар денесі ірі, жай жүргенде жұлқынып, тынышсызданып тұрады. Қазақстанның спорттың бұл түрін кеңінен дамытуға барлық мүмкіншілігі бар. Жақсы жігіттер мен тамаша сәйгүліктерді әрбір колхоз бен совхоздардан кездестіруге болады: республикамызда жылқы өсіретін көптеген заводтар да бар. Сондықтан да Қазақстан таяудағы уақыттың ішінде ат спорты өркендеген республикалардың бірі болуы керек.
4 орын. АСЫҚ АТУ
Асық ату — ертеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойыны. Ол балаларды ептілікке, жылдамдыққа, мергендікке үйретеді. Қазақстанда 2237 асық ойыны үйірмесі бар. Онда 77 мыңнан астам адам ұлттық спортпен шұғылданады.
3 орын. КӨКПАР
Көрермені бойынша да, қатысушылар саны жағынан да көкпар көш басындағы ұлттық спорт түрінің бірі. Елімізде 78 мыңнан астам адам көкпар спортымен айналысады. Оларды жаттықтырып, шеберліктерін шыңдайтын 916 үйірме бар.
2 орын. ҚАЗАҚША КҮРЕС
Халық арасында қашанда спорттың жекпе-жек түрлері өте танымал. Соның ішінде қазақша күрес қатысушылар саны мен жанкүйерлері бойынша алдыңғы қатарда. Бүгінде еліміз бойынша 4427 қазақша күрес үйірмесі жұмыс істейді. Онда 159 мыңға жуық адам ұлттық спорт түрімен жүйелі түрде шұғылданады. Қазақша күрестен жарыс Октябрь революциясына дейін және революциядан кейін біраз жылдар салмақтық топтарға бөлінбей өткізіліп жүрді. Бұл оған қатынасушылардың арасында теңсіздік тудырды.
Қазіргі кезде қазақша күреске қатынасушылар салмағына қарай бес топқа бөлінеді. Бірақ оның өзі де жеткіліксіз. Қазақша күрес еркін күреске өте ұқсас болғандықтан мұнда да салмақтық топтар еркін күрестегідей болу керек. Спорттың ұлттық түрлерін мүмкіншілігінше қазіргі классикалық түрлерге жақындата түсу, оларды одан әрі өркендетудін және жетілдірудің негізгі міндеттерінің біpi. Спорттың ұлттық түрлерін бұл бағытта дамыту оны бұрынғыдан да мазмұнды және қызықты ете түседі. Бұл әсіресе еркін күрестің түрегеп тұрғанда аяқтан шалатын және қолмен белден төмен ұстауға болмайтын әдістеріне өте жақын. Қазақша күрес үшін тіпті маңызды. Мұндай әдістер орыстың, тәжіктің, қырғыздың, армянның, грузннің тағы басқа халықтардың күрестерінде бар. Бұл жағдай қазақша күрестің техникасын, тактикасын, жаттықтыру әдісін жетілдіре түсуге мүмкіншілік тудырады. Қазақша күрестегі бір ерекшелік шалу және қайыру сыяқты әдістердің өте байлығында. Мұнда түрегеп тұрып лақтыру немесе жатаберіс тастау, белге салып лақтыру сыяқты әдістері де қолданылады. Бұл негізгі әдістерге палуан аяғын жиі пайдаланады.
1 орын. ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ
Елімізде ұлттық спорт түрлерінің ішіндегі ең танымалы – тоғызқұмалақ.
Адамның ойлау қабілетін дамытып, тапқырлыққа тәрбиелейтін зияткерлік ойын жас ерекшелігіне қарамастан жалпыға қолжетімді. Қазақстанда 6856 тоғызқұмалақ ойны үйірмесі бар. Оған 207 мыңға жуық адам тұрақты түрде қатысады.
2022 жылы ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатын қазақстандықтардың саны 580 мыңнан асқан. Ал ұлттық спорт түрлері бойынша үйірмелердің саны 16 555-ке жетті.