Воскресенье, 8 сентября

САУРАН: АУДАНҒА БЫЛТЫР 85 МЫҢНАН АСА ТУРИСТ ПЕН ҚОНАҚ КЕЛДІ

0
95

Сауран ауданында 56 тарихи-мәдени нысан бар. Бұл нысандардың ішінде туристер қызығушылық танытып, көптеп келетін орындар – Ескі Сауран қалашығы мен Үкаша ата, Жүсіп ата кесенелері. Өткен жылы тарихи-мәдени нысандарға 85 579 турист пен қонақ келген.
Бүгінде туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Сауран қалашығынан «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда ғимарат қабырғалары тұрғызылған. Биыл құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі.
Бұдан өзге демеушілер есебінен 97 млн теңгеге «Жүсіп ата» кесенесінің айналасына абаттандыру құрылыс жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы 1,1 млрд теңгеге инвестиция тартылып, жоспар 110 % орындалды.
Осы орайда аталмыш киелі орындар мен мәдени нысандар жайлы маңызды мағлұматтарды саурандықтардың назарына ұсынып отырмыз.
ЕСКІ САУРАН ҚАЛАШЫҒЫ
Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі.
Биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашықтың өлшемі солт-шығыстан оңт-батысқа қарай 800 м. солт.-батыстын оңт-шығысқа қарай 500 м мәдени қабатының биіктігі 2 м. Сауран туралы алғашқы деректер 10-ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазған. Шыңғыс хан шапқыншылығына байланысты оқиғаларда Сауран туралы деректер кездеспейді. 13-ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. 14-ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал еткен. 16-ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді – жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Сауран 17-ғасырдың аяғы мен 18-ғасырдың басында әлсіреп, 19-ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550 – 800 м дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың 7 – 18 ғасырларға жататынын дәлелдейді.[1]
Тарихы
Ортағасырлар кезінде Сырдария өзенінің ортаңғы ағысындағы аймақты Түркістан өлкесі деп атаған. Сол өлкенің аса гүлденген қалаларының бірі Сауран еді. Ертеректегі деректерде Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар деп айтады. Дешті-Қыпшақ даласы мен егіншілікпен айналысқан өлкенің қақ ортасында орналасқан шаһар дала халқы мен қала тұрғындарын байланыстырған, сауда-саттық орталығы болған. Арабтың географы әл-Магдиси: «Сауран (Савран) – үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шекаралық шаһар» деп жазған. Ұзақ уақыт аралығында шаһар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды.
Шыңғысханның шапқыншылығы жайлы жазылған деректерде Сауранның аты аталмайды. Бірақ ХІІІ ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум қаланы Савран деп, Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харачук), Иасы (Асон) қалаларымен бірге атап жазған. Ғалымдардың пайымдауынша, моңғол шапқыншылығынан кейін қала орнын ауыстырып, басқа жерден салынған. ХІІІ ғасырға дейінгі Сауранның орны қазіргі Қаратөбе қала жұрты. Онда жүргізілген зерттеу жұмыстары қалашық бірнеше қорғаныс қабырғасымен қоршалғанын анықтаған. Қазба материалдары қаланың тіршілігі моңғол шапқыншылығынан кейін тоқтағанын көрсетеді. Оның есесіне жаңа қаланың орны Қаратөбеден солтүстікке қарай үш шақырым жердегі кең жазықтан бой көтерген. Сауран қаласы ХІV ғасырда Ақ Орданың құрамына кіріп, бір кездері оның астанасы да болған. 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Оның ұлы Ерзен Сауран, Отырар, Жент және Баршынкент қалаларында медресе, мешіт, ханака секілді қайырымдылық мекемелерін салдырды. Шаһар саяси және экономикалық орталық ретінде өзінің маңызын кейінгі жүзжылдықта да жоғалтқан жоқ. Сауран үшін өзбектер мен Қазақ хандары арасында қаншама қанды шайқастар өткен. Қазақ хандығының құрамына шаһар толығымен ХVІ ғасырдың соңында өтіп, оның басты қалаларының біріне айналды. Дегенмен Сауран бұған дейін де белгілі бір уақыт аралығында қазақтардың билеуіне өтіп тұрды. Мысалы, қазақтың алғашқы хандарының бірі, Жәнібектің ұлы Жиренше хан ХV ғасырдың 80 жылдарында шаһарда бірнеше жыл билік құрған. Деректерде Сығанақ пен Сауранның маңында тонаушылықпен айналысып жүрген Мұхаммед Шайбанидің әскери тобын Сауранның билеушісі Жиренше ханның жасақтары талқандағаны жайлы айтылады. Ашық даладағы жазық жерге салынған осы шаһардың тамаша табиғаты мен жаныңды жадыратар тұнық ауасы, оны айнала қоршай салынған алып қорғаныс қабырғалары жайлы көптеген жылнамашылар жазған. Сол кездегі жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары осы күнге дейін жақсы сақталған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналады. Сол кезде қаншама мешіт, медреселер салынған. Сондай керемет құрылыстардың бірі қос мұнаралы медресе мен жұма мешіті жайлы ХVІ ғасырда бір жылға жуық Сауранда тұрған ақын-жазушы Уәсифи қызыға жазған. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген. Уәсифидің айтуынша осы суландыру жүйесін шаһарға мұсылман әулиелерінің бірі Мір Араб сыйға тартқан. Басын шаһардан 7 шақырым жерден алатын осы кәрізді каналды салуға 200 үнді құлдары пайдаланылған. Сол әулиенің есімі осы күнгі Саураннан солтүстікке қарай 6-7 шақырым жердегі Міртөбе бекінісінің қираған орнында қалған. Әлгі кәріздердің басы да сол маңнан басталады.
Шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктері қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба кезінде шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылды. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылады. Қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесіп жатады. Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
ҮКАША АТА КЕСЕНЕСІ
Түркістан облысындағы киелі жерлердің бірі — Үкаша ата қабірі орналасқан кесене. Оның мазары Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде Бабайқорған ауылының солтүстігінде орналасқан. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана қазір көптеген туристерді қызықтырып отыр.
Халық арасындағы аңыз бойынша Үкаша ата Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) сахабасы ретінде белгілі. Мұcылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған. Аңыз бойынша, Үкаша ата шапса қылыш, атса оқ өтпейтін қасиет дарыған алып денелі, батыр болған екен. Үкаша сахаба сондай-ақ қазақ даласына ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға ретінде айтылады. Ол Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сенімді серіктерінің қатарында болған. Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бір қатарда тұрады. Ал кеңестік дәуірде халықтың тарихи санасында Ғакаша сахаба есімі ұмытылып, Үкаша ата, Үкаша әулие есімімен сақталып отыр.
Бірқатар деректерде Ғакаша сахабаның ешқандай да аңыз емес екені айтылған. Ол Пайғамбардың (с.а.у.) жақын серігі, қасында бірге жүрген аяулы сахабасы болғандығын көрсетеді. Пайғамбар сахабасы — Әли Мұхаммед (с.а.у.) алдында жүретін қорғаушысы болса, Үкаша ата оның арқа тұсында жүретін оққағары болған екен. Мұхаммед (с.а.у) өмірден өтер сәтінде: «Кімде-кім Үкашаның жүзіне қараса, сол адамға тозақ оты харам болады» дегенді айтады. Енді бір деректе Мүбәрак әулиенің қасиетті қаны аяқ асты болмасын деген оймен денесімен қоса қаны шашыраған жері көміліп қабірге айналдырылған.
Қазіргі таңда Үкаша ата қабірі бүкіл түркі жұрты мінәжат қылып, тәуәп жасайтын зиярат орнына айналған. Үкаша ата дегенде, ең әуелі жұрттың есіне тау басындағы құдық еске түседі. Тау басындағы құдықтың пайда болуына қатысты сұрақтың жауабы да тарихи шығармалардан алынған. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп, құран оқиды. Одан кейін барып тау басындағы құдықтан су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана бұрнағы уақытта жыр-дастандар арқылы кеңінен таралған. Тарихшы Мұхтар Қожа Үкаша ата туралы мынандай деректер айтады.
«Үкаша атаны жау жеңе алмаған, ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді екен. Жаулары айла жасап оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаша ата тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер таң намазын оқып отырған кезде басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жер асты өзен арқылы Мұхаммед Пайғамбарға (с.а.у.) жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның күнәсіне балап түсіндіреді», — дейді тарихшы
Ал кейбір деректерде Үкаша ата бейітінің жанындағы қасиетті саналатын құдық суы жер асты арқылы Меккедегі Зәмзәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар. Оның тереңдігі 22-25 метрді құрайды. Құдық тік емес, спираль тәрізді. Құдықтан су алу үшін шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның жолы болғыш, бақытты адам деп саналады. Осы құдықтың басына барша мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зияратқа ағылып келіп жатады. Сондай-ақ ел арасында жаугершілік заман мен бертін келе соғыстан кейінгі жылдары да жараланған адамдамдар осы құдықтың суына шомылып, айығып кеткені туралы айтылады.
Кесене мен құдықтың екі арасы шамамен алғанда бір шақырымдай. 1990 жылдары ауыл ақсақалдарының күшімен ол жер қайта жөнделіп, тәубе ететін орынға айналдырылды. 1996 жылы облыстық Мәдениет басқармасының «Әзірет Сұлтан» музейі қармағына берілді.
ЖҮСІП АТА КЕСЕНЕСІ
Жүсіп ата кесенесі жергілікті маңызы бар ескерткіш. Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Ескі Иқан ауылының орталығында орналасқан сәулеттік құрылыс. Координаттары: 43˚10.682΄, 068˚32.082΄ Теңіз деңгейінен биіктігі 233 м. Кесене Иқан каласы қирандысынан 500 метрдей оңтүстік-шығыста орналасқан, бұрын мұнда ешкандай археологиялық зерттеу жүргізілмеген, тек 2005 жылы кесене іргесіне зерттеулер жүргізілген болатын. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №632 санды нөмірімен енгізіліп, мемлекет қарауына алынған. Жалпы қорғау аумағы 1,5 га.
Жүсіп атаның өміріне қатысты деректерді саралай келе, ХІІ ғасырда өмір сүрген діни тұлға екендігі анықталды. Ол туралы толық деректер көп сақталмаған. Аңыз, әпсаналар мен жергілікті көнекөз қариялардың айтуларына жүгінуге тура келеді. Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп те атайды. Оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Ол Қожа Ахметтің замандасы, шәкірті, тағы бір аңызда жиені болып есептеледі. Жүсіп ата көзі тірісінде әулиелік дәрежеге жеткен. Аңыз бойынша Қожа Ахмет Ясауи бірде Жүсіп атаның үйінде болып «Сенің төртінші ұрпағың Камалиддин шайық керемет зор әулиелікке жетеді», — дейді. Сол Жүсіп атадан тараған ұрпақтары Камалиддин, Сүлеймен, одан Омар, Жиен, Сыддық деген ұрпақ қалады. Жиеннен Иқан Қожа, одан Ата қожа, одан Шарафуддин тарайды.
Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша, Жүсіп ата кесенесінде 1930 жылдары діни кітаптардың өте көп сақталғандығын тілге тиек етеді. Өкінішке орай, Кеңес үкіметі орнағаннан соң біршама кітаптар өртенгендігін жергілікті халықта растайды. Алайда кесене ішінде жерленген тұлғалардың құлпытастары толық сақталған. Олар: Сабыр ата, Құрбан ата, Жүсіп ата, Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), Ибраһим ата, Әбдіжалил ата, Асан ата, Әбді Әзиз ата құлпытастары. Кесене ішіндегі жерленген тұлғалар «Жүсіп атаның ұрпақтары немесе шәкірттері болуы», — тиіс деген тұжырымға келдік.
Аңыз-әпсана жинақтаушы О.Дастановтың «Әулиелі жерлер туралы шындық» деген еңбегінде Жүсіп ата кесенесі ХVІ ғасырда тұрғызылған және кесене бұзылып қалған соң жергілікті халықтың қаржысымен 1905 жылы қайта тұрғызылған деген дерек кездеседі. 2007 жылғы жүргізілген қазба жұмыстары кезінде ғалымдар кесене құрылысында пайдаланылған кірпіштер 27х27х5 см, ешбір патша кірпіші екені байқалмайтындығын, сонымен қатар портал пилондары мен жоғары шығатын баспалдаққа пайдаланылған ағаштардың аса көнелігі ХХ ғасырда қайта тұрғызылды деген болжамға сәйкес келмейтіндігін атап өткен. Жүсіп ата кесенесі екі бөлмеден жалпы ұзындығы 22-23 м, ені 12,87 м. Зияратхана бөлмесінің ішкі өлшемдері 9,24 мх9,21 м, құрайды. 2008 жылы Жүсіп ата кесенесіне толық реставрациялық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Түркістанға әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар да Жүсіп ата кесенесіне арнайы барып, зиярат жасайды.
Тарихи деректерге сүйенсек Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, тағы бір аңыздарда жиені болғандығы айтылады. Ол туралы деректер көп сақталмаған. Аңыз, әпсаналар мен жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп атаған. Оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Иқан ауылының жергілікті тұрғыны Иулдаш Нұршиддинұлының жеке мұрағатынан Жүсіп ата туралы бірқатар деректер табылған. Бұл деректерге сүйенсек Қожа Ахмет Ясауи сол заманда Яссы қаласының әкімі қызметін атқарған екен. Әкімнің бұйрығымен Жүсіп ата Иқан ауылына өкіл болып жіберіліпті. Ол кезде Иқан ауылы өзінің жүзімдерімен барлық елге танымал болған. Ахмет Ясауи Иқанға келгенде оған жүзімнің он екі түрінен жегізіпті. Сол кезден бастап Жүсіп ата сопылық ілімді толығымен меңгеріп, жоғарғы кемел дәрежесіне жетіп, әулие атанған екен.Халық арасында Жүсіп ата туралы аңыз әңгімелер жетерлік. Сондай аңыздардың бірінде : Намазға әзірлік жасап жатқан Қожа Ахмет Ясауидің суын оның шәкірті Хакім ата рұқсатсыз алып жуынып қояды. Бұған ұстазы үндемейді. Келесі күні Ахмет Ясауи Хакім атаны түйеге отырғызып, «Түйе қай жерде тоқтаса, сол жерге түсесің» деп бұйырады. Түйе Хакім атаның айқайына да қарамай, тоқтамай Әмурадария, Сырдарияны өтіп Хорезмнен бір-ақ тоқтайды. Ахмет Ясауи барлық шәкірттерін шақырып Хакім атаны кім Хорезмнен алып келе алады деп сұрағанда ешқайсысы үндемейді. Сонда Жүсіп ата тұрып Хакім атаны әкелуге келісімін береді. Сонда Ахмет Ясауи Жүсіп атаға «шатырға шық» деп бұйрық береді. Жүсіп ата шатырға шыққанда, шатыр әппақ түйеге айналады. Жолға шығар алдында Ахмет Ясауи шарт қояды. Хакім атаны әкелер кезде «қолын байлап әкелесің» дейді. Жүсіп ата жол бойы Хакім атаның қолын бос қойып, Түркістанға жақындағанда ғана қолын байлап әкеледі. Хазіреті Сұлтанның алдына келгенде ол Жүсіптің бұл ісі дұрыс емес екендігін айтады. Жаза ретінде Жүсіп атаны үш рет қамшымен ұрады. Жүсіп ата көзі ақ тірісінде әулиелік дәрежеге жеткен екен. Аңыздардың бірінде Қожа Ахмет Ясауи Жүсіп атаның үйінде болып «Сенің төртінші ұрпағың Камалиддин шайық керемет зор әулиелікке жетеді», — дейді. Сол Жүсіп атадан тараған ұрпақтары Камалиддин, Сүлеймен, одан Омар, Жиен, Сыддық деген ұрпақ қалады. Жиеннен Иқан Қожа, одан Ата қожа, одан Шарафуддин тарайды. Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша, 1930 жылдары Жүсіп ата кесенесінде діни кітаптар өте көп болған екен. Өкінішке орай, Кеңес үкіметі орнағаннан соң біршама кітаптар өртеніп кеткен. Бірақ кесене ішінде жерленген тұлғалардың құлпытастары толық сақталған. Олар: Сабыр ата, Құрбан ата, Жүсіп ата, Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), Ибраһим ата, Әбдіжалил ата, Асан ата, Әбді Әзиз ата құлпытастары. Кесене ішіндегі жерленген тұлғалар «Жүсіп атаның ұрпақтары немесе шәкірттері болуы», — мүмкін деген тұжырымдар бар.

Leave a reply