Түркістанның көрегенді ұстаздары

0
59

Ұстаз болу — көреген болу деген сөз. Біз шәкірттерді өзімізді өсірген әлем үшін оқытпаймыз, тіпті қазіргі әлем үшін де емес – біз оларды өзіміз келешекте өмір сүретін болашақ үшін, тіпті қазір елестете алмайтын болашақ үшін оқытамыз», — деп Гордон Браун айтқандай, мектептің дамуы — ең алдымен, оқыту, тәрбиелеу және басқару жүйелеріндегі сапалық өзгерістер процесінен басталады. Яғни мұндай өзгерістер нәтижесінде мектеп білім беруде жоғары нәтижелерге қол жеткізе алады.

Бүгінде әрбір мектеп басшысы арнайы өтуге тисті «Инновациялық менеджмент» курсының негізгі түйіні мектепті басқаруды, көшбасшылықтың дамуын және мектеп мәдениетінің жақсаруы үшін мектеп басшысы функционалдық міндеттеріне сәйкес менеджер, көшбасшы, басшы, кеңесші, тәлімгер, коуч, фасилитатор, модератор бола білуі қажет екендігін айқындайды. Заман талабына сай көшбасшының алты қасиеті әрбір басшының бойынан табылған кезде жұмыс жемісті болары сөзсіз.

Биылғы оқу жылында оқыған «Мектепті басқарудағы инновациялық менеджмент» бағдарламасы бойынша курстан өттім. Өзім оқып танысқан курстың құрылымы мен мазмұнын төмендегідей төрт іске балағым келіп отыр. Алдымен, инновациялық, стратегиялық және жобалық менеджмент негізінде мектептің дамуын перспективалық жоспарлауды құмда қазылған құдыққа, яғни жіті, жүйелі, жаңаша форматтағы жобалармен жоспарлау деп, екінші мектепішілік бақылау және мониторинг негізінде білім беру үдерісінің сапасын басқаруды жол жағасына отырғызылған мәуелі ағашқа, бұнда білім беру үдерісіндегі сапа мәуелі ағаштың жемісі іспетті болса, үшінші желілік қауымдастық, әлеуметтік серіктестік және педагогтердің әлеуетін арттыруды, өзенге салынған көпірге, қауымдастық, әріптестік, серіктестік арқылы алтын көпірмен өзара тәжірибе алмасып оны жетілдіруге, төртінші мектеп директорының жеке және кәсіби өзін-өзі дамытуы және өзін-өзі басқаруын ұлағатты ұстаздан білім алған шәкіртке яғни бағдарлама ресурсымен, курсымен, материалдарымен, идеясымен толық танысуына балағым келді.

Осы төрт қасиеттей көрінетін төрт іс бір басшының бойынан табылып, бір басшының ісінен орын алған жағдайда нағыз көшбасшы, нағыз табысты менеджер болып абыройлы істерге бастары белгілі. Осы орайда мектепке өзгеріс енгізуге бағытталған әртүрлі бағыттағы жобаларды жоспарлап, ендірдік. Мектеп миссиясы мен мәдениетін қалыптастыру және оқушылардың шығармашылығын дамыту, кітап оқуға деген құштарлығын арттыру мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасын, сонымен қатар шәкірті үшін ұстазының айтары мен үлгі боларлық әр ісі мен ізденісі де маңызды деп педагогтар арасында «30 kitap» жобасын ендірдік. Нәтижесі де көңіл қуантып, ауыз толтырарлық болды. Республикалық деңгейдегі ұйымдастырылған «Оқуға құштар ұлт» жобасы аясында « Ең көп кітап оқитын мектеп» номинациясы мен арнайы жүлдесі 30 кітапты жеңіп алдық. Мектеп көшбасшылығын дамыту жолында «Сәрсенбінің сәтінде» атты мектеп әкімшілігінің жобасын ендірдік. Бұл жоба арқылы жас мамандар мен педагогтарға мектеп әкімшілігімен түрлі бағыт бойынша әдістемелік көмек көрсететін іс-шаралар жоспарлап өткіздік. Жоба едәуір әсер етіп, сең қозғалғандай серпіліс берді. Адамгершілік пен имандылыққа, мәдениеттілікке баулитын жобаларды ендіріп, құндылыққа негізделген білім беруді жүзеге асыру мақсатында жаңа жобалар енгізу арқылы оқу процесін оңтайландыруды жолға қоюды мақсат еттік. Қазіргі заманғы көшбасшылықты Джим Коллинз және оның 22 ғалымнан тұратын тобымен көрсеткен «Бесінші деңгейдегі көшбасшылық» деп атаған маңызды көшбасшылыққа жетуді «4 К» командалық тобын құрумен бастағанды жөн көрдім. Бұл команданы құрудағы басты ой коммуникация, ынтымақтастық, әріптестік, креативтілік, сын тұрғысынан ойлау бағыттары бойынша жаңа жобалар байқауын өткізіп, ұсыныстарын тыңдап, сол жобаларды осы төрт топқа топтастыра отырып жүйелеу болды. Мектеп басшысы көшбасшылықтың бес иерархиялық деңгейіне сай болуы тиіс. Ең алдымен, біріншіден өте қабілетті қызметкер болу шарт , ұсыныс пен тың идеяларды басшы өзі ұсынуы керек. Екінші команданың белсенді мүшесі болу да маңызды, үшінші — құзіретті менеджер болу міндетті яғни кәсіби құзіреттілігін дамытатын курстар мен тренинг, семинарларға қатысу, төртінші — тиімді басшы болу үшін жан-жақты өте пайдалы, нәтижелі жобаларды саралап, таңдай білу, бесінші — басшы үздік ұйым құрушы болуы тиіс. Білім беру үдерісіне инновацияны ендіруді көздейтін бірнеше рухани құндылыққа негізделген жобалар : қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің «Ақылды бейсенбі», ізгілікті пән бірлестігінің «Тәлім сәті» мен «25 ән мен 25 күй» , денешынықтыру мен химия-биология пән бірлестіктерінің «Жұмадағы жүздесу» жобалары болса, жобасы. «Туған өлке тарихы» бағыты бойынша тарих және география пән бірлестігінің «Түркістандық танымал тұлғалар» мен «Түркістан киелі мекен» жобалары да жүзеге асты. Ал «Көп тіл білсең, әлемге ашық терезең» бағыты бойынша оқушылардың тілдік дағдысын қалыптастыру мақсатындағы орыс тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің «Реч как меч» пен ағылшын тілінде ақпаратты түсінуге үйрету үшін ағылшын тілі бірлестігінің «Endlisn speaking club» жобалары, «Білімнің биік шыңына, шығайық бірге шыңдала» бағыты бойынша ертегілер оқытуға шақыратын бастауыш сынып бірлестігінің 1-2-сыныптармен — «Заманауи ертегілер – Modern fables», оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жолындағы бастауыш сынып бірлестігінің 3-4 сыныптармен — «EQ+IQ=M», математика пәні бойынша оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жолында математика пән бірлестігінің «IQ – DODA», физика-информатика пән бірлестігінің «TALAP» жобалары, «Шебердің қолы, шешеннің сөзі ортақ» айдары бойынша «Ұшқыр ой алаңы» дебат пен «Жүректен жүрекке» жобалары қолға алынып, жүзеге асты. Дебат – зияткерлік рөлдік ойын, бұл өзінде бар білімді қолдану біліктілігін қалыптастырады, функционалдық сауаттылығын дамытады және оқушының болашақтағы өзін-өзі жетілдіруінің кепілі болатын нағыз білім беру технологиясы. «Ұшқыр ой алаңы» оқушылардың дебаттық қозғалысы» жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасын іске асыру білім алушылардың командада жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруға, қарама-қарсы пікірге құрметпен қарауға, өз көзқарастары мен пікірлерін белсенді қорғауға үйретуге мүмкіндік береді. Пікірсайыс қозғалысының мақсаты-қоғамда орын алған проблемаларды жария талқылау және талдау арқылы білім алушылардың әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру.

Пікірсайыс қозғалысының міндеттері: білім алушылардың құқықтық мәдениетін, азаматтық белсенділігін, жауапкершілігін, шығармашылық және сыни ойлау, даулы жағдайларды дипломатиялық жолмен шешу қабілетін қалыптастыру; мәдени-танымдық және ағартушылық қызметтің инновациялық модельдері мен технологияларын пайдалана отырып, еліміздің әрбір өңірінде әрбір білім беру ұйымында, клубтарда пікірсайыс орталықтарын құру. Пікірсайыс қозғалысына қатысушылар ашықтық, жүйелілік, еріктілік, ізгілендіру, қолжетімділік, адалдық және әріптестерді құрметтеу қағидаттарын басшылыққа алады. Тәрбие үдерісіне инновацияны ендіру мақсатында, бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін — «Pаrasat» ата- аналар жобасын, — «Аshyq esik» күнін, — «Парасат» аталар мектебін, «Зере» әжелер мектебін, «Бәйтерек» әкелер мектебін, «Гауһар» аналар мектебін, «Қамқор» ағалар мектебін, «Сырлы» жеңгелер мектебін құрып, жұмыстарын жүргізіп келеміз.

Сол жобалардың бір айғағы «Шуағын шашқан әжелер» сайысы немере мен әже қарым-қатынасындағы ерекшелікті көрсеткен керемет нәтижелі сайыстардың бірі болды. «MEIIRIM WUAGY»мектеп қамқоршылық кеңесімен бірлесе өткізген жобамыз. Білім алушыларды тәрбиелеудің негізгі идеясы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар . Бұл аталған жобалардың негізгі бағыттары өзара қарым-қатынас пен әлеуметтік әріптестік арқылы білім алушылардың оқу құзыреттілігін, оқу мәдениеті мен оқу белсенділігін арттыруды, оқу сауаттылығы бойынша халықаралық зерттеулерге қатысуын жалғастыруды, оқырмандар қауымдастығын қалыптастыруды, іс-шараларға ата-аналарды қатыстыруды көздейді. Осы жоғарыда аталған жобаларға жетекшілік жасап, белсенділік танытып жүрген ұстаздарды да атап өткім келеді. Олар: оқу ісі жөніндегі орынбасарлары — М.Алтыбаева мен Ж.Рыспанбетова, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары — А.Нұржанова мен М.Байбатшаева, бейіндік істер жөніндегі орынбасары – Н.Сманова, педагог психологтар – Р.Бекжігітова мен Н.Әбсеметова, ұйымдастырушы педагог Н.Момбекова, ҚББП-ы Г.Шаңлақова, Ж.Жарылқапова, Қ.Жұмабаев, Д.Әминов сонымен қатар бірлестік жетекшілері мен пән мұғалімдері: А.Ибрагимова, Ғ.Елбасы, Ж.Батыршаева, Б.Әшімханова, А,Әмірбек, А.Мырзаханова, Қ.Тоқмырзаев, Ж.Бижанова, А.Қалдыбаева, Д.Ештаева, О.Джаппарбеков Е.Оразбековтер. Сонымен қатар, мектебіміздің білім алушыларына бір жыл бұрын ғана атауы берілген Қазыбек би бабамыздың жыр — толғауларын, нақыл сөздерін жаттатып, бойларына сіңірте отырып, ең асыл құндылықтары білімі мен білігі кітаптай терең, талабы мен таланты тұлпардай жүйрік, зейіні мен зердесі тазыдай алғыр, қиялы мен қарқыны қырандай ұшқыр, саулығы мен сауаты мылтықтай мықты, достығы мен дәстүрі қақпандай берік, тілі мен тілегі қылыштай өткір болуына жол ашуды басты мақсаттарымыздың бірі етіп алып отырмыз. Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ендеше осы қазынамыз ортаймасын.

«Білімдіден не пайда, білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда, қайырымы қайтпаса» деген екен А.Байтұрсынов. Сондықтан үнемі кәсіби біліктілігін артып, жаңашылдыққа ұмтылған педагог қана шығармашылықпен, зор қуатпен еңбектенеді. Себебі, әлем таныған елде рухани бай және интеллектуалды тұлғалар мекендеу қажет.

«Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу», — деген Әл-Фарабидің сөзіне жүгінетін болсақ, ел ертеңі білімді ұрпақпен ғана өлшенбек. Ендеше еліміздің еңсесін тік ұстайтын жаңа Қазақстанның жаңа буынындағы білімді шәкірттерді шыңдауда еңбек етуден аянбайық!

Leave a reply

Ақпарат қорғалған