САУРАН АУДАНЫНДА ЖИҺАЗ ЦЕХІ АШЫЛДЫ

0
60

Заманауи технологиялармен жабдықталған цех жылына 80 мың орындық, 15 мың үстел шығаруға қауқарлы. Цехтің лентасын қиып, құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Ғани Рысбеков ауыл тұрғындарын наурыз мерекесімен құттықтап, жаңа цехтің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

«Бұл цех іске қосылған күннен бастап, жүзден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Тауарларының сапасы көңіл қуантады. Өзімізде өндірілген өнім болғандықтан бағасы да қолжетімді. Өнімдерін тек елімізде ғана емес, шетелге экспорттауды да жоспарлауда. Жаңа кәсіпорынның ашылу салтанатымен қатар, наурыз тойын да дүбірлетіп тойлап жатыр екен. Баршаңызды ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! Наурыз мерекесі ырыс пен құт әкелсін!», — деді аудан әкімі Ғани Рысбеков.

«Sem Brand» жиһаз цехі Түркия, Қытай және Ресей елдерімен бірлесіп жұмыс жасауда. Шетелдік соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған цех болашақта 300- ден аса адамды жұмыспен қамтымақ.

«Біз шетелдегі көрмелерге жиі барамыз. Мамандарымызды тәжірибе алмасуға шетелдегі түрлі ірі кәсіпорындарға жібереміз. Біздің мамандарымыздың шеберлігі өнімдеріміздің сапалы болуы үшін өте маңызды. Қазіргі таңда өнімдерді еліміздің көптеген қалаларымен қоса Қырғызстанға да экспортқа шығарып жатырмыз»,- деді цех директоры Бабыр Шереханұлы.

Цехтің ашылу салтанатында Наурыз тойы тойланып, ауыл тұрғындары мен цех қызметкерлеріне алғыс хаттар мен төсбелгілер табысталып, ұлттық ойын түрлерінен сайыстар өтті

Leave a reply