ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ҚАЛА КҮНІНЕ ОРАЙ ОРТАЛЫҚ КӨШЕЛЕРГЕ ГАЗ БЕРІЛДІ
Арыста жыл сайын қала күні мен теміржолшылар мерекесі салтанатты түрде атап өтіледі. Биыл Арыстың қала статусын алғанына 68 жыл және еліміздегі болат жолдың шешуші учаскелерінің бірі саналатын Арыс теміржол торабының іргетасы төселгеніне 120 жыл толып отыр.
Айта кетейік, қазіргі таңда ел аузында «екінші Арыс» аталып кеткен қала орталығының бір бөлігі газға қосылуға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, Төле би көшесінен бастап, Ақынбековқа дейін; З.Тойбековадан бастап Т.Тәжібаевқа дейінгі аумақтағы үйлер газға қосылады деп жоспарлануда.
Мерейлі мерекеде қала орталығындағы көшелер көгілдір отынға қосылды. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл және зиялық қауым өкілдері шаһар орталығында тұратын, алғашқылардың бірі болып газға қосылған М.Жұмабаев көшесінің тұрғындары Орынбетовтер әулетін арнайы құттықтап барды. Әкім бұл қадамның қала тұрғындары үшін аса маңызды екенін атап өтті және газбен қамтамасыз ету жұмыстарының әрі қарай да жалғасатынын жеткізді.
Сондай-ақ орталықтағы басқа да көшелер мен мекемелерді газға қосу жұмыстары қолға алынбақ, ол үшін тұрғындар тиісті мекемемен келісім шарт түзіп, монтаждау жұмыстарын жүргізіп, газға қосылуға дайын отырулары маңызды.