Четверг, 19 сентября

ТҮРКІСТАН: АУЫЛ АМАНАТЫ ЖОБАСЫ ӨҢІРДЕ ТОЛЫҚТАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

0
15

Биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы толықтай іске қосылады. Өңірге республикалық бюджеттен 11 млрд.теңге қарастырылған. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысына қосымша 14 млрд.тг бөлу мәселесі қарастырылуда. Пилоттық жобаға қатысатын 32 ауылдық округте тұратын мыңдаған адам үйін кепілге қойып, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ала алады. Орташа несие көлемі — 5 млн.теңге.

Еске салсақ, «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.
Жан-жақты зерделенген жобада жеңілдіктер де жоқ емес. Мәселен, ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі — 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі. Несиенің ең жоғары соммасы қолданыстағы заңнама бойынша анықталады.
Жобаға қызығушылық танытқан ауыл тұрғындары толық ақпаратты аудандық «Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына» жүгініп, нақтылай алады.

Жобаны тиімді жүргізу үшін өңірде жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық беріледі. Үміткерлер қатысатын ауылдық округтерде 44 кооператив бекітіліп, әлеуетті несие алушылардың тізімі жасақталды. Қазіргі таңда, несие қаржысын таратушы әрі сенім білдірген өкіл ретінде «Түркістан ӘКК» АҚ тиісті шараларды атқаруда.
Еске салсақ, облыстық барлық ауылдық округтерінде скринингтер жасалып, тұрғындар сауалнамаға қатысты. Жалпы жоба аясында 2200 (орта несие қаражаты көлемі 5,0 млн. теңге) бірлікке жуық микрокредиттер беріледі. Нәтижесінде бағдарлама аясында 2 300 жаңа жұмыс орны құрылып, өңірдегі атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы санын төмендету көзделген.
Қазіргі таңда пилоттық жобаға қатысатын қосымша екі ауылды аудан әкімімен бекітіп, салалық басқарма мен «Түркістан ӘКК» және «Ырыс» МҚҰ өкілдерімен алдын ала жоспарланған жобаларды келісу жұмыстары жүргізілуде.

Аудан әкімнің орынбасарлары таңдалған ауылдық округтер бойынша толық талдау нәтижелерін, ұсынылатын басым бағыттарын, әлеуетті несие алушылар саны, ауылдық округ тұрғындарының бейім кәсіптері туралы толыққанды мәлімет ұсынды. Жиын қорытындысында аудан әкімдіктері ұсынған ауылдық округтер пилоттық жобаға қосымша қатысатын болып келісілді.
Айта кетейік, 18 сәуірден бастап несие құжаттар қабылдау басталып, бүгінге дейін 847 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 459 өтінімнің 2,8 млрд. теңгелік құжаттары қаралу сатысында болса, несие комитетімен 1,1 млрд. теңгенің 248 құжаты мақұлданды.

Leave a reply