«Таза Қазақстан» акциясы аясында Отырар ауыл округінде тазалық жұмыстары жалғасуда.
Бүгін Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында Отырар ауыл округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен сенбілік шарасы өтті. Тазалық шарасына ауыл округі әкімдік қызметкерлерінен бастап, қоғамдық жұмысшылар, тұрғындар мен ерікті жастар белсене атсалысты.Экологиялық акция аясында көше бойларындағы арам шөптер оталып, қоқыс қалдықтары тазартылды. Одан бөлек арнайы орындар мен мекемелердің қоршаулары сырланып, ретсіз өскен жыңғылдар шабылды. Жиналған қоқыстар техниканың көмегімен арнайы полигондарға жеткізілді.
Аудан аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында аудан көшелері, саябақтар мен канал бойларын тазалау жұмыстары дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Экологиялық науқанға 17 облыс пен 3 қаланың тұрғындары жаппай қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда. Әр өңірдегі жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған акция 5 аптаға жоспарланған.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы 8 сәуір күні басталды. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми түрде мәлімдеді. 5 аптаны айырықша атауларға бөліп, қоршаған ортаға қажетті жұмыстарды нақтылап та берді. Алғашқы аптаға – «Таза өлке» деген атау берілген. Бұл апта жалпы республикалық сенбілікпен байланысты. Әр өңірдегі мекемелер, әлеуметтік нысандар мен тұрғындар өздері тұрған аумақты қоқыстан тазартты.
Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар.
Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат. Рас, «балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Жадыңда, жанарыңда, жүрегіңде ғана тұрар ақ мекен, көркем өңір, әсем өлке өсер ұрпағына да нұрын сыйлап, ғасырлардың көшінде жасанып, жайнап, жаңғыра берсін!