Thursday, November 21

САУРАН: САУРАННАН ШЫҚҚАН ТАҒЫЛЫМДЫ ТҰЛҒА

0
88

Түркістандағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте осы оқу орнын ұзақ жылдары басқарған Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетовтің өнегелі өмірбаяны өріліп, ұстаздық ұстанымын паш ететін дәрісханалық бөлме ашылды. Аталмыш шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова сонымен қатар әр жылдары бірге қызметтес болған жандар сыр шертіп, ізгі тілектерін жеткізді.
Жарқынбек Құлбайымбетов бар саналы ғұмырын білім беру саласын дамытуға арнады. Ол ұзақ жылғы ұстаздық қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «КСРО-ның оқу-ағарту ісінің озық қызметкері, «Қазақстанның оқу-ағарту ісінің озық қызметкері, «Ы.Алтынсарин төсбелгілерімен марапатталған. 2004 жылы Түркістан қаласының «Жыл адамы» Ресей халықаралық психология академиясының құрметті мүшесі, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», «Оңтүстік Қазақстан» облысының «Құрметті азаматы» атанды.
Жарқынбек Құлбайымбетов 1941 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Түркістан ауданына қарасты №33 разьезде қазіргі Шойтөбе ауылында дүниеге келген. Үшқайық ауылдық кеңесіне қарасты Қызылшаруа ауылында өсті. Қазіргі Сауран ауданы Үшқайық ауылдық округіне қарасты Қызылшаруа елді мекені. Балдай тәтті балалық шақтың бал күндері осы жерде өтті. Алғашқы ұстаздық қызметін де осы Қызылшаруа ауылынан бастады. Сөйтіп 1958 жылы қалалық №1 В.И.Ленин атындағы орта мектепті бітіреді. Арманмен қуалап жоғарылап оқып 1964 жылы Шымкент қаласындағы Крупская атындағы педагогика институтын физика, математика пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдайды. Уақыт озған сайын өткен дүниенің естелік болып, ақыры парақтары сарғайған тарихқа айналары барды. Егер бір сәтке болса да артқа бұрылып қарар болсақ сауалы көп жауабы аз ғұмырдың өтіп бара жатқаны ойландырса керек. Осы тұста артыңа бұрылып ел мен отанға қызмет ете алдым ба деген салмақты ойдың туары ақиқат. Ондайда жүріп өткен жолыңдағы атқарған істерің, артыңда қалған өнегең кинолентадай көз алдыңнан шұбырып өтері даусыз. Соның ішінен өзіңнің шынайы келбетіңді танып білерің айдан анық. Осындай сәттердің қыспағы мен таразысынан сүрінбей өтетін жандар көп болмаса керек. Сол санаулы саңлақтардың біреуі һәм бірегейі сексеннің үшеуіне келсе де қоғамдық қызметтің құлағын ұстап отырған сексен үш қарлы бұрқасыннан сүрінбей келе жатқан кейіпкеріміз қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов десек қателеспейміз. Олай болатыны осы бір есім жәдігер шаһардың бағызы тұрғындарына әбден таныс. Талай жылдар керуені көшімен ілесіп барша істерде қала жұртшылығымен бірге жасасып келеді. Содан да өмір иірімінің бір парасын оқырман қауымға жаңа бір қырынан пайым етуді жөн көрдік. Жоғары білімді ұстаз алғашқы еңбек жолын Түркістан қаласындағы В.Куйбышев орта мектебінде физика, математика пәндерінің мұғалімі болып бастайды. Бірақ сол жылы әскер қатарына шақырылып, 1965 жылға дейін Ленинград қаласындағы Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеп қайтқан соң, Сырдария орта мектебіне мұғалім болып орналасады, әрі сырттай оқыту мектебінің кеңес беру бөлімінің меңгерушісі болып еңбек жолын қайтадан жалғастырды. 1968 жылдан Түркістан қаласындағы Ленин орта мектебінде физика пәнінен дәріс беріп, нақты білімінің тереңдігімен ғана емес, шығармашылық ізденістерімен де танылған білікті ұстаз 1969 жылы Түркістан қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі болып тағайындалады. Осы қызметінде жүріп, жалпы білім беру мекемелерінде оқыту технологияларын жетілдіру ісіне жаңашылдық лебін ала келумен бірге ұстаздар ұжымын ортақ іске ұйыстыра білер шебер ұйымдастырушылық қабілетін де көрсете білді.
1971 жылы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің директоры қызметіне бекітілген ол өзіне сеніп тапсырылған білім беру мекемесінің материалдық – техникалық базасын нығайтып, ұстаз кадрлардың шығармашылық ізденістеріне жағдай жасай отырып, білім сапасы мен біліктілігін арттыруға баса ден қойды. Басшылық қызметте болған жылдарда мектеп оқушылары мен ұстаздар ұжымы білім сайыста-рында жиі көш бастап, білім ошағының беделін асыра түсті.
– Сәкен Сейфуллин мектебін жиырма жылдай басқардым. Осы аралықта артта қалған оқу орнын алдыңғы қатарға шығардым. Менің қарамағымдағы жеті мұғалім директорлық қызметтерге тағайындалды. Мен оларды мақтан тұтамын. Қазақ, өзбек, орыс тілінде сабақ алатын 2100 оқушының арасында төбелес, қылмыстық іс жасау деген болмайтын. Бәрі бір үйдің баласындай тату болды. Бұл әрине менің ғана емес, ұстаздар қауымының бірлесе атқарған жұмыстарының жемісі,-дейді ардагер ұстаз Жарқынбек Құлбайымбетұлы.
Тәжірибесі мол, талапты басшы 1984 жылдан – Түркістан аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көптеген реформаларға ұшыраған білім беру саласын тың бағытта жан-жақты дамыту жолында аянбай тер төкті. Ерен еңбегінің нәтижесінде 1987 жылы аудандық білім бөлімі облыс көлемінде социалистік жарыс қорытындысымен облыс бойынша аудан тарихында тұңғыш рет бірінші орын алса, 1990 жылы тағы да аудан көлемінде бірінші рет қазақ тілін оқыту бойынша республикалық конференция өткізіліп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұстаздар қауымы өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Ал, 1991 жылы өзбек тілін оқыту бойынша республикалық конференция, 1993 жылы республика көлемінде сабақта техникалық құралды пайдаланып оқыту бойынша семинар өткізіліп, білім бөлімі басшысының іскерлігі жоғары бағасын алды. Ал 1999 жылдан – Түркістан қалалық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасары, М.Әбенова атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек еткен білімі мен білігі кемел, ұлағатты ұстаз 2002 жылы киелі Түркістан төрінен есік ашқан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жанындағы «Түркістан» лицейінің директорлығына тағайындалды. Аталмыш орын осы жылдары әлемдік озық білім беру технологияларымен қаруланып, үлкен жетістіктер биігінен көріне білді. Нақтылап айтқанда 2003 жылы республика бойынша ең үздік 100 мектептің ішінде 37-ші орынға ие болды. 2004 жылға жеткенде бұл көрсеткіш республика бойынша 20-шы орынға көтерілсе, 2005 жылы оқушылардың ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балы 103,3 баллды көрсетіп, республика бойынша үшінші орынды қанжығасына байлады. Осының бәрі Жарқынбек Құлбайымбетұлы басқарған ұжымның бірлігі мен жан аямас тірлігінің арқасында нәтижелі болып отырды десек артық айтпаған боламыз. Зейнеткерлік демалысқа шықса да, шәкірт тәрбиелеу ісінен ұзап кете алмаған ұлағатты ұстаз 2005 жылы өзінің қолтаңбасы қалған №4 С.Сейфулин атындағы қазақ орта мектебінің басшылығына қайта оралып, жалпы білім беру ісін жетілдіру жұмыстарын жалғастырды. Ол кісінің тәлімін алып, алдынан түлеп ұшқан шәкірттерінің көпшілігі әрісі шетелде, берісі республикамыздың ең мықты оқу орындарында білім алып, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада жемісті қызмет атқаруда.
Бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, аудандық атқару комитетінің мүшесі болып сайланған Жарқынбек Құлбайымбетов Қазақстан мұғалімдерінің III- сьезінің делегаты болып қатысты. Бар саналы ғұмырын білім беру саласын дамытуға арнаған ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «КСРО-ның оқу-ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақстанның оқу-ағарту ісінің озық қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медалімен наградталған. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «ҚР Ардагерлер ұйымының құрылғанына – 30 жыл» мерекелік медалдарымен, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен», ҚР Білім ғылым министрлігінің, облыстық білім департаментінің «Құрмет» грамоталарымен, облыс, аудан, қала әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталып, 2004 жылы Түркістан қаласының «Жыл адамы», Ресей халықаралық психология академиясының құрметті мүшесі, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атанды.
2008 жылы үлкен абыроймен құрметті демалысқа шыққан абыз ақсақал бүгінде Түркістан қалалық «АМАNАТ» партиясы саяси бюросының мүшесі, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қоғамдық кеңестің мүшесі, қалалық білім саласы бойынша бірлестік төрағасы ретінде де ұрпақтар сабақтастығын жалғап игі шаралардың бел ортасында жүр. 2016 жылы республикалық ардагерлер кеңесінің VII сьезіне делегат болып сайланып, Республикалық Ардагерлер кеңесінің пленумының мүшесі атанды. 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының сессиясында Ж.Құлбайымбетовке «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. 2019 жылы «Қазақстан мәслихатына-25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Қорыта келгенде саналы ғұмырын қаланың білім саласы бойынша өркендеуіне, тағы басқа да жетістіктердің қолға келуі жолында маңдай терін төкті. Ұлтына қызмет ету дейтін асқақ мұратты серік етіп өнегелі істер атқарды. Қашанда елдік таным мен ерлік мінездің биігінен көрінуге бек құлшынды.
– Иә, зейнет демалысына шық-қаннан соң да қарап отыра алма-дым. Өйткені, мына жайт жаныма қатты батты. Баяғы өзім еңбек еткен Сәкен Сейфуллин мектебі сол кезеңде әбден құлдырап, көш соңында қалған екен. Аудан әкімі Мұхит Әліге кіріп, сонда басшы етіп жіберуін сұрадым. Қысқа мерзімде өзім іргесін қалаған мектепті қайтадан айтулы білім ошағына айналдыруға уәде бердім. Және сол сөзімнің үдесінен шықтым. Сөйтіп, бірінші оқу жылында мектепті 42 орыннан алғашқы ондыққа, екінші жылы бестікке, үшінші жылы үштікке іліндірдім. Осылай тағы төрт жыл мектепте еңбек еттім. Сонда жалпы 20 жыл мектеп директоры қызметінде болып, 16 жыл қалалық білім бөлімін басқарыппын, – дейді ұлағатты ұстаз, танымал тәлімгер, білікті басшы Жарқынбек Құлбайымбетов.
– Біз осы Жарқынбек атамыздың Сәкен Сейфуллин мектебіне сіңір-ген еңбегін елей отырып, осындай дәріс беретін арнайы бөлме аштық. Мақсатымыз «Әкелер мектебі», «Аталар мектебі» отырыстарын ата, әкелеріміздің тәрбиелік семинар кеңестерін, пәндік дәрістерді осын-да өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Сәкен Сейфуллин мектебінің директоры Рая Ибадуллаева.
Бүгінде ауылда қартың болса жазып қойған хатпен тең дейтін жасқа жетіп, 4 ұл мен 3 қызынан 30 немере мен 11 шөбере сүйіп отыр. Ең әуелі сол әулеттің көш бастаған тірегі, содан кейін қаладағы сөзі дуалы санаулы ақсақалдардың біреуі десек қателеспейміз.
Ескендір ЕРТАЙ.

Leave a reply