ТҮРКІСТАН: ЕКІ ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
111

Түркістан облысына инвестиция тарту мақсатында ауқымды жобалар іске асырылуда. Олардың бірі – «Өгем өзенінде су электр станциялары каскады». Бұл жоба бойынша облысқа 293,3 млрд. теңге жеке инвестиция тартылатын болады. Жобаның болжамды құны 722,8 млрд. теңгені құрайды. Құрылыс 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады. Нәтижесінде 110 млн.м3 таза су алынып, Түркістан облысының оңтүстігіндегі 1 млн. халқын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешіледі. Жоба бойынша мәселелерді талқылау үшін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Саутс-Ойл» ЖШС-нің президенті Серікжан Сейітжанов пен «Power China» корпорациясының бас өкілі Ксяолинь Янмен кездесті.
Басқосуда жаңа жобаның құрылысына қажетті жарықпен қамтамасыз ету және жол мәселесі талқыланды. Облыс басшысы инвестициялық климатқа оң ықпал еткен ірі компания басшыларына мемлекет тарапынан жан-жақты көмектің көрсетілетінін жеткізді. Облыстың экономикасын дамытуға бағытталған жоба аясында инфрақұрылым дамиды. Жұмыс орны ашылады.
– Біз үшін бұл инвестициялық жобалар өте маңызды. Өңірде кәсіпорындар ашып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріліп отыр. Әкімдік тарапынан толық қолдау көрсетіледі. Инвестициялық жобаларды өз деңгейінде жүзеге асыруға бар күшімізді саламыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар отырыста «Састөбе инновациялық кешені» жобасы бойынша ортақ мәселелер талданды. Бұл бағытта электр жарығымен қамту жүйесінің құрылысын тездету мәселесі көтерілді. «Састөбе» химиялық кешені – біргей жоба. Бүгінде Қазақстанда оған ұқсас зауыт жоқ. Аталған жобаны іске асыру Қазақстандағы химия саласын дамытуға зор серпін береді. Зауытта химия өнімдері, каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, цемент өндіру ісі қолға алынады. Жоба құны – 136,6 млрд.теңге. 2024 жылдың екінші жартысында ашылатын өндіріс орнында 1000 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Leave a reply