ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 4200 ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

0
48

Түлкібас ауданының ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі өсім деңгейін білу мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Керімқұловқа бірнеше сауал жолдадық. Кезекті сұрақтар аудан тұрғындары тарапынан редакциямызға келіп түскен болатын. Бөлім басшысы тұрғындар тарапынан берілген сұрақтарға мардымды жауап беріп, мәселелердің мән-жайын ашып айтты.

-Түлкібас ауданы ауылшаруашылығы саласы бойынша толық мәлімет бере кетсеңіз?

-Түлкібас ауданы көлемінде 113,0 мыңнан астам халық тұрады. Осы азаматтардың көпшілігі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Қазіргі мерзімге 4200 шаруа қожалығы, 70-жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен өндірістік кооператив жұмыс атқарады.

Түлкібас ауданына 2022 жылдың жоспары бойынша жылдың соңына дейін жалпы өнімнің жоспары — 55 млрд 836 млн. теңге, НИК (нақты көлем индексі) жоспары — 104 %.

Ал, 6 айдың (маусым айы) қорытындысымен жалпы өнім көлемі 16 млрд 935,4 млн. теңгеге орындалды. Оның ішінде: егін шаруашылығы – 186,4 млн теңге, яғни 100 %) Мал шаруашылығы – 16 млрд. 542,1 млн теңге, яғни 101,5 %). Жалпы өнімнің көлемі — 101,6 %-ға орындалды.

— Аудан көлеміндегі 2022 жылы қандай дақылдар егілді?

— Аудан көлемінде негізгі бағыты ол егін және мал шаруашылығы болып табылады. Шаруалар өзіне тиесілі жерлеріне қолдағы малына қажетті жем-шөп қорын жинақтап алады.

Аудан көлеміндегі 64,5 мың га егістік жер көлемі толығымен игерілді.

  1. Күздік бидай 13,3 мың га, жаздық бидай 2,6 мың га, жаздық арпа 8,9 мың га, мақсары 10,5 мың га, картоп 1,2 мың га, жоңышқа 26,5мың га, көкөніс 1,5 мың га.

Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар сәбіз, пияз, картоп дақылдары толығымен отырғызылды. «Бір жерден 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 2022 жылға 100 шаруашылық 104 га жерге бірінші өнімін отырғызды. Бүгінгі күнге масақты дәнді-дақылдардың 12,7 мың га орылып, 22,2 мың тонна астық бастырылды, орташа түсімділік 17,5 ц/га құрауда. Жалпы дәнді дақылдардың 51 пайызы орылды. Шаруаларды Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жұмыстарын атқаруға 2 оператор жұмыс істеуде: 1. «Sanali group» ЖШС, 2. ЖК «Узенбаев».

Көктемгі дала жұмыстарына 3010 тн жеңілдетілген жанар-жағар май бөлінді. Бекітілген баға 1 литрі- 194,0 тг. Бөлінгені ақпан айына-260,0 тоннаның 237,0 тоннасы, наурыз айына -1170 тоннаның 1058 тоннасы, сәуір айына -780 тоннаның 691 тоннасы, мамыр айына – 670 тоннаның 605 тоннасы, маусым айына бөлінген 130 тоннаның 31 тоннасы алынды. Бүгінгі күнге алынған жанар-жағар май көлемі – 2386 тонна, яғни 79 % құрап отыр

— Аудан көлемінде іске асып жатқан ірі инвестициялық жобалар туралы айтып өтсеңіз?

— 2022 жылы іске асатын үлкен жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 5 жоба жоспарланған. Қазіргі таңда 4 жоба өз жұмыстарына кірісті. Олар:

1) 200 бас сауынды сиырға арналған комплекс, құны 1,0 млрд. теңгені құрайтын «Баян Сұлу» CY (сауда үйі), құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 150 басқа арналған мал бордақылау алаңы мен 80 га жерге қарқынды бау отырғызу «Алмалы сай» ӨК, 6 мың дана «Форель» балығын өсіруге арналған, құны 100 млн теңге «Оңтүстік балық» ЖШС, құны 500 млн теңгені құрайтын 1000 бастық мал бордақылау алаңы «Қайнар» ШҚ.

Аталған жобалардың жұмыстары аяқталған соң аудандық статистика басқармасына есептері тапсырылып, инвестицияға енетін болады.

— Түлкібас ауданы десек көз алдымызға «Түлкібастың алмасы» деген түсінік қалыптасқан. Осы бағытта іске асып жатқан жұмыстар туралы айтып өтсеңіз?

— Қазіргі мерзімге аудан көлемінде қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі алма бау шаруашылығының көлемі 3500,0 га жетті. 2020 жылы 30300 тонна, 2021 жылы 25000 тонна өнім жиналды, ағымдағы 2022 жылы 30000 тоннадан астам өнім жинау жоспарлануда.

Алма өндірумен 2007 жылдан бері айналысып келе жатқан «Көктал» шаруа қожалығы (төрағасы Б.Төлешев) казіргі кезге алма бау көлемі 280 гектарға жетті. Шаруашылық жылына 5,0 мың тонна алма жинап, оны сақтап тұтынушыларға экологиялық тұрғыдан таза өнім ұсынуда.

Осы секілді «Кен-Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін атап өткім келеді (директоры Қ.Садыков). Шаруашылықтың 210 га алма бауы бар, оның 190,0 гектары қарқынды алма бауы. Серіктестік 2018 жылы сыйымдылығы 2300,0 тоннаны құрайтын соңғы үлгідегі заманауи алма сақтайтын тоңазтқышты іске қосты.

— Жоғарыда шаруалардың жем-шөп қоры туралы айтып өттіңіз. Осы тақырыпты кеңінен тарқатсаңыз.

— Аудан көлеміндегі 01.05.2022 жылғы мал басы туралы мәліметі

ІҚМ 62 300 бас, қой ешкі 110 600 бас, жылқы 35200 бас, шошқа 705 бас, құс 110 300 бас. Биылғы жылға көктем айларында жауын-шашынның мол болуына орай, аудан көлеміндегі 26,5 мың га жерлерге егілген жоңышқаның (мал азықтық дақылдар) осы мерзімге дейін 100 пайызы орылды. Сонымен қатар, шабындықтардағы табиғи шөп, жол жиегіндегі, егістік шетіндегі шөптерді орып алуға болады. Ерінбеген шаруаға шөп мол. Жоңышқаның сапасына, көлеміне қарай 1 түктің бағасы 500-700 тенгенің аралығында. Оның үстіне аудан әкімдігімен меморандумға тұрған «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің аумағынан шаруа өзінің көлігімен барып, шөп орып алу мүмкіндігі бар.

2022 жылға 151,2 мың тонна мал азығын жинау жоспарланған: 40,3 мың тонна табиғи шөп, 86,1 мың тонна жоңышқа, 5,0 мың тонна пішендеме,12,9 мың тонна сабан, 6,8 мың тонна сүрлем.

Бүгінгі күнге жоспарланған қажетті мал азығының 151,6 мың тоннасы 101 пайызы жинақталды. Оның ішінде табиғи шөп 41,0 мың тонна, жоңышқа 86,5 мың тонна, пішендеме (сенаж) 5,2 мың тонна, сабан 12,0 мың тонна дайындалды.

-Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Үкімет отырысында айтылған өзекті мәселелердің бірі жайылым жер болатын. Бұл тарапта қандай жұмыстар атқарылуда ?

— Түлкібас ауданы бойынша 2021 жылы ауданның арнайы жер қорына өткен және сотпен қайтарылғын жалпы көлемі 5612 га. жайылымдық жерлер ауылдық округтеріне елді-мекендердің жайылымдығы ретінде табысталды.

2022 жылы жалпы көлемі 2100 га. жайылымдық жер қайтарылды. Қазіргі таңда жерге орналастыру жобасы әзірленуде.

Ағымдағы жылы игерілмей және нысаналы мақсатына сай пайдаланбай жатқан көлемі 6,700 гектар жайылым жерді қайтарып алып, 2022 жылы 13 кент, ауылдық округтердің елді-мекендеріне табыстау жоспарлануда.

— Дегенмен қазіргі таңда мал басының ұлғаюына байланысты жайылым тапшылығынан шығудың қандай жолы бар?

— Түлкібас ауданы бойынша жайылым жер тапшылығынан шығу мақсатында елді-мекен тұрғындарының малын жаю үшін ортақ жайылымға қосымша меморандум арқылы жер пайдаланушылармен 2022 жылы жоспарланған жайылым жер көлемі 23000 га. Қазіргі таңда Түлкібас ауданы бойынша жалпы көлемі 23 722 га. жайылым жерге меморандум жасалынды.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған