ТҮРКІСТАНДА ТЕГІН ЖЕР КЕЗЕГІНЕ 36 МЫҢНАН АСА АЗАМАТ ТІРКЕЛГЕН

0
105

Түркістан облысында туып өскен қос сенатор Әлімжан Құртаев пен «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесуді Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жүргізіп отырды.

Нұрбол Әбдісаттарұлының айтуынша, бүгінгі таңда референдумды жүзеге асыру мақсатында облыс құрамында 58, қалада 24 адамы бар штаб жасақталған. Оның құрамына саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ЖОО оқытушылары, этномәдени орталық өкілдері, БАҚ, ең арғысы белсенді блогерлер де енгізіліпті.

Маусымның 5-не өтетін референдум сенаторлармен кездесудің өзегіне айналды. Парламент Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев Конституцияға енгізілетін және елдің саяси өмірі мен биліктің ұшар басында реформалық өзгерістер әкелетін баптарға айрықша тоқталды.

Әлімжан Сейітжанұлының баяндауынша, референдум ойдағыдай өткізілген жағдайда, суперпрезиденттік басқарудан құтыламыз. Президенттің билігі шектеледі. Президенттің туыстары ірі лауазымдарда, квазимемлекеттік алпауыт компанияларда қызмет етпейтін болады. Парламенттік –президенттік басқару орнайды. Саяси жүйе реформаланады. Аудан және ауыл әкімдерін халық сайлайды. Жер мен жер қойнауына халық иелік етеді. Бұрыннан қордаланып қалған жайларды жедел шешуге қаңтар трагедиясы қатты әсер етті.

Осы тұста біз редакция тарапынан өз сұрағымызды қойдық. Қазір республикамызда 2005 жылдан бері халықтың жеке үй салып алуына Конституцияда көрсетілген 10 соттық тегін жер берілмей келеді. Соның салдарынан елімізде ресми емес мәліметтерге қарағанда, тегін жер кезегінде тұрғандардың саны 6 миллионға жақындап қалды. Түркістан қаласының өзінде тегін жер алу кезегінде тұрғандардың саны 36 мыңнан асып кетті. Себебі, берілетін жер аумағында алдымен инфрақұрылымын жасау керек.

Осыдан, халыққа тегін берілетін жердің инфрақұрылымын қай мекеме жасау керек? Бұл ертең референдумға бармақ түгілі, әлеуметтік дүмпуге әкеліп соқтыратын жағдай емес пе? Осы күрделі мәселені оңтайластырып, қалай жеделдетуге болады?, – деген орынды сұрақ туындайды.

Сенатор Әлімжан Құртаевтың айтуынша, елімізде жеке үй салып алу үшін тегін жер кезегінде 560 мың адам тұр. Жер кезегінде жылдап тұрғандар бар. «Алайда, ол жерлердің инженерлік желісі, электр қуаты жеткізіліп, жол салынуы тиіс. Қазір Парламент қабырғасында қаралып жатқан «Тұрғын үй туралы» заң жақында талқылауға түседі. Сол кезде бұл мәселені ескереміз», – дейді халық қалаулысы.

Қазақша айтқанда сырғытпа жауап. Сұмдық ай!

Түркістандықтар сенім артқан, елдің мұң-мұқтажын Парламенттің төрінде жер мәселесіне келгенде 17 жылдан бері қос құлағын тарс бітеп алған Үкіметтің жетесіне арыстандай ақырып жеткізетін сардар сенаторымыз тегін пәтер мен тегін жер кезегінің ара жігін ажырата алмай отырса, бұдан асқан масқара бола ма! Мұны қазақ «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын!», – дейді.

Жақында журналистермен кездесуінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев елімізде қанша адам тегін пәтер кезегінде тұрғанын ашық айтты.

– Биылдан бастап «Отбасы банк» институт ретінде жұмыс істеуге дайын. Ол үшін қолданыстағы заңнамаларға тиісті өзгертулер енгізіліп жатыр. Тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны жыл сайын орта есеппен 50 мыңға өсіп, бүгінгі күні 559 мың адамды құрайды. Отбасы мүшелеріне шаққанда бір ең төменгі күнкөріс мөлшерінен төмен табысы бар кезекте тұрғандар тұрғын үйді субсидиялау тетігі арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, – дейді вице-министр брифингте. «Олардың қатарына көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары жатады. Табысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен жоғары кезекте тұрғандар жаңа тұрғын үйге жеңілдетілген несие алу арқылы тұрғын үй сатып алатын болады», – дейді вице-министр.

2013 жылдың өзінде «КазТАГ» ақпарат көзіне берген сұхбатында Қайырбек Өскенбаев былай дейді.

– Еске салсам, ҚР азаматтары тегін түрде бір рет ЖБҚ үшін 10 соттық жер алуларына болады. Әрине, ондай жер телімдерін алғысы келетіндер саны геометриялық прогрессиямен өсіп келеді. Статистика мәліметтерінше, жыл сайын әкімшіліктерге 100 мыңнан астам өтініш келіп түседі.

Жергілікті атқару органдарының берген ақпаратына сай, егер 2008 жылы кезекте 300 мың азамат тұрған болса, соңғы жылдары олардың саны төрт есеге артып, қазір 1,3 млн адамға жетті. Барлық сұранымдарды қанағаттандыру үшін бас жобада 90 мыңнан астам гектар жер қарастыру керек, ол Қарағанды мен Шымкент сынды ірі қалалардың аумақтарымен бірдей.

Жақында жер алу кезегіне үкіметтік портал арқылы электронды тіркелгенге дейіннің өзінде елімізде 2,5 миллионнан астам адам тегін жер алу кезегіне тіркелген еді. Ал, қазіргі кезде үш миллиондай адам үстіне қосылды. Барлығы шамамен 6 миллион адамға жақындады.

Жер заңнамасы бойынша, ЖБҚ үшін жер телімдері тек дайындалған алаңдарда ғана, яғни, тиісті инфрақұрылымдары (электр желілері, су құбырлары, жолдар, құбырлар, газбен қамтамасыз етілген) бар жерлерде ғана берілетінін айта кетуіміз керек. Сондықтан ЖБҚ үшін жер бөлуде инфрақұрылымдарының жоқтығы, бас жобада ондай жерлер қарастырылмағандығы, кейде инфрақұрылым дайындау үшін қаражаттың жоқтығы сынды қиындықтар туындап отыр. Ал, мұны кім шешуі тиіс?

Бұған өз кезегінде жауап берген қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков шындығында киелі қалада тегін жер кезегінде тұрғандардың саны 36 мыңнан асып кеткендігін жасырмады. Қазіргі таңда арнайы жер бөлініп, оның инфрақұрылымдық жобалық сметалық құжаттары жасалып жатыр екен. Бұл аса көп қаржыны талап ететіндіктен облыстық, республикалық бюджеттен қаржы бөлгізуге тура келеді.

«Жылына үш мыңнан бес мыңға дейін инфрақұрылымы жасалған жерлерді тұрғындарға беріп отыратын болсақ, шамамен бес жылда бұл өзекті мәселе шешімін табатын болады»,-деп түйіндеді қала әкімі.

Күн тәртібіндегі референдум мәселесі бойынша сөз алған Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, ХҚТУ университетінің профессоры Досай Кенжетай ел тағдыры шешілгелі тұрған референдумға жұртшылық өкілдерін белсенді қатысуға шақырды.

Біздің көкейімізде түйткіл болып тұрған нәрсе – ол Түркістан қаласының өзінде үйсіз-күйсіз жүргендердің саны белгісіз. Пәтер кезегінде тұрғандар – 14 мың, тегін жер алу кезегінде тұрғандар саны -36 мың адам. Шет-шегі көрінбейтін ширетте жылдап тұрған, жүйкесі жұқарған жандардың референдумға барып, дауыс беруі қиын-ау.

Оның сыртында республикамыздағы ең арзан қаламыз Түркістанда барлық азық-түлік бағалары күн санап шарықтап барады. Облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі кәсіпкер Ғабиден Қапалбаевтан «бағаны тұрақтандыратын «Тұрақтандыру қоры қайда қарап отыр?», – деп сұрағанымызда «Ондай мекеменің аты бар да, заты жоқ. Бағаны тұрақтандыру бойынша түк те тындырмай отыр», – деп жауап берді. Осыған орай, айлығы шайлығына жетпей, қайыршылықтың күнін көріп отырған қарапайым халық референдум күні, сайлауға бармақ түгілі, көшеге шығып кетпесін деңіз.

Сондықтан, сенаторлар мен референдумды ұйымдастыру штабының мүшелері елдің әлеуметтік тұрмысы төмен бөлігіне барынша шынайы түсіндіру жұмыстарына баса көңіл бөлмесе, әлеуметтік шиеленістің шеті осы үш тұстан шығып кетпесін деңіз. Шерханша айтқанда, «ашыққан бүркіт иесіне шабады». Абай болайық, ағайын!

Ескендір ЕРТАЙ.

P.S. Қазақстан жер көлемі жөнінен дүние жүзінде тоғызыншы орын алатын мемлекет. Сондықтан Қазақстанда жер ресурстарының орасан қоры бар. Жер ресурстарына ауыл шаруашылығына жарамды жерлер, жайылымдар, шабындықтар, т.б жатады.

Қазақстандағы жалпы жер қорының көлемі 270,1 млн га-ды құрайды.

Жер ресурстарына ауыл шаруашылығына жарамды жерлер, жайылымдар, шабындықтар, т.б жатады. Қазақстан жыртылған жер көлемі жөнінен жер шарында алтыншы орын алады. Қазақстандағы жыртылған жер қорының мөлшері 36 млн га. Қазақстан жер қорына өте бай елдердің бірі.

Қазақстанның әрбір тұрғынына 15 га ауыл шаруашылығы жерінен және 2 га жыртылған жерден келеді.

Leave a reply