ТҮРКІСТАНДЫҚ ТАПШЫ МАМАН ИЕСІ

0
49

Психиатрия мен психология термині көптеген адамдарға ұқсас болса да, олар психикалық аурумен ауыратын науқастарды емдеудің екі түрлі әдісі болып табылады. Осы екі терминнің ұқсастығы – психикамен немесе психологпен кез-келген психикалық денсаулығына байланысты проблемалар туындаған кезде кездестіруге болады. Психиатрлар да, психологтар да адамның миын зерттейді және психикалық бұзылуды немесе ауруды емдейді, бірақ олардың арасындағы маңызды айырмашылықтар бар. Психиатрлар – бұл психиатрия деп аталатын медицинаның белгілі бір саласына мамандандырылған және психикалық ауытқулары бар адамдарға күтім мен емдеуді жүзеге асыратын медициналық дәрігерлер. Психиатр дәрігер, ал психолог дәрігер емес. Осындай абзал жандардың бірі әрі бірегейі психиатр – дәрігер Төлеген Сансызбаевқа жолығып, әңгімелестік.

Төлеген Сансызбаев орта мектепті бітірісімен Түркістан қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсіп, 1970 жылы фельдшер мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын Бозбұтақ ауылындағы фельдшерлік амбулаториялық пунктте еңбек етуден бастайды.

Еңбек етіп жүріп, облыстық жүйке аурулар диспансерінде психиатр мамандығы бойынша 2 ай курста оқып келіп, дәрігерлік жұмысын жаңа салада жалғастырады. Осы орайда Төлеген ағаның өзін сөйлетсек:

– 1976 жылы Түркістан қаласында жаңадан ашылған қалалық ауруханаға психиатр дәрігер қызметіне келдім. Сонымен қатар, 1986-1997 жылдары аралығында аурухананың кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін қоса атқардым. Ол тұста осы қалалық ауруханаға қарасты емхана, аурухана, фельдшерлік – амбулаториялық пункттерде 1000- нан аса дәрігерлер қызмет ететін. Осындай салмағы ауыр, жауапкершілігі жоғары жұмысты адал атқардым.

Одан кейінгі жылдары аудандық емханада психиатр дәрігер қызметімді жалғастырып, 2013 жылы зейнеткерлікке шықтым,-дейді Төлеген Сансызбайұлы.

Психиатр мамандығының тапшылығынан әрі үлкен сұранысқа ие болғандығынан болар, зейнеткерлікке шықса да Төлеген аға бүгінде «Ақмарал» ауруханасында психиатр дәрігер қызметін жалғастырып келеді.

Осы тұста көкейдегі сауалдарымызды қойдық.

– Төлеген аға, психиатр дәрігер мамандығы қазіргі таңда тапшы ма? Сіз еңбек еткен жылдары қандай еді?

– 1976-1983 жылдары аралығында қалада психиатр дәрігері болып бір өзім еңбек еттім. Кейін психиатр дәрігер Ахметжан Исмайлов екеуміз көп жылдар бірге қызмет еттік.

Психиатр мамандығы қазіргі таңда да тапшы деп айта аламын. Өйткені дәл қазіргі уақытта қала көлемінде еңбек етіп жатқан психиатр дәрігерлерді айта кетейін. Атап айтсам, психиатр дәрігерлер Ұлықбек Әметов, Абдулла Юсупов, Мұхаметамин Нуруллаев қаладағы аурухана, емханаларда еңбек етуде. Осы мамандардың арасында 2-3 жерде еңбек етіп жатқандары бар.

Психиатр мамандығына келіп жатқан жастар жоқ. Сондықтан, жастарды осы мамандыққа тарту керек деп ойлаймын.

Көктемде және күзде психикалық науқас адамдардың аурулары асқынатынын ел біледі. Біз, психиатр дәрігерлер жүйке ауруымен ауыратындарды емдейміз. Ауруы асқынған науқастарды Шымкент, Кентаудағы жүйке аурулар ауруханасына емдеуге жібереміз.

– Осы психиатр мен психолог мамандығының айырмашылығы бар ма?

– Психиатрия мен психология термині көптеген адамдарға ұқсас болса да, олар психикалық аурумен ауыратын науқастарды емдеудің екі түрлі әдісі болып табылады. Осы екі терминнің ұқсастығы – психикамен немесе психологпен кез-келген психикалық денсаулығына байланысты проблемалар туындаған кезде кездестіруге болады. Психиатрлар да, психологтар да адамның миын зерттейді және психикалық бұзылуды немесе ауруды емдейді, бірақ олардың арасындағы маңызды айырмашылықтар бар.

Психиатрлар – бұл психиатрия деп аталатын медицинаның белгілі бір саласына мамандандырылған және психикалық ауытқулары бар адамдарға күтім мен емдеуді жүзеге асыратын медициналық дәрігерлер. Психиатр дәрігер, ал психолог дәрігер емес. Сондықтан білім деңгейі – осы екеуінің арасындағы ең айқын айырмашылық.

Екінші жағынан, психиатрлар – бұл психологиялық мәселелерді бағалау, диагностикалау, емдеу және алдын-алуға дайындалған дәрігерлер. Психиатр дәрігердің ақыл-кеңесімен мұқтаж пациенттерге дәрі тағайындау тұрғысынан психиатр дәрі бере алады. Ал, психологтар – психотерапия, психологиялық тесттер мен зерттеулер жүргізеді, – деп Төлеген көке психиатрия саласының қыр-сыры туралы айтып өтті.

Төлеген Сансызбаев денсаулық саласында 45 жылдан бері халықтың игілігі жолында абыройлы еңбек етіп келе жатқан ардагер дәрігер. Осынау еңбегі мемлекет тарапынан ескеріліп, 1984 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен, 2017 жылы «Гиппократ» халықаралық медалімен марапатталып, мерейі үстем көрінді.

Төлеген Сансызбайұлы өмірлік қосағы Ақбибі екеуі 5 ұл-қызды өнегелі тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған бақытты қариялар.

Бүгінде Төлеген көке мен Ақбибі апа ұрпақтарынан тараған 9 немерелерінің ортасында бақытты өмір сүруде. Айтпақшы, көкенің Құдай қосқан қосағы Ақбибі апамен отандасқандарына да 50 жыл, яғни жарты ғасыр болыпты. Ендеше, өнегелі отбасының отағасы Төлеген Сансызбайұлын төл мерекесімен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тілей отырып, мерейі арта берсін деген ақ тілектеміз.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған