Thursday, November 21

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 29 ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛАДЫ

0
121

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Атап айтсақ, 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп; 1500 орындық 4 мектеп, 2000 орындық 2 мектеп салынуда. 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелер «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы арқылы анықталған. Аталған 29 мектептің 19-ы биыл қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.
Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы мектептердің құрылысын сапалы жүргізу, білікті педагогтармен қамту мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жүйелі атқаруды тапсырды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептерге жергілікті өндірушілердің жиһаздары қолданылуы керектігін ескертті. Сонымен бірге мектептерді білікті кадрлармен қамтуды міндеттеді.
– «Жайлы мектептер» толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылуы тиіс. Мектеп құрылыстарына апта сайын мониторинг жасауды тапсырамын. Екіншіден, мектептерді жабдықтауға жергілікті жиһаз зауыттарының өнімдері қолданылсын. Осы мәселені реттеңіздер. Ең бастысы, ол мектептерді білікті ұстаздармен, іскер директорлармен қамту жұмысын назарда ұстаңыздар. Қазірден кадрлар жасақталуы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облысының құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев пен білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетовтың осы бағыттардағы есептері тыңдалды
Қазіргі таңда, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту үшін «Қазақтелеком» АҚ мен «Транстелеком» АҚ операторларымен техникалық шарттары алынды. Жоспарлы жұмыс 2024 жылғы 1 тамызға дейін толық іске асырылады. Ал 2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің құрылысын іске асыру жоспарына сәйкес, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету 2025 жылғы 1 тамызға жоспарланған.
Тиісті ұсыныстар беріліп, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті ұстап тұруға, яғни, қосымша ашылатын штат бірліктеріне айлық жалақы, коммуналдық қызмет төлемдері үшін қажетті жобамен 2,9 млрд. теңге қаржыға қолдау білдірілді. Аталған қаржы биыл қыркүйек айында бөлінбек.
Сондай-ақ «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде.
Жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде Binom School мектептер желісінің тәжірибесі ескеріледі.

Leave a reply