ТҮЛКІБАСТА 37 КӨШЕ ЖӨНДЕЛЕДІ
Түлкібас ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылішілік жолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Одан бөлек аудандық бюджет есебінен де көшелерге асфальт төселуде. Мүлдем жөндеу көрмеген жолдар тақтайдай тегістеліп, ауыл тұрғындарының қуанышын еселеуде. Биыл Балықшы ауылылнда 13 көшеге асфальт төселеді.
«Бұл көшелер соңғы рет… Мына 13 көшеге мүлдем асфальт төселмеген еді. Ал мына орталық көше осыдан 5-6 жыл бұрын жөнделген. Бірақ тозып кеткен еді. Соның орнына қайтадан жаңадан асфальт төселді»,-дейді ауыл тұрғыны Мықтыбек Айтубаев.
Бүгінге дейін ауылдағы 6 көшеге асфальт жабындысы төселген. Қалған көшелер 1 айдың ішінде толық асфальтталады. Оған «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 260 млн теңге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, мамандар биыл аудан бойынша ұзындығы 42 шақым болатын 37 көше жөнделетінін айтады. Оның 23 көшесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асса, қалған 13-і аудандық бюджет есебінен жөнделеді. Оған барлығы 620 млн теңге қаржы бөлінген.
«Жалпы Түлкібас ауданында былтырғымен салыстыратын болсақ, асфальттанған көше 77,8 пайыз болтын. Биылғы осы көшелер жөнделгенде 88 пайызға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз»,- дейді аудандық автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Әлімжан Мүсірәлиев.
Келесі жылы да «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында Майтөбе мен Машат елді мекендерінің жолын жөндеуге ұсыныс берілген. Ол кезде аудандағы қанағаттанарлық жолды 94 пайызға жеткізу көзделіп отыр.