«Түнгі қаладағы балалар» шарасы құқық бұзушылықтың алдын алады
Мемлекеттің байлығы азаматтар болса, болашағы – жас ұрпағы. Сондықтан да, Мемлекетіміз жас ұрпақ мәселесін үнемі назарда ұстап отырады. Жастардың теріс жолға түсіп, құқық бұзуының алдын алу мақсатында, қылмыскерлік жолға түсіп кетуінен қорғап, сақтандыру үшін Ішкі істер органдары тұрақты жұмыс жүргізеді.
Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері үстіміздегі жылдың 17-30 маусымы аралығында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық шарасын өткізуде. Іс-шараны өткізу барысында ювеналды полиция қызметкерлері көңіл көтеру-сауық құру нысандары мен жалпы жастар көп жиналатын орындарға рейд жасап, кәмелет жасына жетпеген жасөспірімдер арасында бір-біріне қарсы немесе ересектер тарапынан оларға қарсы құқық бұзушылықтар мен қылмыстар орын алуына жол бермеуге тырысады. Осы шараны өткізу барысындағы түнгі рейдтерде заңдылықты сақтамай, құқық бұзушылыққа жол берген азаматтар жауапкершілікке тартылды.
Мегаполистің Абай ауданының тәртіп сақшылары 61 азаматтың әкімшілік құқық бұзушылықтарын анықтады. Тәртіп бұзушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің №132 бабының 1 бөлігі, №445 баптың 1және 2-ші бөліктері бойынша жауапкершілікке тартылды. Ол баптарда кәмелетке толмағандардың ересек заңда өкілдерінсіз көңіл көтеру нысандарында түнгі мезгілде болуы, сол сияқты кәмелет жасына толмағандардың сондай орындарда заңды өкілдерінсіз түнгі сағат 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін болуы, сол сияқты кәмелетке толмағандардың үйінен тыс жерлерде түнгі 23.00-ден таңғы а-6-ға дейін ересек заңды өкілдерінсіз жүруі сияқты заңбұзушылықтар үшін жаза белгіленген. Әкімшілік жаза көрілгендердің 55-і түн ортасынан кейін көше кезіп, үйінен тыс жерлерде жүрген жасөспірімдер. Бұл ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына деген бақылаудың жеткіліксіздігін не мүлде жоқтығын көрсетеді.
Сондықтан да, құқық қорғаушылар осы арнайы іс-шара барысында түнгі көшелер мен жасөспірімдер көп жиналатын орындарды тексеріп, қадағалаумен қатар полиция органдарында есепте тұратын, бұзықтығымен көзге түскен кәмелет жасына толмағандардың үйлеріне барып, отбасыларында болып, ата-аналарымен, жасөспірімдермен жолығып, әңгіме өткізеді.
Осылай жан-жақты жүргізілетін іс-шаралар көше кезіп, басына бәле іздеген жасөспірімдер қатарын кемітіп, тәрбиелі жастарымыздың қатарын толықтыра түсері сөзсіз.