Понедельник, 3 марта

ТҮРКІСТАН: ДӘСТҮР МЕН САЛТ НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?

0
23
Әрбір халықтың ұлттық тілі, діні, салт-дәстүрі мен ғұрпы болады. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Қаншама ғасыр, қаншама кезең өтсе де қазақ халқы өз дінін, тілін, дәстүрін, мәдениетін ұмытпаған. Өкінішке орай бүгін де көптеген жастар діни түсініктің дұрыс қалыптаспауынан дәстүрді, әдет-ғұрыпты ислам дініне қайшы келеді деп мойындамайтын жағдайлар кездеседі. Қазақтың халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарының ислам дінімен байланысы жан-жақты зерттелген. Яғни, дәстүрлі қазақ қоғамындағы шариғат нормаларының көріністері, қазақ халқындағы әдет-ғұрып, салт-дәстүр терминдерінің шариғи ұғым екендігі туралы көптеген мәселелер қозғалып, қарастырылған. Шын мәнінде қазақтың салт-дәстүрімен ислам дінінің шариғат үкімдері бір-бірімен тығыз байланыста болғанын ескере отырып, қазіргі қоғамымызда екеуін бөле-жарып қарауға болмайды. Сол себепті, қарастырып отырған ғұрып, әдет, салт-дәстүр сөздерінің терминдік мағынасын аша кеткен жөн. Асылында, қазақ тіліндегі ғұрып, әдет сөздерінің түпкі мағынасы шариғат термині. Мұның өзі халқымыздың шариғатпен сонау ықылым замандардан таныс болғандығын білдіреді. Қазақтың ғұрып сөзі «العرف» – сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншілікті болған әдеттегі іс-әрекеттер үрдіс деген мағыналарды білдіреді. «العرف» – сөзінің шариғаттағы анықтамасы мынадай. Ол – ақыл-ойдын, логиканың құптауымен, көңілдерге орныққан адам табиғаты қабыл алатын нәрселер. Әдет – сөзі арабтың «العادة» – сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталағандықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді. Әдетте, әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір. Кейбір шариғи кітаптарда ғұрып сөзі қолданылса, ал кейбіреулері әдет сөзіне басымдылық берген. Ислам ғұламалары әдет-ғұрыпты екіге бөліп қарастырады. Сахих – дұрыс әдет-ғұрып және фасид – бұрыс әдет-ғұрып. Сахих яғни, дұрыс әдет-ғұрып құран және сүннетке теріс болмаған. Яғни, Исламда халал болған істі харам етпейтін, харам болғанды халал етпейді. Фасид яғни, бұрыс әдет-ғұрып құран мен сүннетке қайшы болған әдет-ғұрып. Көпшілік ғалымдар әдет-ғұрыптарды мойындамаған. Яғни, шариғаттың ережелеріне қайшы келген халалды харам еткен және харамды халал еткен әдет-ғұрып. Әдет-ғұрып ежелден қалыптасып қоғамда қолданылып жүрген қағида-ережелер болып жазылмаған бірақ қоғам мүшелері екі етпей орындауға міндетті болып есептеледі. Дәстүр сөзі де арабша «دستور» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалынатын ереже заң дегенді білдіреді. Ал латынша дәстүр сөзі «традитию» – жалғастыру деген мағынаны білдіреді. Тарихи қалыптасқан қоғам үшін ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибиесінің жалғастылығы жиынтығы мәдени мұрасы болып есептелінеді. Дәстүр несімен құнды ? Дәстүр шектен шығармайды. Дәстүр тұрақтылықты қалыптастырады, тұрақты қағидаларға, тұрақты нормаларға сәйкес, тұрақты мінездер қалыптасады, нақтырақ айтқанда ұлт-мінезін қалыптастырады. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы: той, наурыз, қыз-ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата-салт болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Бір халық өзінің дінінен қол үзгенде, дінінің болмысы сол халықтың салт-дәстүрінде сақталады. Қазақ халқы басқа түркі тілдес халықтар сияқты 20-ғасырдың бас кезінде кеңес үкіметтің озбыр саясатының құрбаны болды. Сол дәуірде халқымыздың діні, тілі, сана-сезімі, дәстүрі отарланды. Халқымыз көп мехнат (азап) шексе де асыл дініміз дін қастерлі өзектері салт-дәстүрдің аясында сақталды. Кеңес үкіметі дін мен дәстүрді «архаизмдік» артта қалушылық деп есептеді. Заман талаптарының прогрессивті идеяларына жауап бермейді деп тұмшалаған. Атеистік саясаты нәтижесінде халқымыздың бір сыпыра бөлігі мәңгүрттік дін шырмауына түсті. Сол кезеңдерде діннің ішкі өзегінен айырылып, тек сыртқы формасы ғана қалған еді. Ислам діні ұлты­мыз­дың басты рухани негізі, ата-баба­ларымыздың ұстанған, қас­тер тұтқан жолы. Әлмисақтан мұсылман болған халқымыз әркез діні мен дәстүрін қадірлеп, ғасырдан ғасырға осы екі қасиетті ұғымды ұштастыра білу арқылы Құдайға деген құлшылығын жасап, дархан мінезінен таймай, ұрпағын ізгілікке тәрбиелеп келген. Өмірлік тұрмысымызға айналған дәстүрлеріміздің көбі асыл дінімізден бастау алған. Осылайша асыл дініміз қазақ халқының рухани дүниесін қанағаттандырып қана қоймай, халқымыздың танымы, мәдениетімен біте қайнасып кеткен. Қазақ халқының мұсылмандық діни түсінігі, шешендік сөздері, діни-дастандары, мақал-мәтелдері, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінің мазмұнына да көз жүгіртсек, әрине, аят-хадистерге барып тірелетініне және рухани құндылықтарымен негізделуіне куә боламыз. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы бір сөзінде былай деген екен: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған». Шынымен де «Алла атымен бастадым сөз әлібін, жарылқаған, жаратқан, бір тәңірім», – деп сөз бастаған Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни бабамыз бастап, бергі сөз бастаған жырау, шешендеріміздің ешқайсысының аузынан Алласы түспеген. Абай Хәкімнің: «Алланың, Пайғамбардың жолындамыз, ынтамызды бұзбастық иманымыз», – деуінің өзі қазақ халқының қандай жолды ұстанғандығын анық көрсетуде. Тарихи жәдігерлерден, Алаш даласын зерттеген шетелдіктердің еңбектерінде қазақ халқының мұсылманшылықты жақсы ұстағандығы жайында айтылады. Соның бірі 1879 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Народы России» деген еңбектің қазақтарға арналған шығарылымында дала халқының күні құлшылықпен басталатындығы туралы мынадай қызықты мағлұматтар келтірілген. «Қырғыздардың (қазақтардың – ауд.) күні таң атқаннан басталады. Таң жарығы шығар-шықпастан молда немесе ерте тұрған бір адам даусын созып азан айтады. Сол сәтте бүкіл киіз үйлердің есіктері ашылады. Оянған жандар дәрет алу үшін суға барады. Дәрет алған соң алғашқы намаз үйде немесе үй сыртында оқылады. Әйелдер жағы бұл кезде төсектерін жинап, от жағып, таңғы астың қамына кіріседі. Таңғы астан кейін үй иесі қолдарын жуып, «Аллаһу әкбар» деп сақалын сипайды. Сосын әрқайсысы өз тіршілігіне кіріседі». Асыл дініміздегі дін мен дәстүрдің сабақтастығын ұғынуымыз үшін мына жайттарды білуіміз аса маңызды: Әрбір халықтың әдет-ғұрпы бар. Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар. Мұндай алуан түрлілік Алла Тағаланың хикметі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресі,13-аятында: يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنْثَىٰ وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا ۚ إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ «Әй, адам баласы! Шүбәсыз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп айтқан. Демек, Құдай Тағала адамзатты түрлі ұлттарға бір-бірлерін танулары үшін бөлген. Бір-бірін тануы арқылы олар өздерін таниды, ал өздерін танулары арқылы Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі қаншама миллиондаған адамдардың түбі бір, барлығы Адам атадан тарайды. Мұсылман үмбетінің өзі неше түрлі ұлт пен ұлыстардан құралған. Енді осы мұсылман халықтарының әрбірінің тұрған жеріне, аймағына қарай өзіне тән нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктері, мәдениеті бар. Мысалы халқымыздағы мынадай дәстүрлерді ерекше атап кетуімізге болады:
  • Азан шақырып ат қою. Қазақ халқы шыр етіп жарық дүние есігін ашқан сәбиге азан шақырып ат қояды. Бұндайда баланың басын құбылаға қаратып, оң құлағына азап айтып, ата-анасы таңдап қойған есімді «мұның аты пәленше…» немесе «сенің атың пәленше…» деп үш қайтара айтатын болған. Осыған байланысты халқымыздың тілінде «азан шақырып қойған аты» деген тіркес кең тараған. Бұл іс ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы. Шариғат бойынша нәрестенің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылады.
Атеистік идеология халқымызды коммунистік құлымның бір бөлшегі еткісі келген. Алайда, озбырлық пен қатыгездікке құрылған ешбір мемлекет ұзаққа бармасын біз тарихтан білеміз. Осының негізінде, кеңес үкіметі де 74 жылдық зұлмат саясатынан соң өзінің ақырына жетті. Бір қынжылтатыны халқымыздын руханиятына жауап берген, Зоһири және Батыни ілімдердің тұтқасын ұстаған қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан ахун-ишан мектептері жабылып қалды. Бірақ кеңестік зұлмат саясаттың себебінен ол мектептер жабылса да ислам дінінің тәрбиелік және сенім тетіктері халқымыздың жыр, шежіре, мақал-мәтел, әдет-ғұрыпында біте қайнап қаймағы бұзылмай осы уақытқа дейін сақталып келеді.

Leave a reply