Таңғажайып Түркістан жері

0
64

Түркістан облысы Қызылорда, Жамбыл, Жезқазған облыстары және көрші Өзбекстан, Қырғызстан Республикалары жерлерімен шектеседі. Облыс территориясы негізінен жазық болып келеді, солтүстігінде – сазды шөл Бетпақдала, Шудың оңтүстігіне қарай – Мойынқұм шөлі, батысында – Қызылқұм шөлі мен Шардара даласы, ең оңтүстігінде – Мырзашөл орналасқан, ал, ортасында – Қаратау тауы, оңтүстік – шығысында Талас Алатауы, Қаржантау мен Өгем жотасы жайғасқан.

Климаты қатаң континентальді – қысы жұмсақ, қысқа, жиі – жиі жылымық түседі. Жазы ыстық, ұзақ. Шілдедегі орташа температура+24-28˚С, қаңтардағысы – 7-9˚С. Жауын-шашынның жылдық көрсеткіші 100 – 450 мм, таулы аймақтарда – 800 мм. Оңтүстік Қазақстан өзен – сулары Сырдария мен Шу бассейніне жатады. Өлкенің ең кәрі ландшафтарының біріне Қаратау жотасы жатады, ол Тянь – Шянь тауларының ең батыстағы сілемі болып табылады. Бұл сілем Талас Алатауынан басталып оңтүстік – шығыс пен солтүстік батысқа қарай созылып жатыр. Оның биіктіктері біркелкі емес, оңтүстік – шығысында Бурное селосы маңында биіктігі 1610 метрге дейін жетсе, солтүстік – батысындағы Бессаз тауы 2176 м дейін жетеді. Қаратау Тұран ойпатының Сыр бойы жазығымен созылып барып Қызылорда облысындағы Дәуіт тауымен бітеді, таудың ені 50 км – ден 80 км – ге дейін жайылады. Сонымен бірге, Қаратау бойында кішігірім тау сілемдері – Боралдайтау, Үлкен Ақтау, Ақтау, Бықырлытау, Үштас, Үңгірлі, Отмұрын, Арқалық, Қараадыр, Аққұз, Таутары және т.б. орналасқан.

Тап осы тау сілемдері «Ішкі Қаратау» деп аталатын тау ортасындағы жазықтар, қойнаулар, қазан шұңқырлар мен шатқалдарды құрайды, олармен жүздеген бұлақтар, жылғалар, өзендер тау ішінен ағып шығады. Олардың суларынан тау қойнауындағы жайлаулар, тоғайлар нәр алып мыңдаған жылдар бойы адамдарға қызмет еткен.

Тау өзендерінің ішінен ең ірілері – Қошқарата, Боралдай, Үлкен Бөген, Бала Бөген, Арыстанды, Қарашық, Үш өзен, Бесарық және Үшбас болып табылады. Қаратау табиғи кендерге аса бай, мұнда тас көмір, фосфаттар, түсті металдар, минералдар және т.б. өте көп табылған.

Тау өзендерін бойлай елді мекендер орналасқан. Су көзі көп болғанымен қазіргі күні Қаратау суға тапшы мекен деп есептеледі. Жазға қарай көптеген жылғалар мен өзендер тартылып қалады, дегенмен, тауға жақын орналасқан көптеген ащы және тұщы көлдер бар, олар тау өзендері мен Талас, Шу артериялары суымен қоректенеді. Көлдердің ірілері болып – Билікөл, Ақкөл, Тұзкөл, Ақжар, Қызылкөл, Ащыкөл және Ақжайқын есептеледі.

Осы облыстың халық ең тығыз орналасқан аймақтарының бірі – Түркістан ауданы болып табылады. Ол солтүстік бойлықтың 67 – 69 градустары мен шығыс ендіктің 43 – 44 градустары аралығына орналасқан. Аудан жері солтүстік – шығысында Қаратаумен, оңтүстік – батысында Сырдариямен шектеседі, жер көлемі 7,8 мың шаршы км-ге тең. Климаты аса континентальді, байқалған ең жоғарғы температура – жазда +50˚С, қыста – 35˚С. Жауын – шашынның жылдық мөлшері, жазықта – 150-500 мм, тауда – 400 – 500 мм. Аудан жерімен Сырдария, Үшөзен, Ақтөбе, Ермексу, Қарашық, Шылбыр және т.б. ұсақ жылғалар мен өзендер ағып жатыр. Қаратау аудан жерімен 200 км-ге созыла орналасқан. Таудың оңтүстік – батыс беткейіне жайғасқан тау – етегі жазықтығының ені 45-тен 80 км-ге дейін жетеді, ол негізінен аллювиальді – проаллювиальді, құмды – тасты шөгінділерден қалыптасқан, Жер асты сулары бұл шөгінді арқылы жекелеген салаларға айналып 5 – 10 м тереңдікте таудан төмен қарай ағып жатыр. Суы тұщы, немесе аздап тұздалған. Осы жазықта Қалдықкөл, Сынақкөл, Иіркөл, Шошқакөл, Қалғанкөл, Шұңғыт, Соркөл сияқты ұсақ көлдер орналасқан. Аудан жерінің құрамы сұртопырақтан, сұр – қоңыр, кей жерлерде кебірлі, тау жынысты қоңыр топырақ пен тақырдан тұрады. Өсімдіктерден жусанды – дәнді, терең тамырлы түрлер басым. Құмда – жыңғыл мен сексеуіл, Сыр бойында – тораңғы, тобылғы, тал, жиде, шеңгел, жыңғыл, тау бөктерінде – арша, жабайы алма мен алмұрт, өрік, алша көп өседі. Сыр бойы қалың тоғаймен көмкерілген, олардың арасынан күн түспейтін жерлерін де кездестіреміз. Тоғайды қабан, түлкі, қоян, қамыс мысығы – мәлін, қырғауыл, қаз, үйрек т.б. аң – құс мекен етеді.

ТҮРКІСТАН ШҰРАТЫ МЕН КІШІ ШҰРАТТАРЫ

(микроозистері)

«Түркістан» деген атауға бағзы замандарда аса үлкен аймақтар мен елдер енгені белгілі, алайда, біз ауданымыздағы өзен-суларды ғана әңгіме етпекпіз.

Қазіргі Түркістан ауданы территориясы археология, тарих ғылымдарында Түркістан жазирасы (шұраты) деп айтылатыны белгілі. Бұлай деп айтылуына мұнда шоғырланған отырықшылық (егіншілік) мәдениеті ескерткіштерінің аса тығыз орналасуы мен басқа жазиралармен салыстырғандағы ерекшеліктері себеп болған. Ықылым замандардан мұнда өмір сүрген адамдардың тұрақтарының тау өзендері бойына тізіле орналасуы оның басты ерекшелігі болып табылады. Шын мәнінде, тарихи, археологиялық карталарға қарасаңыз өзендердің тау ішіндегі бастауларынан етегіне дейін адамдардың тұрақтары, қоныстары, қалалары, егіншілік алқаптары, арықтары, кәріздері екі жағалауға тізіле орналасқандығын байқар едіңіз.

І. Түркістан жазирасымен, Сырдария өзенінен басқа, таудан бастау алатын 13 өзен мен жылға ағып өткен, оның біреуі көрші Жаңақорған ауданында. Қазіргі күні ірі-ірі тау өзендері бөгеліп, су қоймалары құрылып, су реттегіш жүйелер жасалынған. Біз әрбір ірі-ірі су жүйелері суландырған аймақты сонда орналасқан егіншілік жүйесі мен аса ірі де қөне қалалардың атымен атап 8 кішігірім жазираға бөлгенбіз. Олардың алғашқысы Жаңақорған мен Түркістан аудандарының шекарасына орналасқан Сауран кіші жазирасы, оның жерімен Бесарық, Тастақсай, Үшөзен, Майдантал, Ашылған және Шығыр өзеншелері ағып өтеді. Сонымен бірге, бұл жазирада 220-дан аса кәріз жүйесі орналасқан, олардың жалпы ұзындығы 110 км-ге жуық. «Кәріз» дегеніміз жер асты суын тау етегінен төмен қарай тізіле қазылған құдықтарды туннель арқылы бір-бірімен жалғап жер бетіне шығару жүйесі. Кәріздердің ұзындығы бірнеше жүз метрден бірнеше шақырымға дейін созылады да ең соңғы құдықтың диаметрі аса үлкен етіліп қазылып су жер бетіне барынша жақын тұрады және оны жанындағы арықтарға шығырдың көмегімен көтеріп шығарады.

Өкінішке орай, бұл күндері жоғарыда аталған өзен, жылғалардың көбі құрғап қалған, кәріздер тартылып кеткен, тек іздері ғана сақталған. Олардың жағалары мен сағасына Ақтөбе І, Ақтөбе ІІ, Шаш ана, Қаратөбе-Сауран, Төрткүл-Қаражон, Шығырлы І, Шығырлы ІІ, Сауран, Міртөбе, Жалғызтам және Жаңа Сауран сияқты қоныстар мен қалалар орналасқан.

Өзендерге келсек – ең ірісі Бесарық, ол Жиделіайрық, Әбзелтастақсай, Көкбұлақ, Тамғалытас, Қарынжарық, Жалдыбозсай, Айыржалбұлақ, Жаманбұлақ, Талдысу, Мүсіркепағашбұлақ, Қарабұлақсай, Тұрлығұлбұлақ, Ұзынбұлақ сияқты жылғалар мен көздердің суынан құралады. Бір кездері таудан аққан сулар осы маңдағы Сарыбұлақсай, Жалғызағашсай, Арнаарық, Бесарық, Шығыр деген бес арнаны суға толтырған, қазір алғашқы үшеуі Қөлтоған су қоймасына біріктірілген. Бесарық өзі аттас су қоймасына құйылып одан ағып шыққан Бесарық пен Шығыр арықтары Тастақсайға құяды. Бұл құрғақ арық бір кездері Сырдың жағасындағы Көкшенге жетіп жығылған. Бесарық су жүйесінің жалпы ұзындығы 70 шақырымнан асады.

Сауран жазирасындағы екінші ірі су жүйесі – Майдантал өзені. Терең тау қойнауындағы Бақты, Жамантас, Сарымсақсай бұлақ – жылғалары бірігіп Үшөзенге айналады да тау етегіне шыққан соң, бір замандарда, Майдантал арнасына құйылған, ал, қазіргі күні Үшөзен суының бір бөлігі тас арық арқылы су қоймасына, екінші бөлігі егістікке кетеді. Майдантал өзенінің құрғақ арнасы №30 разьезге жақындағанда «Ашылған» деп аталып Сырға дейін жеткен. Осы үш бөліктен тұратын судың жалпы ұзындығы 67 шақырымға жуық.

ІІ. Сауран жазирасының оңтүстігінде Сидақ ата кіші жазирасы орналасқан. Бұл жазирамен Көксарай, Жаңақорғанөзен, Тастақсай, Аша, Бозбұтақ, Жылаған ата, Ақтөбе, Табақбұлақ және Игілікөзен жылғалары ағып өтеді. Сонымен бірге, қолдан қазылған Бұлдырықарық, Сунақарық, Шорнақарық, Батырбас, Жаңғызжиде, Сасықбұлақ арықтары егістікке пайдаланылған. Осы өзен, жылғалардың бойында Көксарай І, Шорнақтөбе, Мазартөбе, Сидақ ата, Сасықбұлақ, Ақтөбе, Айнакөл-Бабай, Бұзауқорған, Саухым ата, Көксарай ІІ, Төрткүл-Бабайқорған және басқа да қалалар мен қоныстар орналасқан. Суларына келсек, Игілік ауылының жоғарғы жағындағы Табақбұлақтан бастау алған жылға ауылдан өткен соң Игілік өзені деп аталған, қазіргі күн бұлақ бастаудан 11 шақырымнан соң тарап кетеді. Игілік өзенінің ұзындығы 23 км, ол Сауран стансасына барып бітеді. Қазіргі сақталған құрғақ арнаға Бұлдырық бұлағы құяды.

Тау қойнауындағы Жылаған ата, Бозбұтақ, Қоғашық бұлақ, жылғалары бірігіп Ақтөбе өзеніне айналады да Ақтөбе ауылының тұсында ұсақ арналарға бөлініп кетеді. Тек Ақсерке деген арнасы Бабайқорғанның солтүстік бетіндегі Тастақсай деген арнаға келіп құяды. Бір кездері бұл арнаның Бабайқорғанның ішімен өтетін Жаңақорған өзеніне келіп қосылған ізі әлі күнге сақталған. Ақтөбе өзенінің жалпы ұзындығы 30 шақырымға жуық.

Тағы бір ірі су Теміртау, Жаңақорған т.б. бұлақтардың бірігуінен Көксарай деген өзенге айналып ескі Абай (Көксарай) ауылының тұсына жеткенде бірнеше жылғаларға бөлініп кетеді. Негізгісі Жаңақорғанөзен деп аталып Бабайқорғанның ішімен өткен соң Тастақсай, Наманарық деген құрғақ арналарға жетіп жоғалады. Бұл арналар Шорнаққа жете бере Наманарық Қызыл әскерге (Сунақ елдімекені) қарай бұрылып барып бітеді, ал Тастақсай Шорнақтан өткен соң Ашасай деп аталады. Ол Сидақ ата қаласының солтүстік-батысынан 600 м жерден өтіп Жайылма деген жерде бітеді. Бұл су көзінің жалпы ұзындығы 53 шақырым.

Басын Бабайқорғанның батыс жағындағы бұлақтардан алатын Батырбас арығы 6 шақырымнан соң екіге бөлініп тас жолдың батыс бетіндегі саласы Шорнақарық деп аталады да Шорнақтан өтіп барып жоғалады. Ал, басын Жаңақорған өзенінен алатын Сунақарық Қызыл әскерге (Сунақ елдімекені) қарай ағып Арыс-Түркістан каналына жетіп тоқтайды. Бұл арықтар мен Игіліктегі Мес бұлағы, Ақтөбе, Үржар және алда әңгіме болатын Шаға, Ташанақ, Қосқорған арықтары жайлы XIVғ. соңында Әмір Темір Әзірет Сұлтан кесенесіне берген «Вакфнаме» құжатында да айтылған.

Жаңақорған өзенінің тағы бір саласы мен Сасықбұлақ жылғасы Үлгілі ауылының солтүстігіндегі Сасықбұлақ тоғанын толтырады. Тоғаннан Сасықбұлақ каналы ағып шығып Сунақ арығына қосылады да біршамадан соң одан Жалғызжиде арығы бөлініп шығады.

ІІІ. Сидақ ата жазирасының оңтүстік – шығысында Қарнақ кіші жазирасы орналасқан, ол Иреката, Бестоған, Ермексу, Ермекөзен, Қарсақты өзеншелері мен Тазадарарық арығы, Шекербұлақ, Тасбұлақ, Жамбұлақ, Ащыбұлақ, Ақын тұма, Ясар бұлақ су көздерімен суландырылған. Сонымен бірге, мұнда көне заманғы Шаштөбе, Оқжетпес, Үштөбе І, ІІ, ІІІ, Ақын тұма, Жүйнек, Ғартөбе, Оғызтау ІІ, Қарнақ-Ішкент, Оғызтау І қалалары мен қоныстары орналасқан.

Тау ішіндегі Қасқаша, Қарасай бұлақтары қосылып Бестоған жылғасына айналады, оған жолда Иреката бұлағы қосылып Шерт (Құмайлықас) ауылынан өткен соң Ақсары су қоймасына құяды. Ақсарыдан шыққан бірнеше арық егіс даласына жетіп жоғалады. Жалпы ұзындығы 30 шақырымнан асады.

Өрмек, Жүзімдік, Алтындық бұлақтары Ермексу жылғасына қосылып Шаштөбе ауылына жеткен соң Ермекөзен деп аталады, мұнда одан Тазадарарық (Таздар арығы) бөлініп шығады. Негізгі су Шаштөбедегі Ермекөзен су қоймасына құйылады. Тазадарарық Жарқора деген қырға дейін ағып барады, оның жалпы ұзындығы 23 шақырым.

Ермекөзеннен бөлінген Қызылсу деген арық ортағасырлық Қарнақ-Ішкент қаласын қоршаған орды суға толтырған, одан Қарасу арығы бастау алып қаланың ішімен цитаделін қоршай өтіп Нышан қақпасынан сыртқа шығады. Бұл арық бойына және одан бөлінетін Арғынарық бойына жалпы саны 13 су диірмені орнатылған. Арғынарық Коммуна (Жүйнек) елді мекеніне жетіп жығылады.

Ермекөзен Атабайдың (Қазіргі Қарнақ) ішімен өтіп, Шекербұлақты қосып Қарсақты сайына құяды да Нұртас ауылына жақындап барып жоғалады, жалпы ұзындығы 68 шақырымға жақын.

Жоғарыдағы Бестоған – Шерт суы деген атпен, Қарасу – Мір Қарасу деген атпен Әмір Темірдің вакфнамасында және Қожа Ахмет Ясауи ата-бабаларының шежіресі «Насабнамада» кездеседі.

IV. Қарнақ жазирасының оңтүстік-шығысын ең суы мол Қарашық кіші жазирасы алып жатыр. Суы мол Байылдыр, Бозбұтақ, Балаөзен, Балтабай жылғалары қосылып Байылдыр өзеніне айналады, ол жол бойы өзіне Жарбасқан бұлағын да қосып алып Оранғай ауылына дейін 49 шақырымды жүріп өтеді.

Алмалы, Жыңғылшек бұлақтары Біресек өзеніне құяды, ал, Талдыбұлақ пен Қантағы бірігіп Кентау қаласының шығысында Біресекке қосылып әрі қарай «Қантағы» деген атпен ағады да Құшата, Оранғайдан өтіп барып, Байылдырға қосылып Қарашық өзенін құрайды. Қысы-жазы тартылмайтын бұл өзен Теке ауылынан өткен соң саз-батпаққа айналады. Қарашықтың бастауларын қосқандағы жалпы ұзындығы 95 шақырымға жуық.

Жазираның ірі өзендері – Қызылата, Байылдыр, Біресек, Қантағы және Қарашық. Бұл сулардың бойында Қазтөбе, Қарашық І,ІІ,ІІІ, Мейрамтөбе, Қантағ, Хантағы І,ІІ, Оренг, Төрткүл І – Қарашық, Төрткүл-Құшата, Балақорған, Қызқорған, Кент, Төрткүл ІІ – Қарашық, Күлтөбе-Оранғай, Жылан-Қарауыл бекіністері, қалалар мен қоныстары орналасқан.

V. Қарашықтан соң Шаға кіші жазирасы орналасқан, бүгіндері ол суландырылуы жағынан ең төмен жазиралардың бірі. ХХғ. басындағы жазба деректерде Шаға ауылының маңында 20-дан аса бұлақтың болғандығы, Жоғарғы Ташанақ ауылының солтүстігі де бұлаққа мол, қалың ағаш басқан жер екендігі, ауылда бірнеше су диірмені жұмыс істейтіндігі әңгіме болады. Жазираның алғашқы су көзі Қотырбұлақ Құшата ауылына шығыстан ағып кіріп, Қантағымен қатар ағып барып оңтүстікке бұрылады. Бас жағында Қотырбұлақтан бөлініп шыққан Арнасай Қосқорған жаққа қарай ағады да Найсабарық деген атпен қазіргі «Ынтымақ» ауылына бағыт алып Арыс-Түркістан каналына жетпей бітеді.

Екінші су көзі Шоқытастың маңындағы көптеген бұлақтардан құралып Қараөзен деген жылғаға айналады да басын Шаға шатқалындағы Қайнарбұлақтан алатын жылғамен қосылып Шаға өзеніне айналады. Ол Шаға елдімекенінен өтіп Жоғарғы Ташанаққа жетіп жоғалады, жалпы ұзындығы 21 км.

Тағы бір су бастауын биіктігі 1475 метрлік Аққұз шыңы айналасындағы бұлақтардан алатын Құрысай өзені бір кездері Шағаға дейін жеткен, әлі күнге ізі де сақталған. Бұл өзен қазіргі күні Кентау – Ащысай жолынан өткен соң жоғалады, жалпы ұзындығы 35 шақырым шамасында. Кезінде бұл жазираның елді мекендері, негізінен, бұлақ бастауларында қалыптасқандығына Бершінтөбедегі осы аттас бұлақ, қасындағы Қаратөбе түбіндегі Табақбұлақ, Шаға ІІ қонысындағы Жиделібұлақ, одан жоғары Құмбұлақ, Қозыбайбұлақтар дәлел болады, бұл елдімекендер бұдан екі мың жыл бұрын қалыптасқан отырықшылық ескерткіштері.

Шаға жазирасын Шағаөзен, Қараөзен, Құрысай өзеншелері, Қотырбұлақ, Қарабұлақ, Қайнарбұлақ, Қалдарбұлақ, Тасбұлақ, Табақбұлақ, Метбұлақ, Мүсәлібұлақ, Ақбұлақ, Сасықбұлақ су көздері мен Найсаб, Арнасай, Қайнар, Ташанақ, Шұқырұзын арықтары суландырған. Бұлардың ішінен «Ташанақ, Қошкурган, Чага, Суки Таш (Шоқтас), Карабулак» сияқты арықтар Ахмет Ясауи әулетіне қатысты «Насабнама» – шежіресі түрлерінде кездеседі. Аталған су көздерінің бойында Бершінтөбе, Шаға ІІ, Шаға ІІІ, Қотырбұлақ, Шаға І, Тағайыната, Қосқорған, Әбд әл-Мәлік-Ташанақ, Жоғарғы Ташанақ сияқты қалалар мен қоныстар орналасқан.

VІ. Иқан кіші жазирасы Түркістан ауданының оңтүстік-шығыс шекарасына орналасқан. Алғашқы ірі су көзін Сырнай бұлағы мен Иқансу жылғасы құрайды, оларға Талдысай және Талдыбұлақтанбіріккен жылға қосылып Иқансу өзеніне айналады да Ибата (Ибадулла ата) елді мекенінен өтіп Ақтөбе ауылы тұсына жетеді. Мұнда ол «Атқы» деген атпен де белгілі, сірә, егіс суаратын атпа құралы-на байланысты болса керек. Әрі қарай Иқаннан өткен соң ерте ортағасырлық Майбалық қалашығы маңындағы егістікке тарап кетеді.

Жазирадағы ең үлкен су көзі Көкқиясай. Тау ішінде Терісаққан, Тұрлан, Рабатбұлақ қосылып Тұрлан жылғасын құрайды да Ащысайда оған Төртқара, Ақжарсай бұлақтары қосылып Көкқиясай өзеніне айналады. Иқансумен қатар аққан ол Ибатаға, одан әрі Ақтөбе ауылына дейін келеді де оңтүстікке бұрылып Арыс-Түркістан каналына жеткен соң Иқансудың ескі құрғақ арнасына түседі, одан әрі Түркістан-Шымкент жолынан өтіп дренаж ретінде қазылған арнамен Синақкөлге құяды. Бұл Қарашықпен бірге қысы-жазы ағатын аудандағы екінші өзен, оның жалпы ұзындығы 73 шақырымды құрайды.

Жазираның үшінші ірі су көзі Шылбыр және Раңдысай, бұлақтарынан құралады. «Шылбырөзен» деген атпен белгілі бұл су көзі Қарақұдық қыстауынан 10 км өтіп барып егістікке тарап кетеді, жалпы ұзындығы 42 км.

Шекарадағы бұл жазираны Иқансу, Көкқиясай, Шылбыр өзендері мен Сасықбұлақ, Орманбұлақ, Көкбұлақ, Кішкенебұлақ және Бозтан, Иқансу, Шылбыр арықтары суландырады. Су көздерін бойлап Ақтөбе, Майбалық, Дәуленбайтөбе, Жаңа Асар, Ибата, Жүсіпата, Иқан қалалары мен қоныстары орналасқан.

VІІ. Қарашық, Шаға, Тамдыөзек кіші жазираларының ортасына осы аумақтағы ең кіші Шауғар жазирасы орналасқан. Оның жерін Жіңішке, Баулық, Сүйірарық, Ортақ, Дарбаза, Базарарық, Қазына, Беглік арықтары мен Жұқа кәріз, Бірлік кәріздері, Құмшық ата кәрізі, Кәрізарық сияқты су көздері суландырған. Арықтардың ең ірісі Жіңішке, ол басын Оранғайдағы Қожа тұмасынан алып, Түркістанға солтүстігінен ағып кіріп Ортақ егіс алқабын (Орталық базар, ЖБИ, Түрме орналасқан жерлер) суғаруға пайдаланылған. Кешеге дейін ағып жатқан бұл судың жалпы ұзындығы 20 шақырымға жуық болатын, одан бөлініп шыққан Дарбаза арығы «Ясы» қонақ үйінің түбінен Түркістан қаласының сыртын қоршаған орды суға толтыратын. Бұл орға Тастақ жылғасы мен Баулық арықтары да өз суын құйып, артық су Еврей мазараты алдымен ағып шығып темір жолға қарай бұрылып кететін. Аталған су көздері жазирадағы Шауғар-Шойтөбе, Ясы-Күлтөбе, Төрткүл-Сури, Шойтөбе І, ІІ, Ескі Түркістан қалалары мен қоныстарын, оларды қоршаған егіс алқабы мен бау-бақшаларды суландырған. ХІХғ. орыс жазба деректерінде Түркістан қаласын қоршап 70-тен аса бақтың орналасқандығы жайлы жазылған.

VІІІ. Ауданымыздың оңтүстік-шығысында Бөген, Көкқиясай, Иқансу өзендері мен жер асты суларынан нәр алатын Шошқакөл, Синақкөл, Қалғанкөл және Қалдықкөлдерден құралған үлкен су қоры орналасқан, олардың жалпы ұзындығы 25, ені – 6 шақырымды құрайды. Көлдер тұзды, саяз, жазға қарай тартылып кетеді, дегенмен, түрлі балықтар, құстар мекені болып табылады. Осы көлдердің ең батысындағы Қалдықкөлден Тамдыөзек арнасы ағып шығып оңтүстік-батысқа қарай 35 шақырымдай жерден өтетін Сырдарияға құяды. Ол дариямен Қамыстықақ өзегі арқылы жалғасады. Ежелгі дәуірде Тамдыөзектің жағасы мен Қалғанкөл, Шошқакөлдердің жағаларында елді мекендер өмір сүрген. Олар Қостөбе, Күншағыр, Құлантөбе, Қошқарбайтөбе деген атаулармен белгілі. Тамдыөзектің бойында Ақтөбе, Қорыстөбе қалашықтары, Сырға жақын тұсында Төрткүл-Қаратөбе қаласы орналасқан. Тамдыөзек кіші жазирасы деп аталатын бұл өлкенің жері егіске қолайсыз сор болып келетіндіктен негізінен мал шаруашылығы дамыған деп есептейміз, сонымен бірге, Иіркөл, Шаршынкөл, Соркөлдер мен Сырдарияда балық аулау ісі де жолға қойылған деп жобалаймыз.

Түркістан жазирасы тұрғындары негізінен түсті және қара металл қорыту мен өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы, балықшылық, аңшылық, қол өнері мен сауда-саттық кәсіпшіліктерімен айналысқан.

ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ ТАРИХЫНА ШОЛУ

Біз осы территорияны мекен еткен тайпалар мен халықтардың саяси тарихи өмірінің негізгі кезеңдеріне ғана тоқталмақпыз.

Бұл жерде өмір сүрген адамдар өмірінің ізі ерте палеолит дәуірінен бастап кездеседі. Қосқорған, Шоқтас елді мекендерінен алғашқы адамдардың аңшылық құрған, аулаған аңдарын іреп, терісін сылған қысқа мерзімдік тұрақтары табылды. Олардың зерттелгені әзірге жетеу – Қосқорған 1,2; Шоқтас 1,2,3,4,5. Бұлардан табылған жабайы аң сүйектерінің жасы б.з.д. 522-501 мың жылдар мен 448-427 мың жылдар аралығын құрайды, яғни, бұл аңдар бұдан жарты миллион жыл бұрын өмір сүрген. Сүйектермен қоса табылған тас құралдардың түрлері де мерзімделуі жағынан сол заманға – ерте (төменгі) палеолит дәуіріне сай келеді. Адамдар атқылап жатқан қайнар бұлақтарға су ішуге келген жабайы аңдарды аулап етін қорек етіп, терісін киім, төсеніш еткен. Тас құралдарды да осы маңдағы тау жыныстарынан дайындап отырған. Ерте палеолит б.з.д. 2 миллион жылдан 140 мың жылға дейінгі аралықты қамтиды. Ерте (төменгі) палеолиттен соң жоғарғы палеолит кезеңі (б.з.д. 140 мыңнан 12 мың жылға дейінгі аралықты) келеді, онан соң Мезолит (б.з.д. 12 мыңнан 7 мыңға дейін) дәуірі, одан кейін келетін Неолит кезеңі б.з.д. 7 мың жылдан 4 мыңыншы жылдар аралығын қамтиды. Бұлардың барлығын адамзат тарихындағы «тас ғасыры» деп атайды. Бұл кезде адамдар от жағуды, садақ, найза, пышақ жасауды, егіншіліктің ең алғашқы түрлерін игеріп жабайы аңдарды қолға үйрете бастады және жер шарының түкпір – түкпіріне түгел қоныстанды.Осы кезде кен қорытуды игере бастады да оның ең алғашқысы мыс, қорғасын болды. Бұл кезеңді – Энеолит – мыс заманы дейді, ол б.з.д. 3 мыңыншы жылдардан 2 мыңыншы жылдардың басына дейін созылды. Сонан соң адамдар мыс пен қорғасынды, мыс пен қалайыны, мыс пен мырышты қосып қорыту арқылы қола жасауды үйренді, бұл мысқа қарағанда анағұрлым қатты және төзімді металл болатын, солайша адамдар құрал – сайман, қару – жарақ, ыдыс – аяқ барлығын қоладан жасай бастады. Қола дәуірі б.з.д 2000 жылдан VІІІ ғасырға дейін созылды.Тас ғасырынан Түркістан ауданында тек палеолит кезеңі ғана зерттелген, олар жоғарыдағы Шоқтас, Қосқорған тұрақтары. Ал, мезолит, неолит кезеңдеріне жататын құрал – саймандар, ыдыстар Қаратаудың солтүстік беткейінен ғана табылған.

Б.з.д. VІІІ-ІV ғғ. аралығы сақ (скиф) кезеңі деп аталады. Бұл заманға қатысты сақ қорғандары Қаратаудың ішкі қойнауларында, Сырдарияның жағасында кездеседі. Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 6 км жерде Шербай қорымы орналасқан, бұл қорым Қола дәуірінде (б.з.д. ХVІ-ІХ ғғ.) қалыптасып, кейінен сақ дәуірінде де (б.з.д. VІІІ – ІVғғ.), тіпті, түркі кезеңінде де VІ-VІІІ ғғ. пайдаланылған.

Мұндай қорымның тағы бірі қазіргі Жүйнек (бұрынғы Коммуна) елді мекенінің оңтүстік – шығысында 2 км жерде орналасқан. Одан да қола дәуірі мен Сақ – үйсін кезеңіне (б.з.д. ІІІ – б.з. ІІІ ғғ.) және Түркі дәуіріне (VІ –VІІғғ.) жататын мазарлар табылды. Тарихқа Шыпан қорымы деген атпен енген бұл ескерткіш әлі де зерттеуін күтіп жатыр.

Бұл өлкеде Қола дәуірінде өмір сүрген адамдар Андронов мәдениетін жасаушылар деп есептеледі, бүкіл Оңтүстік Орал, Батыс Сібір, Қазақстан территорияларында осы мәдениет тарағаны белгілі. Жоғарыда сақ дәуірінде бұл өлкеде өмір сүрген тайпалар жайлы әңгіме еткенбіз.

Б.з.д. ІV ғ. Александр Македонскийдің (Ескендр Зұлқарнайын) жорығы кезінде Яксарттың (Сырдың) арғы бетіндегі (Сырдың оң жағалауындағы, яғни, Ташкент, Шымкент, Қызылорда облыстары) сақтардың басқыншыларға қарсы тұрғаны және Александрдың басып алған жерлеріне бірнеше қала мен бекіністерді салуға мәжбүр болғаны, сонымен бірге, Сырдың оң жағалауына жорық жасағаны жайлы деректер бар. Бұл қалалар мен бекіністердің қайда салынғаны жайлы ғылымда әлі талас пікірлер баршылық.

Ежелгі заман тарихшылары Александр әскерінің Сырдариядан сусыз шөл даланың тұсында өткенін жазады, яғни, бұл Сырдың орта ағысына – Қызылқұмға тура келеді. Сонымен бірге, тарихшылар мұнда тұрған халықты отырықшы және көшпенді деп ерекше бөліп қарастырмайды, керісінше бір тайпалық одақ-тың ішінде отырықшылары да, көшпенділері де бар екендігін жазады. Диодор сақтардың ішінде отырықшылары бар екенін атап өтіп, сақ патшасы Заринаның қалалар салдырғанын хабарлайды. Страбон болса, сақтардың негізгі басым бөлігі көшпенділер екендігін айтады.

Ал, Арриан болса Александрдың Сырдың сол жағалауындағы қалаларда тұратын сақтардың көтерілісін басқандығын жазады. Бұл өлкені сақтармен қатар сарматтардың да мекендегенін соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулер көрсетіп отыр.

Leave a reply