КҮБІ ЖАСАУДЫҢ ХАС ШЕБЕРІ

0
59

Түркістандық ағаш шебері Нұрмахан Елжановтың ұстанған бағыты көңіл сүйсінтеді. Ол бесаспап маман, қолынан келмейтіні жоқ деп айтсақ та болады. Нұрмаханның қолөнерге деген шеберлігі әкесі Нұржан Елжановтан дарыса керек. Әкесі он саусағынан өнер тамған ұста болыпты. Ағаш кесіп, тіліп, жонып, күйдіріп, үй жиһаздарын жасаған. Сондайда бала Нұрмахан әкесінің қасынан табылып, қолғабыс ете жүріп үйренген. «Әке көрген оқ жонар, Шеше көрген тон пішер» деген халық даналығы осындайда айтылса керек.

Нұрмахан Нұржанұлы Елжанов 1976 жылдың тумасы. Қазіргі таңда Түркістан көпсалалы индустриалды колледжде газ электр дәнекерлеу факультетінде өндіріс шебері болып еңбек етеді. Нұрмахан аузын ашса жүрегі көрінетін, ақжарқын, ақкөңілді нағыз ер азамат.

Ендеше, алтын қолды шебердің өзін тыңдасақ: – Әкем Нұржан Елжанов 22 жыл ағаш ұстасы болып еңбек еткен. Мен де әке жолымен келе жатқан ұстамын. Қазіргі таңда әкем 73 жаста, еңбек ардагері. Негізінде әкем жиһаз жасаумен айналысқан. Ағашты қашап, жонып, бір-біріне кілейлеп жасайтын жиһаздарды. Нағашы атам да ұста болған. Қамшы өрген, ер тоқым жасап, күбі жасап, есік-терезе жасаған.

Кезінде Түркістан қаласындағы 4 училищені (№29, №31, №14, №21) қосып, бір училище (№21) еткенде мұғалімдер, өндіріс шеберлер қысқартылып, жұмыстан шығып жатты. Сол кезде менің әкем де қысқартуға ұшырағандардың бірі болды. Сонда әкем үйде қарап отырмады. Қолөнерлік қасиетінің арқасында есік-терезе жасап отбасын асырады. Бұл 1986-1987 жылдар болатын. Мен ол кезде 4- сыныпты оқитынмын. Әкемнің жанында көмектесіп жүріп, мен де ұсталыққа ден қойдым. Бұл негізі отбасылық кәсібіміз болды. Сол кездері тек қана есік-терезе жасайтын едік.

Осылай 1992 жылы өз бетімше жасай алатын халге жетіп, ұста атандым. Күбі жасауды 1998 жылы бастадым. Алғашқы күбіні әкем екеуміз жасағанбыз. Сол жылдары елімізде қымыз өндіру ісі дамып, күбіге сұраныс көп болды. Әсіресе, Алматы қаласындағы «Нұр сыйла» ЖШС Қазақстан бойынша қымыз өңдейтін ірі кәсіпорын болатын. Бір алғанның өзінде 50 литрлік күбіден 35 күбі алатын. Жылына 50 литрлік 100 күбі жасаған кезім болды Негізінде 15, 20, 25, 30, 35, 40, 45 литрлік күбілер де жасадым,-деп күбіге сұраныс мол болған кезең жайлы шаттана жеткізді.

Осы орайда Нұрмаханнан күбінің жасалу жолын сұрадық.

– Мен күбіні қайың ағашынан жасаймын. Алдымен қайың ағашын бір қысқы шілде, 2 жазғы шілде кептіреміз. Әйтпесе бұралып-бұралып кетеді, жарамай қалады. Сонда жасалынатын күбінің ағашын 2 жыл бұрын алып қоямыз, кеуіп тұра береді. Күбіні жасап болғаннан кейін ысқылтым мал майымен сылап жіберу керек, болса жылқының майы жақсы. Майланған ағаш бойына сұйықтық сіңірмейді.

Қайың ағашын еліміздің Семей қаласынан және Ресейден алдыртамын. Кезінде Семейге де күбі жасап жіберген болатынмын. Сол кезде: «Сендерде қайың көп қой, неге күбі істемейді» деп сұрағанымда: «Бізде күбі жасайтын адам жоқ» деп айтты тапсырыс берушілер.

Тапсырыс берушілердің көңілі қалған кезі жоқ. Қашанда бар ықыласыммен, жақсылап жасап беруге тырысамын. Сондықтан да болар алғыс айтушылар көп. Көбіне тапсырыс мал төлдеген кез яғни, көктем, жаз айларында көптеу болды. Қыс айларына қарай толастайды. Жаз бойы күбі пісіп, май түсірген ағайын суық мезгілдерде күбіні қора жайларға тастай салады. Қатты суық ағаштың жидіп, қаңсуына соқтырады. Сондықтан да күбі алғандарға оны қалай сақтау қажеттігін қоса түсіндіремін. Көктемде күбіні пайдаланар алдында суға салып, әбден ісінтіп, бабына келтіріп алу керек.

Осындай қасиетті ыдыстан пісіп шыққан айранның денсаулыққа пайдалы екенін жастар біле бермейді. Себебі, оның орнын газды сусынмен алмастырған. Мәселен, айран – шөлімізді қандырады әрі тойымды тамақ, қазақтың ең танымал ұлттық тағамының бірі. Ата-бабамыз кешкі астан соң, міндетті түрде 1 кесе айранды тұтынған. Бұл асты қорытуға көмегін тигізеді екен.

Еліміздің барлық облыстары мен қалаларына атап айтсам, Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Өскемен, Семей, Павлодар, Жезқазған, Алматы, Астана, Қызылорда қалаларына күбі жасап жібергенмін. Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Семей қалаларына пойызға, ал, басқа қалаларға автобусқа салып жіберіп отырдым,-дейді хас шебер.

Шіркін-ай, күбіде пісілген қымыздың дәмі өзгеше болады емес пе? Оны дәмін татқандар біледі. Нұрмахан Нұржанұлының күбі жасауға кіріскен себебі де осыдан болса керек.

Нұрмахан тек күбі ғана жасап қоймай еден салып, есік-терезе де жасайды. Тұлпар тағалаған текті қазақтың бүгінгі жалғасы хас шебердің қолынан шыққан бұ дүниелер ғана емес. Ағаштан жасалатын барлық кәсіп қолынан келеді. Он саусағы фабрика десе де болғандай.

– Қазіргі таңда дәнекерлеумен айналысып жатырмын. Күбінің дөңгелек құрсауын қысу үшін дәнекерлеуді 2000 жылы үйренген болатынмын. Қазіргі таңда колледжде өндіріс шебері болып еңбек етсем де күбі жасауды ұмыт қалдырған емеспін. Тіптен, қандай жұмыспен айналыссам да күбі жасауды қолымнан тастамадым. Шынымды айтайын, күбі жасауды тоқтатсам ауырып қаламын. Сондықтан, қолым қалт етсе күбі жасауға отырамын. Бір тылсым күш мені күбі жасауға тартып, оның үстіне өзімнің де бар ынта-жігерім құмартып тұрады. Шәкірттерім Саян Қадырбай мен Бауыржан Сейдулла екеуі күбі жасауды біледі. Ағашты жонысатын көмекші керек болып, екеуіне үйреттім. Бірақ, бүгінде екеуі де дәнекерлеу жұмысына ден қоюда.

Бүгінгі таңда колледжде дәнекерлеу ісі бойынша сабақ беретін болғандықтан, студенттерге газбен дәнекерлеуді, доғалар дәнекерлеуді үйретудемін. Шәкірттерім темірден дарбаза, темір есіктер, пештер жасай алады. Олар облыс көлемінде өтіп жатқан колледжаралық байқауларға қатысып, түрлі номинация иегерлері атануда. Иә, шәкірттерім мықты, алдыңғы буыны бітірді. Қазіргі таңда біздің түлектеріміз Астана қаласында, Ресейде, Кореяда дәнекерлеуші мамандығында еңбек етіп жатыр. Жиі хабарласып тұрамыз. «Ағай бізге келсеңізші, мұнда айына 300 мың теңге, тіпті одан да көп қаржы табуға болады» деп айтып қояды. Ал, мен өз білгенімді колледждегі шәкірттеріме үйретіп отырғанды қалаймын. Талпынысы бар жастарды осы өнерге баулығым келеді.

Өз басым бұл кәсіппен тек сәндік үшін, не күнкөріс көзі ретінде емес, ұлттық өнерді дамыту мақсатында айналысамын. Үйдегі шеберханамда ағашты жонып, тілетін электрлі станок, дәнекерлейтін аппарат, темір кесетін дискілік станоктарым бар. Ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқ бұйымдарын (ет тағамын салатын астау, ожау, кесе, зерен) және кәдесыйлар жасау қолымнан келеді. Негізінде бұл жұмыстар қол уақытын көп алатындықтан, арнайы станок сатып алып, осы бағытта ісімді жүргізгім келеді,-деп алға қойған жоспары туралы да айтып өтті.

Қазір қолынан іс келетін адамға кәсіп көп. Тек ізденіп, ерінбей еңбек етсе болғаны. Ал осы ерінбеудің ең төресі – ұсталық па деймін?! Төзім мен шыдамды серік етіп, ағаштан түйін түюдің өзі нағыз шебердің ғана қолынан келмек. Ата-бабаның дәстүрлі мұрасын жалғаушы қолөнершіге деген сұраныс та күннен-күнге артып келеді. Өйткені, қазір сыйлы қонақ күткенде байырғы ағаш тостағанмен, астау сынды табақпен ас әкелу үрдіске айналды. Әрбір қазақтың төрінде ілініп тұрған домбыра мен қамшы да осы шебер қолды ұсталардың қолөнер туындысы.

Негізі жазу өнерінде «Жақсы жазатын адам жақсы жазбайды, жақсы ойлайтын адам жақсы жазады» деген қанатты сөз бар. Бұл тек қолына қалам ұстағандардың ғана емес, сондай-ақ кез-келген істің шебері боламын деушілерге де қатысты айтылған тұжырым болса керек. Біз сұхбаттасқан ағаш шебері ой-қиялы бар, ұлттық қол өнеріміздің мерейін көтеріп жүрген іскер қолөнерші. Ендеше, ата-бабадан келе жатқан қолөнерді дәріптеп жүрген Нұрмахан Елжановқа сәттілік тілейміз.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған