ТҮРКІСТАНДА «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – МЕМЛЕКЕТ КЕПІЛІ» ФОРУМЫ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Заң мен тәртіп – мемлекет кепілі» атты форум өтті. Форумға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық прокуратура, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, полиция департаменті мен ҚР-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшылары, сондай-ақ жастар мен жергілікті тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров қоғамда заң үстемдігін орнатуға үлес қосу баршаның ортақ міндеті екенін атап өтіп, қауіпсіз ортаны құру бағытындағы жұмыстарды бірлесе жүргізуге шақырды.
Облыс аумағында есірткінің заңсыз айналымына және нашақорлыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Осы жылдың 5 айында 163 дерек анықталып, 199 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 336 дерек анықталған. Интернет арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу бағытында 405 ақпараттық сайт анықталып, бұғатталды. Сондай-ақ, тұрғындардың қаржылық сауаттылығының төмендігі салдарынан осы жылдың 5 айында облыста алаяқтық қылмыстар 33 пайызға, интернет алаяқтық қылмыстар 102 пайызға өскен. Азаматтардың қаржылық сауаттылықтарын арттыру мақсатында оқыту және түсіндіру жұмыстары күшейтілетін болады. Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың мәселесі ерекше бақылауда. Бұл азаматтарға биыл 194 квота белгіленді. Жұмыспен қамту шаралары жалғасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазаның ауыр түрі қабылданды. Нәтижесінде, қылмыс деңгейі 32 пайызға төмендеген. Президент тапсырмасына сәйкес, облыс аумағындағы барлық аудан, қалаларда «Отбасын қолдау орталықтары» ашылды. Орталықтар арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қажетті көмек көрсетіледі.