САУРАН АУДАНЫНА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

0
51
Құрылғанына 1 жыл толған Сауран ауданына көптен күткен көгілдір отын келді. Табиғи газ жүйесіне қосылған Үшқайық ауылдық округі тұрғындарының қуанышында шек жоқ. 4 мың халқы бар Теке елдімекенінен басталған газ беру жұмыстары мамыр айында «Жалаңтөс», «С.Қожанов, «Нұртас» елді мекендерінде жалғасын табатын болады.
Тұрғындарды көгілдір отынның келуімен құттықтаған аудан әкімі Ғани Рысбеков табиғи газға қосылу үшін қауіпсіздік шараларын сақтау аса маңызды екенін атап өтті.
«Жаңа ауданымызға табиғи газ қосу жұмыстары Үшқайық ауылдық округінен бастау алуда. Біз ендігі кезекте қалған ауылдық округтерге көгілдір отын беру үшін тиісті барлық жұмыстарды атқаратын боламыз. Біз үшін тұрғындардың өмір қауіпсіздігі бірінші кезекте. Сондықтан да тұрғындарға көгілдір отынды газ беруші мекеменің арнайы рұқсатымен және мамандарының қатысуымен қосу қажет»,-деді Ғани Рысбеков.
Қауіпсіздік ережелерін сақтамай газ жүйесіне өздігінен қосылу өмірге қауіпті. «ҚазТрансГаз» қызметкерлері елді мекен тұрғындарына қауіпсіздік шараларын түсіндірді.
«Үшқайық ауылдық округіне табиғи газ Түркістан қаласындағы автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы беріледі. Аудан әкімшілігі мен «ҚазТрансГаз» АҚ елдімекендегі барлық көшелерге газ құбырларын тарту жұмыстарын жүргізді. Әрі қарай әр азамат өз үйіне немесе басқа да нысандарға газ қосу үшін өтініш білдіріп, мердігерлермен келісім шартқа тұрып, құжаттары түгелдегеннен кейін жеке шот ашылып, абоненттер санына қосыла алады»,-деді «ҚазТрансГаз»АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Омарбеков Шалқар.
Ауылдық округ тұрғындары табиғи газ жүйесіне қосылғанына қуанышты екенін білдіріп, алғысын айтты.
Жеке жане заңды тұлғаларды газдандыру үшін:
1) Техникалық шарттарды алу;
2) Техникалық шарттарды сақтай отырып, лицензияланған мердігерлік ұйымның үйішілік газ құбырының құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу;
3) Атқарушылық-техникалық құжаттаманы тапсыру;
4)Сервистік қызметтерге ақы төлеу,дербес шот ашу;
5)Дербес шотты қосу қажет.

Leave a reply