БЕЙНЕТ ТҮБІ БЕРЕКЕ

0
61

Қоғамда түрлі сала мамандарына деген қызығушылықтар өте көп. Дәрігер, экономист, заңгер, тарихшы сынды мамандықтар біздің ата-әжелеріміз бен ағаларымызға арман болған салалар. Алайда, жол-көлік тасымалдаушы бағытындағы мамандықтың да өзіне тән жауапкершілік жүгі бар. Осы ретте «Көлік қызметкерлері күні» қарсаңында өзінің жүрек қалауымен жолаушыларды тасымалдауға өмірін арнаған Әбдімағаз Пәттековпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Темір тұлпарды жарты ғасырға жуық тізгіндеген Әбдімағаз Төретайұлы бүгінде зейнеткер, данагөй қария.

– Әбдімағаз Төретайұлы, әңгімені бірден тіршіліктен бастасақ. «Тіршілік-ғұмыр белгісі – алыс-тартыс, арбау-әдіс» деп Алаш арысы Әлихан Бөкейханұлының айтқанындай, отбасын құрып, үй ішінен үй тіккен соң тіршіліктеріңіз қалай өрбіді?

Жас отбасы болған соң, отағасы ретінде жанұяны асырау менің мойнымда болды. Осы сәтте бала күнгі арман мен сол кездегі ұсыныс бір арнада тоғысқандай болды. Үйленгеніме дейін автопаркте бес жыл көлік айдағаным бар. Соны ескерген алдыңғы буын ағаларымыздан қалалық автопаркке ауысып, қоғамдық көлікті тізгіндеу туралы ұсыныс түсті. Қуана қабыл алдым. Сол 1975 жылдан 1985 жылға дейін қала ішінде нөмірі 1-інші және 2-інші бағыттағы «ЛАЗ» автобустарының жүргізушісі қызметін атқардым. Сол кезеңде Түркістан қаласында небәрі екі бағытта ғана автобустар қатынайтын. Бүгінгідей емес, түнгі сағат он екіге дейін жұмысымызды тоқтатпайтынбыз. Себебі, шаһарымызда киім тігу фабрикасы жұмыс жасады. Сол жердің қызметшілерін жұмыстан шыққанын күтіп, жеке-жеке үйлеріне жеткізу біздің міндетіміз болатын. Арасында қала шетіндегі ауылдарға да жолаушыларды жеткізіп тұрдық.

– Әр адамның жұмысына деген махаббаты әртүрлі болады. Сіз өз мамандығыңызды қаншалықты жақсы көрдіңіз?

– 1985 жылы қоғамдық көлік жүргізушісінен такси қызметіне ауыстым. «Жолаушы» жол-көлік тасымалдау қызметі жеке көлік берді. Сол темір тұлпармен Түркістан темір жол вокзалынан қала ішіне қатынадым. Астымдағы мемлекеттік көлік болса да, өз меншігімдей қарадым. Кейде жұбайымның менен көлігімді қызғанатын сәттері де болды. Жолаушылардың берген жолақысынан бұрын айтқан алғыстары «қарнымызды» тоқ етті. «Такси» қызметімдегі бірнеше жылда түрлі адамдарды кездестірдім. Білесіздер ғой, «таксистерді» халық арасындағы саясаткерлер деп жатады. Себебі, біз үнемі радио тыңдап, бұқаралық ақпарат құралдары-ның жаңалықтарын алғашқылардың бірі болып ести-тінбіз. Көлікке мінген әрбір жолаушының бас аман-дығы біз үшін үлкен аманат болды. Олардың көңіл-күйіне қарай әртүрлі бағыттағы әңгіме дүкен құра-тынбыз. Осылардың барлығы менің мамандығыма деген махаббатымды арттыра түсті. Сол кезеңдегі жұмысымның жемісі деп білемін, 1997 жылы Рахым Тәңірбергенов мекеме атынан «ГАЗ-24» автокөлігін сыйға тартты. Одан кейін автопарктегі қызметімді тәмамдадым. Бірнеше жыл көліктен түспей, еті үйре-ніп қалған азаматқа үйде отыру қиын екен. Сыйға алған мәшинемді тізгіндеп, жеке такси қызметіне кірісіп кеттім. Содан 2012 жылға дейін қала ішінде жолаушыларды тасымалдаумен айналыстым.

– Әр саланың қызығы мен шыжығы қатар жүретіні анық. Сіздің көлік жүргізушісі қызме-тіңізде қандай есте қаларлық оқиғалар болды?

– Жарты ғасырға жуық еңбек еткен жылдарымда түрлі оқиғаларға тап болдым. Ішінде қызықтысы да, қорқыныштысы да, аяныштысы да болды. Қатты есімде қалғаны мынау: «Қай жылдар екені нақты есімде емес, бірақ жеке такси қызметінде жүрген кезім. Қала ішінен үш жігіт сол кездегі Крупская ауылы, қазіргі Абдулла Үсенов ауылына апаруымыды сұрады. Жолақысына келісіп, мүдделі жерге жеткен соң, жаңағы жігіттер көліктен түсіп мені сабалай жөнелді. Ештеңе түсінбеген күйі басымды бұғып отырып қалдым. Екіншісі қосылып, ай сайын үш мың теңгеден беріп тұруымды талап етті. Ол кезде үш мың теңгенің құны өте жоғары еді. Талаптарына көнбеген соң, «үлкен кісі ғой» деді ма, жібере салды. Үйге қанға малынып келген мені көріп, жұбайымының жүрегі тоқтап қала жаздады. Бірнеше күн үйде ем алып, қайтадан жұмысыма кірісіп кеттім. Қазір сол оқиғаны күліп еске аламыз. Бүгінгі буынның көзі ашық, ондай бұзақылыққа бармайды деп сенемін. Себебі, өзіміз де ұл-қыз өсіріп, немере тәрбиелеп отырмыз.

– Бүгінде темір тұлпарды қайта тізгіндеп, сүйік-ті жұмысыңызға қайтадан кіріскіңіз келмей ме?

Автокөлік тізгінін жарты ғасырға жуық тізгіндеген екенмін. 2012 жылы денсаулығым сыр беріп, көзімнің көруі нашарлап кетті. Сол себепті, рөлге отыруды тоқтаттым. Нашар көретін көзбен көлікке жолаушыларды салып алсам, аманатқа қиянат жасағандай болмаймын ба? Біз үшін ең бастысы – жолаушылардың бас амандығын. Көлікке мінген сәттен бастап олардың өмірі біздің қолымызда. Сол үшін іштегі жұмысқа деген сүйіспеншілік қанша артып тұрса да, өзімді тежеймін. Әрбір адам өз ісіне жауапкершілікпен қарауы керек деп есептеймін. «Жол мұраты – жету» демей ме? Діттеген жеріне жеткенше жолаушының тағдыры жүргізушінің қолында. Сондықтан кейінгі ұрпаққа айтарым, саналы ғұмырында аманатқа қиянат жасамауды көздеуі керек. Біздің саланың өкілдері көлігіне отырған жолаушыны жаратушының аманаты деп түсінуі керек.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрбол НЫШАНБАЙ,

Leave a reply

Ақпарат қорғалған