ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДЫҚ КӨПБАЛАЛЫ ӘКЕ ЭКОАКЦИЯ АЯСЫНДА БАЛАБАҚШАҒА 200 ТАЛ КӨШЕТІН СЫЙҒА ТАРТТЫ
Мақтаарал ауданының тұрғыны Қанат Иманүсенов қызы тәрбиеленетін Мырзакент кентіндегі «Шолпан» бөбекжай балабақшасына 200 түп ағаш көшеттерін сыйға тартты. Бүгінде көпбалалы әке балабақша ұжымымен бірге көшеттерді отырғызып, аумақтың жасыл желекке айналуына өз септігін тигізді.
Балабақшаның тәрбиеленушісі Айым Қанатқызы да әкесіне ағаш отырғызуға көмек берді. Егілген көшеттердің ішінде қарағаш, лигуструм, катальпа, сирия розасы сияқты ағаш көшеттерінің түрлері бар. Ардақты әке ағаштарды отырғызып қана қоймай, оның күтіп-баптау жұмыстарын да қолға алатынын жеткізді.
«Жұтып жатқан ауамыздың таза болып, өмір сүретін аумағымызды шаңнан қорғауда жасыл желектің пайдасы орасан зор. Өзім тұратын үйде, елдімекеннің аумағында үнемі көршілерімді, тұрғындарды ұйымдастырып, ағаш егу жұмыстарын жыл сайын жүргіземіз. Бүгін екінші қызым тәрбиеленетін балабақшада тал егу жұмыстарына ұйытқы болдым. Әрине кез келген әке баласының таза, абаттанған жерде жүргенін, өмір сүргенін қалайды» – деді көпбалалы әке.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталғалы Мақтаарал ауданының тұрғындары тазалық жұмыстарын қолға алып, ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын белсенді жүргізуде.
Қоршаған ортаның тазалығын сақтау үшін, адамның, оның моральдық, этикалық дағдыларын өзгертіп, табиғат пен адам арасында жаңа көзқарас қалыптастыру қажет. Ол үшін Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қолға алынған. «Халқымызда табиғат деген сөз туған жер, атамекен ұғымдарымен қатар тұрады. Ата-бабаларымыз ежелден табиғат алдында өзін жауапты, барлық жануарды киелі санап, қоршаған ортасын, өзен, көл жағалауларын таза ұстап, бұлақ көрсе көзін ашып, жастайынан балаларының санасына сіңіріп, бойларын жақсылыққа үйреткен. Дегенмен, бүгінгі буынның бойларында мұндай тазалыққа бейім қасиеттер табыла бермейді.