Туризм саласында тартымды жобалар көп

0
43
«Инвестициялық жобалардың презентациясы» питч-сессиясына Түркістан қаласына жақын жердегі 7 «өсу нүктесі» шығарылды. Инвестициялар көлемі бойынша жобалар шағын және орта бизнес аудиториясына бағытталған. Яғни бір учаскені дамытуға бірнеше инвестор қатысады.
Іс-шара өңірдегі кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында өткізілді. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өз сөзінде «туризм – өңір үшін басым бағыттардың бірі. Мемлекет инфрақұрылымды дамыту, несие ұсыну құралдары көмегімен, сондай-ақ өңірді ішкі және сыртқы нарықтарда ілгерілету арқылы салаға қолдау көрсетеді» деп атап өтті.
«Open Turkistan» ТАО» ЖШС бас директоры Әсем Әбдірімова Түркістан қаласының маңындағы туристік бағыттарды дамыту тұжырымдамасын ұсынды. Шараға дайындық кезінде Түркістан қаласына жақын әрі көлік инфрақұрылымының болуы, елді мекенге жақын аумақтарда жер учаскелерінің болуы секілді параметрлерге сәйкес келетін бірнеше перспективалық өсу нүктесі анықталды.
Консалтинг және учаскелердің келешегін сараптамалық бағалау мақсатында ұйымдастырушылар Аюсай және Түргенсай визит-орталықтары, Тау-Тас глэмпингі, «Қыран», «Ғұндар», «Zolo Group» этноауылдарының өкілдерін тартты.
«Қыран» қыран құстар мен аңшылық федерациясының атқарушы директоры Бағдад Муптекқызы этноауыл тұжырымдамасында белсенділікті арттырып, соның ішінде қыран құстармен аң аулауды көбейте түсу қажеттігін айтты.
«Өкінішке қарай, өскелең ұрпақты құс ұстауға үйрете алатын ақсақалдар өте аз. Түркістанда қажылық туризм дамыған. Енді туризмнің басқа түрлерін де дамытатын кез келді. Құс ұстау мен құс салуды әлемдік деңгейде насихаттау қажет» дейді ол.
Аумақтар маркетингі бойынша жетекші ресейлік сарапшы, аумақтық маркетинг орталығының басшысы Константин Гаранин аумақтың тартымдылығын арттыру құралдары туралы өз ойымен бөлісті.
Ол Түркістанда агломерациялық тәсілді қолдану маңызды екенін атап өтті, өйткені, жақын жерде 4 миллионнан астам тұрғын тұратын 2 агломерация бар, бұл кез келген бизнесті дамытуға жеткілікті фактор.
Түркістанда питч-сессиядан басқа франшизалар көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, iKapitalist инвестициялау платформасының негізін қалаушы Нұрбек Раев ШОБ-қа инвестициялар тарту бойынша шеберлік сабағын өткізді.

Leave a reply