Thursday, November 21

САУРАН: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА СЕНБІЛІККЕ 400-ДЕН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСТЫ

0
92

Ел көлемінде тазалықты қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» атты экологиялық акциясы қолға алынды. Аталған жоба аясында Түркістан облысының барлық қала, аудандары тазалық жұмыстарын бастап кеткен.
Бүгін Сауран ауданы, Жүйнек ауылдық округінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 400-ден астам адам қатысқан тазалық шарасы өтті. Сенбілікке ауданға қарасты 12 ауылдық округтегі мемлекеттік мекеме қызметшілері мен ақылы қоғамдық жұмысшылар, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала және коммуналдық мекеме мамандары, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты. Шараға арнайы қатысқан ауданы әкімі Мақсат Таңғатаров Жүйнек ауылдық округінің аумағын аралап көрді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы негізінде аудан көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ауқымды түрде жүзеге асып келеді. Бүгінгі сенбілікке 10-ға жуық техника және 400-ден аса адам күші жұмылдырылды. Тазалықты сақтау – әрбір азаматтың негізгі міндеті. Туған өлкемізді өзіміз таза ұстап, аялауды қолға алуымыз қажет. Тұрғындар да ауқымды жұмыстарымызға тазалықты сақтау арқылы үлес қосса дейміз. Сенбілік жұмыстары алдағы апталарда да тұрақты өз жалғасын табатын болады», – деді аудан әкімі. Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштікті, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу.

Жалпы, биыл көктем айларында қала аумағына және саябақтар мен көшелерге, тағы басқа нысандарға 104 300 түп көшет егілді. Атап айтқанда, терек, емен, ива, үйеңкі, катальпа, арша, кіші жапырақты қарағаш, өрік, аморфа егіліп, қаланың сәніне сән қосты. Шаһарда 200 мың түп гүл отырғызылуда. «Таза Қазақстан» акциясы бұл жұмыстарға айрықша серпін беріп жатыр. Көгалдандыру жұмысы күшейе түсті.

Leave a reply